Accessibility links

ЕАЭО-дағы еңбек мигранттарының ахуалы талқыланды


Мигрант жұмысшылар. Мәскеу, 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Мигрант жұмысшылар. Мәскеу, 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

​Алматыда Орталық Азиядағы және ЕАЭО-ға мүше елдердегі еңбек мигранттарының жайы сөз болды. Сарапшылардың дерегінше, Ресейге қатысты санкциялар мигранттарға да әсер еткен.

Алматыда маусымның 29-30-ы күндері БҰҰ-ның миграция мәселесі жөніндегі аймақтық бағдарламасының қорытындысына қатысты конференция өтті. 2010-2015 жылдар аралығында өткен бағдарлама Орталық Азия елдері мен Ресейдегі мигранттардың негізгі проблемаларын анықтауға тырысқан.

Бағдарламаға қатысқан мамандар Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) құрамындағы елдердің (Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения) арасындағы мигранттар ахуалына көп көңіл бөлгендерін айтады. Сарапшылардың дерегінше, Ресейдегі дағдарыс пен мигранттарға қатысты заңның күшеюі ол елге барған мигранттардың Қазақстанға бет алуына негіз болып отыр.

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының жетекшісі Меруерт Махмутова. Алматы. 30 маусым, 2015 жыл.

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының жетекшісі Меруерт Махмутова. Алматы. 30 маусым, 2015 жыл.

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының жетекшісі, экономист Меруерт Махмутова «Қазақстан2000 жылдан бастап аймақтағы визасыз режим орнатқан елдердің еңбек мигранттары үшін ыңғайлы бола бастағанын» айтады.

– Қазақстандағы мигранттар көп шоғырланған аймақтар – Атырау мен Маңғыстау облыстары, Астана мен Алматы қалалары, – дейді ол.

Меруерт Махмутова Қазақстаннан өзге елге жұмыс іздеп кеткен азаматтар жайлы нақты ақпарат жоқ екенін айтады.

ЕАЭО құрамындағы енді бір ел Арменияның жұмыс іздеген азаматтарының көбі де Ресейге жол тартады. Ресми мәліметке қарағанда Армениядан кеткен маусымдық мигранттардың 95 пайызы, тұрақты мигранттардың 70-75 пайызы Ресейді таңдайды. Сарапшы Ирина Давтянның сөзінше, Ресейде 2015 жылдың 1 қаңтарында миграцияға қатысты заң күшейтілген соң заң бұзған 3 миллион мигрантқа 10 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынған.

– Қазір 32 мың армян осы тізімге ілініп, Ресейге кіре алмай отыр. Ал Ресейде қазір жұмыс істеп жатқан 173 мың армян мигрантының жағдайы белгісіз. Олар Ресейден шықса, қайтып бара алмайды, – дейді Ирина Давтян.

Оның дерегінше, былтыр Армениядан сыртта жүрген азаматтар отандарына банк жүйесі арқылы 1,73 миллиард доллар аударған.

ЕАЭО-дағы үшінші ел Қырғызстандың еңбек миграттарының да көбі – 98 пайызы Ресейге барады. Ресми мәліметтерге қарағанда, Ресейде 510 мыңға жуық қырғыз азаматтары жұмыс істейді. 2015 жылдың наурыз айындағы көрсеткіш бойынша олардың 77 мыңы миграциялық заңнамаларды бұзды деген айыппен Ресейдің «қара тізіміне» енген.

Қырғызстанның стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Жәмила Ирсакованың Дүниежүзілік банкке сілтеме жасауынша, Қырғызстанға шетелден аударылатын ақшаның 97 пайызы Ресейден келеді.

ЕАЭО құрамындағы елдер бір-бірінен келген мигранттарға патентсіз жұмыс істеу, ЕАЭО территориясында 30 күнге дейін тіркеусіз тұру және балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыру құқықтарын береді.

Алматыдағы жиында бағдарлама жұмыс істеген өзге елдерден – Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова мен Украинадан келген сарапшылар соңғы екі жылдағы өзгерістерге тоқталып, мигранттар мәселесінде мемлекеттер өзара бірлесіп жұмыс істеген жөн екенін айтты. Олар «мигранттар мәселесі – тек әлеуметтік емес, экономикалық мәселе» дейді.

БҰҰ-ның миграция мәселесі жөніндегі аймақтық бағдарламасын қорытындылау жиынынан видео:

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG