Accessibility links

Сел басқан үйлер техникаға зәру


Чапаев ауылының тұрғындары селмен келген балшықты жұмысшы жалдап, өздері тазартып жатыр. Алматы, 24 шілде 2015 жыл.

Чапаев ауылының тұрғындары селмен келген балшықты жұмысшы жалдап, өздері тазартып жатыр. Алматы, 24 шілде 2015 жыл.

Алматының сел бүлдірген жолдары мен өзен аңғарын арнайы техника мен жұмысшылар балшық пен тастан аршып жатыр. Зардап шеккен тұрғындар үй-жайларын өз қаржыларына тазалатуға мәжбүр екенін айтады.

Төтенше жағдайлар комитетінің есебі бойынша, шілденің 23-і күні жүріп өткен Алматыдағы сел кезінде 130-ге жуық үйді және екі мектепті су алған, кем дегенде алты адам ауруханаға түскен. Комитет уақытша паналау орындарына эвакуацияланған адамдардың саны мыңнан асқанын хабарлады.

Наурызбай ауданында селден зардап шеккендер №176 мектеп пен Наурызбай аудандық әкімдігінің ғимаратына орналастырылды деп хабарланған. Алайда шілденің 24-і күні №176 мектепке барған Азаттық тілшісі ол жерден жедел жәрдем қызметкерлері, психолог пен әкімдік өкілдерінен өзге ешкімді көрмеді. Мектеп өкілдері «шілденің 23-інен бері адамдардың келіп-кетіп жатқанын, түнеуге 7-8 адам ғана қалғанын, олардың өзі 2-3 сағат бұрын кетіп қалғанын» айтты.

Наурызбай аудандық әкімдігіне барған Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беретін адам болмады. Қолдарының тимейтіндігін айтқан әкімдік қызметкерлері баспасөз қызметіне сілтеумен болды.

Елден қашқан алматылық. 22 шілде 2015 жыл

Елден қашқан алматылық. 22 шілде 2015 жыл

Бұл кезде әкімдікке сел басқан үй иелері келіп, үй-жайлары мен аулаларын лай балшық пен тастардан тазалау үшін қажет заттарды: күрек, резеңке етік, қап пен арнайы техника сұраумен болды. Тұрғындардың кейбірі наразылық білдіріп, «сел ағызып әкелген лай балшықты күрекпен тазалап бітіру мүмкін емес екенін, оған арнайы техника керек екенін» әкімдік қызметкерлеріне қайталап айтып жатты.

«ӨЗ КҮШІМІЗ БЕН ҚАРЖЫМЫЗҒА СЕНЕМІЗ»

Наурызбай ауданының жоғарғы жағында орналасқан Гроза көшесінің бойы тазаланып қалғанын көруге болады. Жолдың жиегінде үлкенді-кішілі қойтастар үйіліп жатыр, оларды арнайы техника тазалап, тасып жүр. Жол бойындағы үйлердің ауласында қолына күрек ұстап, жалаңаяқ балшық пен лай тазалап жүрген ер адамдар көп. Солардың бірі Николай Болтунов кешелі бері әкімдіктен де, төтенше жағдайлар департаментінен де көмек шақырта алмай, өзі жұмыскерлер жалдап, ауласын тазалап жатқанын айтты.

Сел бүлдірген темір қоршау. Алматы, Құрамыс, 24 шілде 2015 жыл

Сел бүлдірген темір қоршау. Алматы, Құрамыс, 24 шілде 2015 жыл

- Селдің зардаптарын өз күшімізбен тазалап жатырмыз. Кеше 6 адам және бүгін тағы 6-7 адам жалдадық, әрқайсысына 5 мың теңгеден беремін деп келістім. Ауламды басып қалған балшықты тазалау үшін арнайы техника жалдадым, оның бір сағат жұмысы 10 мың теңге. Техника таңғы 10-нан бері жұмыс істеп жатыр, әлі 5-тен бірін бітірген жоқ, - деді Николай.

Ол шілденің 23-і күні Наурызбай аудандық әкімдігіне барып техника сұрағанмен әкімдік тек өтінішін қабылдап қана қойғаын айтады.

- Тек өзіміздің күшіміз бен қаржымызға ғана сеніп отырмыз, - дейді ол.

Николайдың көршісі Марина Цапкина, шілденің 23-і күні түнде селден шошып оянып, қапелімде күйеуі екеуінің сыртқа терезеден шыққандары айтады. Тас ағызған екпінді лай су темір қоршауын тесіп өтіп, ауласындағы бассейнге құйылған. Лай балшық алма бағын, ауласы мен жертөлесін басып қалған.

Селден зардап шеккен Марина Цапкинаның ауласы. Алматы, Құрамыс, 24 шілде 2015 жыл

Селден зардап шеккен Марина Цапкинаның ауласы. Алматы, Құрамыс, 24 шілде 2015 жыл

- Апат зор шығынға ұшыратты. Бүгінге дейін тазалау жұмыстарына [жалдамалы жұмысшыларға] 70 мың теңге бердік, алайда ол түк емес. Техника келіп бассейннің бетіндегі суды сорды, ал астындағы саз балшыққа күші жетпей кетіп қалды. Сондықтан жұмысшылар жалдап, қолмен тазалап жатырмыз. Әлі қанша қаражат кететінін айту қиын, - деді Марина.

«КҮНІ-ТҮНІ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі тұрғындарға арнайы техниканың неліктен жетпей жатқанын Наурызбай аудандық әкімдігінен сұрамақ болғанымен, әкімдіктегі жауапты адамдар «Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен рұқсат алу керектігін» айтты. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі төтенше жағдайлар департаментіне сілтеді. Соңғысынан сауалымызды мүлдем жауапсыз қалдырды.

Шілденің 24-і күні төтенше жағдайлар департаментінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта, «төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері тазарту мен қалпына келтіру жұмыстарымен күні-түні айналысып жатқаны» айтылған. Ресми мәліметке сәйкес шілденің 24-і күнін қосқанда 25 аула қалпына келтірілген, аудандағы 31 көшені тазалаууға барлығы 308 техника мен 1748 адам жұмылдырылған.

Алматыда бейсенбі, шілденің 23-іне ауған түні қаланың бірнеше ауданы аумағында сел жүріп, жүздеген үйді су басқан еді. Адам шығыны жоқ деп хабарланғанымен, жер үйлер мен жолдар айтарлықтай зақымданған. Қалада ерекше зардап шеккен аумақ – былтыр құрылған Наурызбай ауданы. Бұл аудандағы тұрғын-жайлар негізінен жер үйлер болып келеді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG