Accessibility links

Алматыда жыл басынан бері мопед қатысқан жүзден астам жол апаты болып, бес адам қаза тапқан. Елде мопед жүргізу үшін арнайы жүргізуші куәлігін беру мәселесі де айтылып жатыр.

Алматылық 22 жастағы студент Қайыргелді Қайратовты биыл жазда мопед қағып кеткен. Ол аяғы жарақаттанып, ауруханада жарты ай жатып шыққанын айтады.

– Кешкісін тротуармен келе жаттым. Бір кезде арт жағымнан мопед келіп соқты. Балтырымның еті жыртылып, екі апта ауруханада жаттым. Мопед жүргізушісіне ешқандай айып салынған жоқ, бірақ ол ауруханада емделуіме ақшалай көмектесті, – дейді студент.

«ПАРЛАМЕНТТЕ МОПЕДКЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖАТЫР»

Алматы қалалық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының дерегі бойынша, қалада 2013 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында мопедтің (мопед, мокик және скутердің) қатысы бар 130-дан астам жол апаты тіркелген. Оның салдарынан 5 адам қаза тауып, 30-ға жуық адам жарақат алған.

Алматы қалалық жол полиция басқармасы қызметкері Еркін Өтегеновтің айтуынша, «жол қозғалысы туралы заңға өзгерістер қажет».

Мопед мінген адам. Көрнекі сурет.

Мопед мінген адам. Көрнекі сурет.

– Биыл мамыр айында ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесі туралы заңға өзгертулер енгізуді ұсынған. Ұсыныс – қозғалтқыштарының сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедті мінгісі келген адамға «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігін беру. Бірақ бұл ұсыныс парламентте әлі қаралып жатыр. Нақты шешім шыққан жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Еркін Өтегеновтің айтуынша, қазір Қазақстанда қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтер велосипедпен тең, яғни оны айдау үшін жүргізуші куәлігі қажет емес.

– Көп жол апаттары сыйымдылығы 50 куб сантиметрден аз осы мопедтердің қатысуымен болып жатыр, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

«ЕРЕЖЕ БҰЗСА ДА, ШАРА ҚОЛДАНА АЛМАЙМЫЗ»

Алматы қаласы жол полиция инспекторы Аслан Жаханов та мопедтің қатысы бар талай апатқа куә болғанын айтады. Ол мопедтің жол ережесін өрескел бұзғанын көре тұра, дәрежесі велосипедпен тең болғандықтан бұл көлік иесіне еш шара қолдана алмайтынын айтады.

– Заңға өзгеріс енгізіп, мопед жүргізушілеріне шлем киюді міндеттеу қажет. Мопедке жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы курс оқу керек. Куәлікті 16 жасқа толған азаматтарға ғана берген дұрыс. Сонда, мүмкін, апат азаяр, – дейді ол.

Апатқа ұшыраған мопед. (Сурет Роза Есенқұловадан алынды).

Апатқа ұшыраған мопед. (Сурет Роза Есенқұловадан алынды).

Аслан Жахановтың айтуынша, елде қозғалтқыш көлемі 50-125 текше сантиметр аралығындағы мопедтердің дәрежесі мотоциклмен тең. Оларды «А» дәрежелі жүргізуші куәлігімен жүргізуге болады.

– Бірақ мотор көлемі үлкен ондай мопедтер Қазақстанда өте аз тіркелген. Куәлік алғысы келмегендіктен жұрт қозғалтқыш көлемі 50 куб сантиметрге жетпейтін мопед алады, – дейді инспектор Аслан Жаханов Азаттыққа тілшісіне.

Жол полициясы басқармасы қалада қанша мопед барын білмейтінін айтады. Соңғы уақытта мопедке жастардың қызығушылығы артып, Алматыда мопед көбейген. Жұрттың көбі бұл көлікті Қытайдан арзанға алдыртады. Жол полициясы өкілдерінің сөзінше, мопедтің қатысуымен болатын апат та көбейген.

«КУӘЛІК АЛ ДЕСЕ, АЛАМЫН»

Мопеді бар Сергей есімді алматылық тұрғын көлігінің қозғалқыш көлемі 50 текше сантиметрге жетпейтінін, сондықтан куәліксіз мініп жүргенін айтады.

– Егер «мопед жүргізу үшін куәлік ал» деп заңмен міндеттесе, алуға дайынмын. «Арнайы курс оқу керек» десе, оқимын. Бұл өзіме керек, басқа адамдардың қауіпсіздігі үшін керек, – дейді ол.

Еуропаның көп елінде мопед тебу үшін арнайы категориясы бар жүргізуші куәлігі қажет.

Бұрынғы Совет Одағы елдерінің ішінде Украинада 2010 жылдан бері сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтерді жүргізу үшін «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігін алу заңмен міндеттелген.

Ресей азаматтары да биыл желтоқсаннан бастап мопед міну үшін «М» дәрежелі арнайы куәлік алмақ.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG