Accessibility links

Намаз оқитын студенттер тізімі жасалып жатыр


Фурманов көшесінің бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Фурманов көшесінің бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда намаз оқитын студенттер тізімделе бастады. Заңгер мұның адам құқығын бұзу екенін айтады. Ал оқытушының пікірінше, бұл шара «Сирияға кету оқиғасының алдын алуға керек».

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті С. (толық аты-жөнін айтпауды өтінді) бір аптадан бері жатақханадағы намаз оқитын студенттердің тізімі жасалып жатқанын айтады.

– Мен де намаз оқимын. Өткен апталарда жатақханаға әр деканаттың адамдары келіп, мені «Намаз оқитындар» деген тізімге қосты. Тізім жасап жүргендер «Отбасыңызда кім намаз оқиды?», «Намазды қашаннан бері оқисыз?», «Намазда оқуға түскеннен кейін бастадыңыз ба, әлде үйде жүргенде бастадыңыз ба?» деген сұрақтар қойды, – дейді студент.

Оның сөзінше, тізім жасаушылар «алдағы уақытта имамдар келіп, студенттерге Сириядағы жағдайды түсіндіріп, сол жаққа кетіп қалмау туралы дәрістер оқитынын» да айтқан.

СЕБЕБІН ЕШКІМ «БІЛМЕЙТІН» НАУҚАН

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенттері де жатақханадағы намаз оқитындар тізімі жасалып жатқанын хабарлады. Тізімге енген ҚазҰУ жатақханасы. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ҚазҰУ жатақханасы. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

студенттердің бірі ол істің мақсаты не екенін білмейтінін, «тізімді университеттің дирекциясы жинатып жатқанын» білетінін ғана айтты.

– Мен дәстүрлі дін бойынша намаз оқимын. Намаз оқитындарды тізімге алу студенттердің құқығын бұзу деп білемін, – деді осы университеттің А. есімді студенті.

Бұл университетте намаз оқитын студенттер тізімі жасалып жатқанын басқа студенттер де растады.

Алматыдағы қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттерінің сөзінше, бұл оқу орны жатақханаларында да намаз оқитындарды тізімдеу науқаны жүріп жатыр. Жанат есімді студент жанында тұратын намаз оқитын досының сондай тізімге іліккенін айтады.

– Мен өзім намаз оқымаймын. Бірақ досымның атын жазып, алып кетті. Себебін білмейміз, айтпады, – деді Жанат.
Басшылар «жина» деді – жинап жатырмыз. Себебін өзім де білмеймін.

Азаттық тілшісі осы университеттердің бірінде намаз оқитын студенттерді тізімдеп жүрген қызметкермен де тілдесті. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол азамат:

– Басшылар «жина» деді – жинап жатырмыз. Себебін өзім де білмеймін, – деді.

Азаттық тілшісі мұндай тізімнің не үшін жасалып жатқанын білу үшін жоғарыда айтылған университет басшылығына хабарласты. Университет өкілдері намаз оқитын студенттер тізімі жасалып жатқанын растады, бірақ себебін айтудан бәрі бас тартты.

«САҚТЫҚ ШАРАСЫ»

Заңгер Қайсар Қаңтарбаев "Қазақстанда еш заңда намаз оқитындардың тізімін жасау туралы бап немесе тарау жоқ" екенін айтып, оқу орындарының әрекетін айыптайды.

- Бұл адам құқығын бұзу деп білемін. Тіпті конституцияның өзі адамның сенім-нанымына қарсы келмейді. Оқу орындарының бұл ісі заңға сай емес, - дейді заңгер.

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқитын доцент Нұрлан Намаз оқып отырған жастар. (Мирас есімді оқырман жолдаған сурет)

Намаз оқып отырған жастар. (Мирас есімді оқырман жолдаған сурет)

Насыров керісінше «мұндай тізімнің жасалғаны – дұрыс» дейді.

– Дәл қазір елдегі жағдайға қарасақ, намаз оқитын студенттердің тізімін жасау – сақтық шарасы. Сирияға кеткендердің жолын қайталамас үшін жастардың қай бағытта намаз оқитынын білу қажет. Студенттердің діни сауатын ашатын дәрістерді де көбейткен жөн, – дейді оқытушы.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) баспасөз қызметкері Ағабек Қонарбайұлы намаз оқитын студенттердің тізімін жасау шарасынан хабарсыз екенін айтты.

– Ондайды білмейді екенмін. Университеттер имамдарды кездесуге шақырып тұратын, біз соған барып тұрамыз. Тізім туралы естіген жоқпыз, – деді басқарма өкілі.

Алматыда осы айдың басында ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен 15 университетте студенттермен кездесу өткен. Діни басқарма сайтының жазуынша, «бұл іс-шараның мақсаты – жастарды түрлі теріс ағымдардан сақтандыра отырып, отансүйгіштікке, имандылыққа, мәдениеттілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, исламның шынайы игілікті рухани байлықтарын насихаттау».

Діни ағымдар туралы профилактикалық дәрістер жуырда Астанадағы колледж бен жоғары оқу орындарында да өткен еді.

Елдегі осы тәрізді «жастарды экстремизмнен сақтандыру шаралары» биыл қазан айының ортасында YouTube-те «Сирияда жүрген қазақ жиһадшылары» туралы видео жарияланған соң жиілеп кетті. Ол видеодағы қазақша және орысша сөйлеген азаматтар өздерін «жиһад жасау үшін бала-шағамызбен бірге Қазақстаннан Сирияға келдік» деп мәлімдеген. Кейін Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың расымен қазақстандықтар екенін анықтаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG