Accessibility links

Алматылық студенттер жолақының жарты бағасын төлейтін болды


Маусымның 13-күні Алматыдағы студенттер құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері ақылы бөлімде оқитын студенттер үшін қоғамдық көлікте бұрынғыдай жеңілдікті баға болуын талап етіп, қала әкімінің кеңсесіне келді. Әкімдік олардың талабын орындауға келіскенімен, кейіннен жолаушылар тасымалдаушы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшылығы, әлгіндей жеңілдік студенттерге тек осы айдың соңына дейін ғана жасалынатындығын мәлімдеді.

Студент Фариза Сейсенбаеваға күніне кем дегенде 4-5 рет қоғамдық көлікке мінуіне тура келеді. Азық-түлікпен қатар, жолақының қымбаттауы өзге студенттер секілді Фаризаға да қиын тиюде. Ақылы бөлімде оқитын Фариза өзінің қоғамдық көлікте жеңілдікті пайдалану мүмкіндігінен айрылғанына қапалы.

Маусымның 10-ынан бастап Алматыда қала ішіндегі жолаушы тасымалдайтын автокөліктерде жолақыға 50 пайыздық жеңілдік тек грант бойынша оқитын студенттерге ғана беріледі. Бұл жаңалық соңғы ақшасын салып, балаларын оқытып жатқан ата-аналарға жайсыз болғанын айтады Фариза.

- Менің анам ауылда мұғалім болып істейді. Әкем жұмыс істемейді, екінші топтағы мүгедек. Оларға маған ақша тауып беру өте қиын. Маған жолға күніне 200-300 теңге кетеді. Мен қаланың шетінде тұрам. Оқуға дейін 70 теңге, одан бері тағы жүресің. Әсіресе, емтихан кезінде көп ақша керек болады, - дейді студент қыз.

Маусымның 13-күні Қазақстандағы «Рух пен тіл» және студенттердің құқығын қорғаумен айналысатын «АР-РУХ-ХАҚ» қоғамдық ұйымдарының өкілдері Алматы қаласы әкімінің кеңсесі алдына жиналып, бұрынғыдай қала ішіндегі көлікте студенттерге жеңілдікті баға болуын талап етті.

- Қазіргі таңда студенттердің құқықтары бұзылуда. Жоғары оқу орындарындағы жемқорлықтан бастап, нашар оқытушылар мен сапасыз білім және соның салдарынан берілетін сапасыз диплом – міне, біздің қоғамның шынайы көрінісі. Жыл сайын оқу ақысы да өсіп жатыр. Бұдан бөлек жақын арада студенттерді екіге бөліп, ақылы бөлімде оқитындарды қоғамдық көліктегі жеңілдіктен айырды. Біз, студенттердің құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым ретінде, қала әкімінен осының себебін сұрағымыз келеді, - деді «АР-РУХ-ХАҚ» қоғамдық ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина.

Көп кешікпей әкімшіліктен келгенін айтып, өзін Берікбол Мәндібаев деп таныстырған азамат барлық студенттер үшін жеңілдік сақталып қалатынын хабарлады:

- Кеше жиналыс болды, барлық жеңілдіктер сақталып қалатын болды.

Бұл хабарды «алақайлап» қарсы алған студенттердің қуанышы ұзаққа созылмайтын түрі бар. Студенттердің наразылық шарасынан кейін іле-шала, сағат 12.00-де, жолаушылар тасымалдаушы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның өкілдері осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

Аталмыш мекеменің бас директоры Исахан Иманбеков студенттер үшін жеңілдікті баға тек шілде айының 1-іне дейін ғана сақталатынын хабарлады.

- Біз, Алматы қаласындағы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар, ай сайын 700-800 млн теңге шығынға батып отырмыз. Қоғамдық көлік қызметін негізінен әлеуметтік жағынан қорғалмаған халық бөлігі пайдаланса да мәселе кәсіпорындардың жабылуына дейін ушығып тұрғанын айту керек. Автопарк басшылары бізге солярка, автобус жүргізуге жабдықтар алу керек деп айтып отыр. Мысалы, балон тесіледі, аккумулятор құриды, терезе сынады дегендей. Бұл кісілер сондай жағдайға ғана санағанда әрбір жолаушыға шаққанда жолақы 74 теңгеден келеді деп отыр. Бұлар жылына екі рет автопарктердің құрамын жаңартып отырмаса сатып алған автобустар бір уақытта ескіреді де үлкен проблемаға айналады, - деді Исахан Иманбеков.

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтың пікірінше, Қазақстан қымбатшылық мәселесімен бірінші рет кезігіп отырмағанымен онымен әлі күнге дейін дұрыс күресе алмай келеді.

- Біздің экономикадағы мақсатымыз не? Соны біз анықтай алмай отырмыз. Біз әшейін «бәрін нарық шешеді» деп барлығын өз бетімен жіберіп қойдық. Мына қымбаттаудың барлығы басқару жүйесінің тиімсіздігінен деп ойлаймын, - дейді маман.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG