Accessibility links

Болат Сыздықовтың музыкалық мұрасы


Болат Сыздықов. Алматы, 16 сәуір 2014 жыл.
Болат Сыздықов. Алматы, 16 сәуір 2014 жыл.

Бүгін Алматыда жүрек ишемиясы дертінен қайтыс болған танымал музыкант Болат Сыздықовты жерледі. Ол 60 жасына және өзі құрған «Мюзикола» дуэтінің 25 жылдығына сәл жетпей дүниеден өтті. Ол қос мерейтойды концертпен атап өтуге дайындалып жүрген еді.

Болат Сыздықов композитор, гитарист, аранжировщик, музыкалық продюсер ретінде белгілі. Бірнеше музыкалық аспапты меңгергенімен, оның ең сүйікті аспабы гитара болды. Ол гитараны 12 жасынан – туған қаласы Қарағандыда оқып жүрген кезінен тарта бастаған.

«ВРЕМЯ И ПЕСНЯ» МЕН «МЮЗИКОЛА» АРАСЫ

Болат Сыздықовтың музыкалық жолы Қарағанды филармониясы жанынан құрылған «Время и песня» ансамблінен басталды. Біраздан кейін дарынды гитарашы Алматыдағы «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің назарына ілігіп, шақырту алды. 1976 жылы Болат Қазақстанның сол кездегі астанасына көшіп, әнші Роза Рымбаева, барабаншы Тахир Ибрагимов сияқты жұлдыздар ұжымына қосылды. Ол «Гүлдер» ансамблінде гитара шертіп, әндер жазып, аспапты композициялар құрастырды.

1979 жылы бір топ музыкант «Гүлдер» ансамблінен бөлініп, «Арай» тобын құрды. Топ көбінесе Роза Рымбаева айтатын әндерді сүйемелдеу үшін құрылған. Болат Сыздықов топ құрамында «бүкілодақтық ауқымдағы» болашақ жұлдыз әрі бір жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болған Батырхан Шүкеновпен бірге өнер көрсетті. 1983 жылы «Арай» тобы Мәскеуде өткен эстрада артистерінің бүкілодақтық конкурсында лауреат атанды. «Арай» тобының Роза Рымбаева бейнеленген бар винил дискісінде Болат Сыздықов жазған «Воспоминания» әні де бар.

1987 жылы «Арай» Роза Рымбаевадан жеке кетіп, өз жобасын құрды. Оған Болат Сыздықов та қатысты. Алғашқы альбомы шыққаннан кейін топ өз атауын «Алмата Студио», ал 1989 жылы А’Studio деп өзгертті. Осы топтың құрамында Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» тележобасына қатысқан Болат Сыздықовтың есімі бүкіл Совет одағына белгілі болады.

1993 жылы Болат Сыздықов әлі күнге дейін бар «Мюзикола» (Musicola) жеке музыкалық жобасын құрды. Әнші ретінде Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының студенті Карина Абдуллинаны шақырды. Топ көп ұзамай осы аттас дуэт болып өзгеріп, қазіргі Қазақстан эстрадасындағы ең елеулі құбылыстардың біріне айналды.

Болат Сыздықов пен Карина Абдуллина Батырхан Шүкеновті еске алу концертінде. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.
Болат Сыздықов пен Карина Абдуллина Батырхан Шүкеновті еске алу концертінде. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Болат Сыздықовты ақтық сапарға шығарып тастау рәсімінде сөз сөйлеген опера әншісі Әлібек Дінішев «Мюзиколаны» Болат Сыздықовтың музыкалық мұрасының шоқтығы деп атады.

«Мюзикола» дуэтінің 100-ге жуық авторлық әні бар. Оның бір бөлігін Болат Сыздықов жазған. Болат вокалист ретінде де өнер көрсеткен. Мысалы, Болат Сыздықовтың туған қаласына арналған «Қарағанды» видеоклипін атауға болады. Оның музыкасы мен сөзін Карина Абуллина жазған. Ал клиптің әнін Болат Қарағанды қаласы пейзажы, тіпті көмір шахтасы аясында орындайды.

