Accessibility links

«Абай өлеңін оқудан өзгесі – заңсыз» деді прокурор


Алматыда "Қарсылық жиыны" өтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Маусымның 2-сі күні Алматыдағы Абай ескерткішінің түбінде өткен "Қарсылық жиыны". 2 маусым 2012 жыл.

Маусымның 2-сі күні сағат 12-де Алматыдағы Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткішінің түбінде «Қарсылық жиыны» басталды. Бір сағатқа созылған жиын түскі сағат бірлер шамасында тарады.

Алматы тұрғындары мен баспасөз өкілдері Абай ескерткішіне түбіне сағат 12-ге таяу жинала бастады. Ескерткіш бұрынғыдай темір қоршаумен қоршалмаған. «Қыстан бері жиын өтер кезінде Абай ескерткішінің қоршаудан алынғаны алғаш рет» десіп жатты жиналған жұрт.

Жиналғандар арасында азаматтық киімдегі, бірақ құлақтарына сырт көзге шалына бермейтін микрофон таққан жас жігіттердің қарасы көбейгені де аңғарылды. Республика сарайының арт жағындағы тасада, № 17 бағыт бойынша жүретін қалалық автобустардың бірінде де полиция қызметкерлері отырды.

Алдын-ала ұйымдастырылмаған жиынға оппозициялық партиялардың жетекшілері келмеді. Келгендердің көбі – қарапайым азаматтар. Соның ішінде жазушы Софы Сматаев, қоғамдық белсенділер Ғалым Ағелеуов пен Ермек Нарымбаевтар болды.

«МЫҢ АДАМДЫ ҚАМАП ТАСТАУҒА БОЛАР...»

Бұл жолғы жиын стихиялы түрде басталып, стихиялы түрде аяқталды. Әр жерге жинала бастағандардың арасынан бір кезде жазушы Софы Сматаев бөлініп шығып, Абай ескерткішінің түбінде журналистерге сұқбат бере бастағанда басқа жұрт та солай қарай ағылды. Сөйтіп жиын Софы Сматаевтың сұқбатынан басталды.

– «Қазақстан қарыштап дамып келеді, гүлденіп жатыр деген сөздің бәрі – жалған. Жазушы ретінде өз басым «халқым ояныңдар, көздеріңді ашыңдар, ұрпағыңды
Жазушы Софы Сматаев наурызда өткен "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.
Жазушы Софы Сматаев наурызда өткен "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.
ойла» дегім келеді. Қазақ – көнбіс, көнтері халық. Барынан айрылса да, ұйқыдан оянар емес. Кеше ғана қазақты қазақ қырып салды. Өз ұлтын өзі ату деген ешбір елде жоқ еді. Атуға бұйрық берген кім? Иттен бетер ұрып соққандар кімдер? Міне, осыған қарсылығымызды білдіруіміз керек. Қазір біз тұңғиыққа кетіп бара жатырмыз. Бұл жол – азап жолы, тұңғиық жолы. Билік бізді қорқытқысы келеді. Мың адамды қамап тастауға болар, бірақ бүкіл халықты жаба алмайды түрмеге. Халық – алып. Халықтың алыптығын білдіру үшін осындай жерге келіп, ойымызды батыл айтуымыз керек, – деді жазушы Софы Сматаев.

Соз соңында жазушыдан «Бүгінгі митингіні сіз бастады десек бола ма?» деп сұраған едік.

– Білмеймін. Келетін адамдарымыз жоқ қой, міне. Халқым деген адамның бәрі келуі керек еді бүгін. 10 миллион қазақтың 10 мыңы осы жерге шығуы керек еді, – деді Софы Сматаев.

«АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚУҒА КЕЛДІК»

Софы Сматаевтың сұқбатынан соң іле-шала өзін Қайрат Ердебаев деп таныстырған азамат сөйледі.

– Біз бұл жерге Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқу үшін келдік. Біздің естуімізше, Жаңаөзенге тағы әскер мен ОМОН әкепті. Олай болса таяуда тағы да қан төгілуі мүмкін, – деді ол.

Оның қасында тұрған Өзбек Атманов осыған дейінгі жиындардан қалмай келе жатқанын айтады. Ешқандай партияға мүше емес екенін, осындай жиын болатыны туралы жұртқа ұдайы айтып жүретінін хабарлады.

Ортада тұрған Қайрат Ердебаев ақын Абайды Мәскеудегі орыс демократияшыл күштері де құрметтеп жатқанын айтып, жиынға келгендерді Абай өлеңдерін ортаға шығып оқуға шақырды.

Өзін екінші курс студентімін деп таныстырған Әнуар Шотбай Абай өлеңдерін, одан
Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы. 2 маусым, 2012 жыл.
Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы. 2 маусым, 2012 жыл.
кейін Ахмет Байтұрсыновтың «Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып, Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып» деп басталатын өлеңін оқыды.

Бұдан кейін ортаға Ғалым Ағелеуов шығып, сөзді жалғастырып әкетті. Жаңаөзендегі сот процестерінің «әділетсіздігі мен біржақтылығын» баяндаған ол «Конституцияда көрсетілген жергілікті өзін-өзі басқаруды билік әлі күнге дейін жүзеге асырмай отырғанын» сынады. Оның айтуынша ақпараттардың біржақтылығына байланысты қоғам билік не айтса, соған сенуге мәжбүр.

Ғалым Ағелеуовтен кейін ескерткіш түбінде тұрған екі жігіт «Мұнайшыларға азаттық! Әділетті Қазақстан!» деп, орыс тілінде ұрандата бастады. Оған көпшілік те үн қосты.

«ӨЛЕҢНЕН ӨЗГЕСІ – ЗАҢСЫЗ»

Жиынды сыртттай бақылап тұрған билік өкілдері осы кезде жұртшылық арасына келе бастады. Ортаға Медеу ауданының прокуроры Мадияр Басшыбаев шығып, «заңсыз әрекеттерді» тоқтатуды сұрады.

Прокурор сөйлеп жатқанда жиналғандар әр жерден ысқырып, қол шапалақтап, наразылық білдіріп жатты.

Мадияр Басшыбаевтан кейін Алматы қалалық ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Рашид Дәулетов сөйледі. Оның айтуына қарағанда «мұндай жиын
Прокурор Мадияр Басшыбаев (сол жақта) "Қарсылық жиынында". Алматы. 2 маусым, 2012 жыл.
Прокурор Мадияр Басшыбаев (сол жақта) "Қарсылық жиынында". Алматы. 2 маусым, 2012 жыл.
өткізу жөнінде әкімшілікке еш өтініш түспеген». Бірақ Рашид Дәулетовтің сөзін «Сендер бәрібір рұқсат бермейсіңдер! Бізге келгенше шекараны дұрыстап күзетіп алмайсыңдар ма!» деген дауыстар бөліп кетіп жатты.

Медеу ауданының прокуроры жұрттың «бұл шараға Абай өлеңдерін оқу үшін келдік» деген сөзіне «Абай өлеңдерін оқысын, бірақ өзге әрекеттері – заңсыз» деп жауап берді.

Прокурордың сөзінен кейін тарап бара жатқан жастар, оның ішінде «Мұнайшыларға азаттық» деп айқайлаған Руслан Жұмабаев пен Сәкен Өсер есімді жігіттің соңынан бір топ полиция қызметкері ере беріп еді, басқа жұрт та, журналистер де дереу солай қарай ойысты.

Сөйтіп ол екеуі Республика сарайының алдындағы орындықтардың бірінде журналистерге біраз уақыт сұқбат беріп, отыра тұруға мәжбүр болды.

«САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІННІҢ БЕЛГІСІ»

Кісі аяғы тарқай бастағанмен әлі де кетпей, бүгінгі жиында белсенділік көрсетіп жүрген қартаң әйел адамды көріп, жөн сұрадық. Аты-жөні Мақтай Жанаева екенін айтқан ол кісі 2001 жылдан бері осындай жиындардан қалмай келе жатқанын айтып берді.

– 2001 жылы ақпанда мінберде Нұрқаділов, Әблязов, Жандосов және тағы да басқа көптеген белгілі азаматтар тұрған еді. Ал енді бүгінгі жиын мынадай болды,
"Қарсылық жиынына" келген зейнеткер. Алматы. 2 маусым, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қарсылық жиынына" келген зейнеткер. Алматы. 2 маусым, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
өзің көрдің. Қаскелең, Қапшағай, Астанадағы таныстарыма телефон соғып, «той-пойды қоя тұрып, екі сағаттарыңды бөліп жиынға келсеңдерші» деймін. Митингі ұйымдастыратын басшыларды үйінен шығысымен ұстап әкетіп жатса, жұрт қалай келсін бірақ, – дейді Мақтай Жанаева.

Осы жиынға қатысқан, бірақ ортаға шығып сөйлемеген Ермек Нарымбаев «Қазақстандағы оппозицияның бүгінгі жай-күйі – саяси қуғын-сүргіннің анық белгісі» дейді.

Оның айтуынша оппозициялық партиялар бүгінгі жиын жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмаған.

– Бірақ халықтың өзі келіп жатқанына разы болып тұрмын, – дейді биыл көктемде абақтыдан шыққан Ермек Нарымбаев.

ТҰТҚЫНДАУ

Сағат түскі бір шамасында Абай ескерткішінің қасына жиылған жұрт тарап кетті. Жиыннан соң қоғамдық белсенді, митингіде сөз сөйлеп, Жаңаөзен сотына қатысты
"Қарсылық жиынына" келген полицейлер Республика сарайының арт жағындағы автобуста отыр. Алматы. 2 маусым. 2012 жыл.
"Қарсылық жиынына" келген полицейлер Республика сарайының арт жағындағы автобуста отыр. Алматы. 2 маусым. 2012 жыл.
билікті айыптаған Ғалым Ағелеуов тұтқындалды. Азаттық тілшісіне ол өзін полицейлердің Алматы қаласы Медеу аудандық ішкі істер басқармасына апарғанын айтты.

Жиынға қатысқан Сәкен Өсер және Руслан Жұмабаев есімді азаматтар да жиыннан кейін Азаттық тілшісіне хабарласты. Полиция оларды да Медеу аудандық ішкі істер басқармасына апарып, «заңсыз митингіге қатысты» деген айыппен әкімшілік іс қозғаған.

Азаттық тілшісі Медеу аудандық ішкі істер басқармасынан бұл мәліметтерге байланысты ешбір түсініктеме ала алмады.

Бұған дейін оппозицияның Әміржан Қосанов, Гүлжан Ерғалиева және Маржан Аспандиярова және басқа өкілдері қалалық әкімдікке маусымның 2-сінде Ғылым академиясының алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында «Қарсылық жиынын» өткізетіні туралы ескертпе жіберген болатын. Шоқан Уәлиханов ескерткішінің маңында ешқандай жиын байқалмады.

Белсенділердің тағы бір тобы Абай ескерткішінің түбінде митинг өткізуге өтініш бергенде, қалалық әкімдік «Қарсылық жиынын» ол жерлерде өткізуге рұқсат етпей, «Сарыарқа» кинотеатрының арт жағында өткізуді ұсынған.
XS
SM
MD
LG