Accessibility links

Жедел жәрдемде дау шықты


Қалалық жедел жәрдем станциясының дәрігері Гүлнар Әбілбекова. Алматы, 19 қараша 2014 жыл.

Қалалық жедел жәрдем станциясының дәрігері Гүлнар Әбілбекова. Алматы, 19 қараша 2014 жыл.

Алматыдағы жедел жәрдем станциясының қызметкерлері басшыларынан қысым көргендерін айтып шағымданды. Ал мекеме басшысы олардың сөзін жоққа шығарды.

Алматыдағы медициналық жедел жәрдем станциясының дәрігері, 40 жылдық тәжірибесі бар екенін айтқан Гүлнар Әбілбекова мекемесінде кәсіби дағдарыс орнай бастағанын мәлімдеді.

­- Соңғы бір жылда бір ғана аралық станциядан 70-ке жуық қызметкер жұмыстан босатылған. Мұның себебі - бас дәрігер Біржан Оспанов басшылық ететін біздің администрацияның жұмысқа адам алар кездегі материалдық қызығушылығында, - дейді ол.

«15 МИНУТ КЕШІККЕНДІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРАДЫ»

Гүлнар Әбілбекова мекемесінде «тәртіп жөнсіз қатайғанын, дәрігерлер мен фельдшерлер жұмысқа не шақыртқан жерге 15-20 минут кешіккендері үшін өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болатынын» айтады.

- Шақырту түскеннен кейін 15 минутта діттеген жеріңде болуың міндетті. Шақыртуға барғанда науқасты қарау үшін тек 10 минут уақыт беріледі. Ал тәжірибеде олай емес. Мәселен, жалғыз басты қарт әжейге барсаң, оның аты-жөнін сұрап, қан қысымын тексеріп, қан құрамындағы қанттың көрсеткішін анықтағанша 10 минуттан артық уақыт кетеді. Оған қоса науқасты бір ауруханаға алып келіп, ондағы дәрігерлер науқасты басқа ауруханаға жібертсе, бізді жазалайды, - дейді Гүлнар Әбілбекова.

Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының бірнеше қызметкері осындай шағымдарын қарашаның 19-ы күні өткізген баспасөз мәслихатында да айтты. Медициналық қызметкерлерді жұмыстан жаппай шығарып жатыр деген азаматтар тиісті органдарға арызданғандарымен әлі толымды жауап алмағандарына наразы.

«10 АЙДА 70 АДАМ КЕТІП, 76 АДАМ ЖҰМЫСҚА АЛЫНДЫ»

Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов кейбір қызметкерлерінің «бір жылда бір ғана аралық станциядан 70-ке жуық адам жұмыстан босатылған» деген айыптауымен келіспейді.

Аурухана алдында тұрған жедел жәрдем көлігі. Алматы, 26 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Аурухана алдында тұрған жедел жәрдем көлігі. Алматы, 26 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

- Жалпы 70 қызметкер кеткені рас. Бірақ ол - бір ғана станциядан емес, барлық 10 аралық станциядан кеткендер. Соңғы 10 айда 70 адам жұмыстан босатылып, 76 адам жұмысқа алынды, - дейді бас дәрігер.

Біржан Оспанов «әкімшілік жұмысқа адам алар кезде материалдық қызығушылық танытады» деген парақорлыққа қатысты айыппен де келіспейді.

- Жұмысқа қабылдау туралы шешімді жалғыз мен қабылдамаймын. Бізде кадрлар бойынша құрамында 30 білікті маман бар кеңес жұмыс істейді. Кеңестің теория мен практикаға қатысты өз талаптары бар. Сондықтан ақша алу деген факт бізде болған емес. Ондай мәлімет болса болса, бізбен тиісті органдар айналысушы еді. Олар бізді жылына төрт-бес мәрте тексеріп кетеді, - деді Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов.

Ол талапқа сай келмеген қызметкерлерді Гүлнар Әбілбекова айтқандай «науқасқа кешіккен адамды бірден жұмыстан шығару» деген жоқ екенін, «екі-үш ескертуден нәтиже шығармағандар ғана жұмыстан босатылатынын» мәлімдеді.

Жедел жәрдем көлігі қоңырау түсе 4 минутта шығып кетуі керек, 15 минутта науқасқа жетуі тиіс.

- Алматыда әр ауданға жауап беретін жиыны 10 аралық жедел жәрдем станциясы бар. Біздің стандарт бойынша, жедел жәрдем көлігі қоңырау түсе сала 4 минутта шығып кетуі керек, 15 минутта науқасқа жетуі тиіс. Оның үстіне әр жедел жәрдем көлігінде GPS орнатылған, сондықтан компьютер қай көлік науқасқа жақын екенін анықтап, шақырту жібереді, - дейді Біржан Оспанов.

Ресми есеп бойынша бір жарым миллион халық тұратын Алматыдағы 10 аралық медициналық жедел жәрдем станциясында 2214 медициналық қызметкер (1137-і – фельдшер, өзгелері – дәрігерлер мен санитарлар) жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG