Accessibility links

Сайт иесі банкке 20 миллион теңге төлеуге тиіс болды


"Накануне" сайтының иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.

"Накануне" сайтының иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.

Бүгін Алматы қаласы Медеу аудандық соты «Қазкоммерцбанктің» талап-арызы бойынша Nakanune.kz сайты иесін 20 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

2014 жылдың 15 қазанында Nakanune.kz сайтында жарияланған «Новые па в марлезонском балете «Казкома» мақаласы «Қазкоммерцбанкке» ұнамай қалған. Мақалада банк қаржыландыратын құрылыстағы «заң бұзушылықтар» жайлы жазған оқырман хатынан үзінді келтірілген.

Сайт иесі Гузяль Байдалинованың айтуынша, оның қолында Алматыдағы тұрғын үй кешенін салу барысында құрылыс нормалары мен ережелері бұзылғанын растайтын материалдар бар. Мақалада «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы қаласы әкімдігі арасында 2009 жылдың 11 қарашасында бекітілген ынтымақтастық меморандумына сәйкес құрылысын аяқтауға мемлекеттік бюджеттен 75 миллиард теңге бөлу қарастырылған «Сайран» көпфункциялы тұрғын үй кешені сияқты үлестік құрылыс нысандарына қатысты мәселе қозғалған. 2009 жылдың аяғында «Қазкоммерцбанк» Алматы мен Астана қалаларындағы «Қуат» корпорациясының тұрғын үй нысандары құрылысын аяқтауды қаржыландыру үшін стресс активтер қоры арқылы мемлекеттен 20 миллиард теңге көлемінде бірінші транш алғанын қабарлаған.

«Қазкоммерцбанк» өкілі Әлмира Әлінбаеваның бүгін сотта мәлімдеуінше, Nakanune.kz сайтындағы жоғарыда аталған мақала банк беделіне нұқсан келтірген.

Кез келген жарнамалық шығын іскерлік репутациясы құнына кіреді. Сондықтан банк жүргізген жарнама науқаны сайттағы мақала кесірінен табыстан қағылды деп айтуға болады.

– Банк өзінің беделін арттыру үшін және клиенттерді тартуға тырысып, жарнамаға ақша салады. Кез келген жарнамалық шығын іскерлік репутациясы құнына кіреді. Сондықтан банк жүргізген жарнама науқаны сайттағы мақала кесірінен табыстан қағылды деп айтуға болады, – дейді Әлмира Әлінбаева.

2014 жылы банк жарнама науқанына 109 миллион теңге (586 мың долларға жуық) жұмсағанын мәлімдеген «Қазкоммерцбанк» өкілі банктің іскерлік беделіне келтірген зиянның өтемақысы ретінде сот шешімі арқылы сайт иесі Гузяль Байдалиновадан 25 миллион теңге (шамамен 134 мың АҚШ доллары) өндіруді талап етті.

Жауапкердің филологиялық сараптама жүргізуді сұраған өтінішін судья орындаудан бас тартты. Жауапкердің өкілі Сергей Уткиннің мәлімдеуінше, Nakanune.kz сайтындағы мақалада «банк пен Алматы әкімдігінде жемқорлыққа жол берілген» деп тура айтылмаған. Оның айтуынша, мақалада құқық қорғау органдары назарына ілігуі мүмкін болжамдар ғана айтылған.

Әлдебір заң бұзушылықтан хабардар адам заң бойынша мұны құқық қорғау органдарына хабарлауы тиіс. Журналист оны мақалалары арқылы іске асырады.

– Әлдебір заң бұзушылықтан хабардар адам заң бойынша мұны құқық қорғау органдарына хабарлауы тиіс. Журналист оны мақалалары арқылы іске асырады. Маған мақалаға филологиялық сараптама жүргізуден бас тарту себебі де түсініксіз. Демек, біздің позициямыз судьяға сараптамасыз-ақ толық түсінікті деген сөз немесе судья асығыстық танытып отыр, – дейді адвокат Сергей Уткин.

Сот Гузяль Байдалиновадан «Қазкоммерцбанктің» пайдасына 20 миллион теңге (107 мың доллардан аса) өндіруден бөлек сотқа талап-арызға түсіруге себеп болған мақаланы сайттан алып тастауды да міндеттеді.

Сайт иесі Гузяль Байдалинова соттың бұл шешімімен келіспейді. Журналист соттан кейін:

– Әлбетте, аппеляцияық шағым беремін. 20 миллион теңгені төлеуге шамам келмейді, – деп мәлімдеді.

Nakanune.kz сайты – бұрын оппозициялық «Голос республики» газетінде жұмыс істеген журналистердің жобасы. 2012 жылдың желтоқсанында сот «Голос Республики — Калейдоскоп событий недели», «Республика. Деловое обозрение — дубль 2», «Моя Республика. Факты, события, люди», «Республика — информационно-аналитический еженедельник» сияқты ақпарат құралдары (барлығы 23 интернет-ресурс) қызметіне «экстремистік басылымдар» ретінде тыйым салған. Халықаралық және қазақстандық баспасөз еркіндігін қорғау ұйымдары Қазақстанда оппозициялық және тәуелсіз басылымдарды жабуды сөз еркіндігін шектеу деп атаған.

XS
SM
MD
LG