Дуэт 1996-2013 жылдар аралағында он шақты диск шығарды. 2009 жылы Болат Сыздықовтың жеке орындауындағы шығармалар жазылған «Гитарные истории» дискісі жарық көрген. Ондағы 13 композицияның 12-сінің авторы – Болат Сыздықов. Ал біреуі – испан композиторы Хоакин Родригоның «Аранхуэз концерті» тақырыбына арналған музыкалық фантазия.

ЭСТРАДАДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ БАҒАСЫ

Аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі Мұрат Құсайынов Болат Сыздықовты аса көрнекті музыкант, тамаша гитарист әрі аранжировщик деп бағалайды.

Музыкант Мұрат Құсайынов. Алматы, 10 мамыр 2016 жыл.
Музыкант Мұрат Құсайынов. Алматы, 10 мамыр 2016 жыл.

– Бізі тірі жүргенде, оның табынушыларының көзі тірісінде Болаттың ісі ұзақ жасайды. Ол көптеген гитаралық композиция құрастырды. Сан қырлы әмбебап музыкант еді. Джазды да, джаз-рокты да, ұлттық нақыштағы музыканы да ойнай алатын. Гитарада күйді керемет шертетін. Мұндай музыканттардың өмірден ерте кететініне ішің ашиды. Бірақ өзі кеткенмен, музыкалық мұрасы қалады. Ол «Мюзиколаға» арнап бірнеше альбом жазды. Мәскеуде ресейлік музыканттармен бірге өнер көрсетті. Мұның маңызы зор, өйткені мәскеулік музыканттар өзге елдерден келген музыканттарды жақтырмайды. Ал Болат олардың өз адамындай болып кетті. Бұл оның кәсіби үстемдігін білдіреді, – дейді музыкант.

Мұрат Құсайыновтың айтуынша, Болат Сыздықовтың шәкірттері көп болған.

Болат Сыздықов Қазақстан эстрадасына қандай үлес қосқаны жайлы ақын-жыршы, қоғам қайраткері Ерлан Стамбеков те айтып берді. Ол да «Болат Сыздықов артында жақсы мектеп қалдырды, қазақстандық жас музыканттарды ғана емес, тыңдармандарды да биік талғамға баулып, туған еліне әлемдік музыкалық мәдениетті, гитаралық музыканы әкелді» дейді.

– Оған еліктеп, музыкасынан үйреніп, қазір өздері де қазақстандық эстраданың бір бөлігіне айналған, оның ізін қуып гитарашы болғандар өте көп, – дейді ол.

Ерлан Стамбековтің пікірінше, Болат Сыздықов – қобыз, домбыра сияқты ұлттық музыкалық аспаптарға арналған музыканы гитара үнімен тоғыстырған, гитара шертудің қаталанбас стилін құрған адамдардың бірі.

Оның музыкасын... АҚШ пен Еуропа жұрты өте жақсы қабылдайтын.

– Меніңше, ол соңғы кезде әлемдік деңгейде бағаланатын музыканттар қатарына енді-енді ілініп келе жатыр еді. Оның музыкасын Мәскеу, Ресей ғана емес, алыс шетелдерде де ұнатып тыңдайтын. АҚШ пен Еуропа жұрты өте жақсы қабылдайтын. Оның мега-жұлдыз ретіндегі карьерасы енді басталып келе жатқандай көрінген. Сондықтан оның мезгілсіз дүниеден өткені – біздің музыкамыз үшін ауыр қаза, – дейді Ерлан Стамбеков.

Қазақстандық орындаушылардың, мысалы, Роза Рымбаеваның репертуарында Болат Сыздықовтың музыкасына жазылған әндер бар. Әскери дирижер Александр Беляковтің айтуынша, 9 мамыр қарсаңында ол басқаратын эстрадалық оркестр жеңіс күніне арналған концертте Болат Сыздықовтың әндерінің бірін орындаған. Ол ән – 1980 жылдары жазылған, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған «Память» әні.

XS
SM
MD
LG