Accessibility links

«Правдивая газетаның» сотына прокурор келмеді


Бостандық аудандық прокуратурасы өкілі Әділет Қуандықов (сол жақта), Бостандық аудандық соты судьясы Ералы Бекбаев (ортада) және "Правдивая газетаның" өкілі Рамазан Есіргепов (оң жақта). Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.

Бостандық аудандық прокуратурасы өкілі Әділет Қуандықов (сол жақта), Бостандық аудандық соты судьясы Ералы Бекбаев (ортада) және "Правдивая газетаның" өкілі Рамазан Есіргепов (оң жақта). Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.

Прокурордың оппозициялық «Правдивая газета» басылымына қарсы талап-арызы бойынша сот тағы кейінге қалды. Бұған прокурордың сотқа келмеуі және және судьядан бас тарту себеп болды.

Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының «Правдивая газета» басылымын жабу туралы талап-арызы бойынша ақпанның 14-іне белгіленген сот отырысы белгісіз мерзімге тағы кейінге қалдырылды. Бір жылда үш рет әкімшілік жауапқа тартылған газет редакциясы «әкімшілік кодекс талабын бұзды» деп айыпталады.

Сот отырысы Бостандық аудандық соты судьясы Ералы Бекбаевтың «талапкердің өкілі прокурор Әділет Қуандықов белгісіз себептермен сот отырысына келмеді» деп хабарлауынан басталды. Бірақ заң бойынша сот отырысын талапкердің қатысуынсыз өткізуге де болады. Судья «Правдивая газета» өкілдері Рамазан Есіргепов пен Розлана Тәукинадан «Сот процесін талапкердің өкілінсіз жалғастыруға қарсылық жоқ па?» деп сұрады.

Жауапкердің өкілдері судьяның сұрағына жауап берген жоқ. Мұның орнына Есіргепов судьядан бас тартатынын мәлімдеп, судьяға «осыдан екі күн бұрын заң талабын мүлтіксіз орындауын талап етіп, прокурормен дауласуға мәжбүр болдым» деді. Есіргеповтің пікірінше, прокурор сотқа дұрыс ресімделмеген сенімхат негізінде қатысқан. Оның үстіне, талап-арыздың көшірмесі сот тергеуіне қатысы бар үшінші тұлға – мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданбаған. Есіргеповтің тағы бір талабы – сотқа талапкердің өкілі ғана емес, оның өзі де қатысуы тиіс.

Есіргеповтің мәлімдеуінше, «судья прокурордан осы заң бұзушылықтарды жоюды талап етудің орнына оның жағына шығып алған». Яғни бұған дейін судья "Правдивая газетаның" 2013 жылы 24 сәуір күні шыққан бірінші саны.

"Правдивая газетаның" 2013 жылы 24 сәуір күні шыққан бірінші саны.

Есіргеповтің аталған заң бұзушылықтарға қатысты өтінішін орындаудан бас тартқан. Ал бүгін газет өкілдерінің «сотқа талапкердің өзі қатысуы тиіс» деген талабын ескермей, сот отырысын талапкердің өкілінсіз өткізуді ұсынады.

Рамазан Есіргеповтің судьядан бас тарту туралы арызын алып, оның уәждерін тыңдаған судья Ералы Бекбаев орнынан үнсіз тұрды да, сот залынан шығып кетті. Оның көмекшісі келесі сот отырысы өтетін күн мен уақыт процеске қатысушыларға қосымша хабарланатынын жариялады.

Осы аптада бұл іс бойынша тағы бір сот отырысы өтіп, жауапкер тарап талапкерге істі бітіммен бітіруді ұсынған еді.

Бірақ талапкер оппозициялық басылымды сот арқылы жабу туралы талабынан бас тартқан жоқ. Прокурор былтыр «Правдивая газета» басылымының әкімшілік жазаға үш рет тартылуы заң жүзінде газетті жабуға жеткілікті негіз болады деген уәж айтады.

«Правдивая газета» – Қазақстанда 2012-2013 жылдары жабылған көптеген оппозициялық басылымдардан қалған соңғы газеттердің бірі. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәуелсіз ақпарат құралдарын жабуды «саяси репрессия» деп атап, Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне қатысты ахуалды сынайды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG