Accessibility links

Бір «ХБҚ» басшысы енді екінші «ХБҚ»-ны да басқарады


«Халықты баспанамен қамтыңдар» ұйымы жетекшісі Сұлубике Жақсылықова баласымен бірге тұр. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

«Халықты баспанамен қамтыңдар» ұйымы жетекшісі Сұлубике Жақсылықова баласымен бірге тұр. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» ҮЕҰ жетекшісі Есенбек Өктешбаев өзі басқаратын ұйым жетекшісі болу құқығына таласқан сотта жеңілді. Бұл ұйым бәсекелесіне – «Халықты баспанамен қамтыңдар» ҮЕҰ төрайымы Сұлубике Жақсылықоваға өтті.

Ипотекалық несиесін төлей алмай, сот шешімі бойынша пәтерінен немесе үйінен айырылған борышкерлер саясаттан жауап іздеп, түрлі бағытта, түрлі стильде жұмыс істейтін азаматтық белсенділердің ортасына түседі. Алматыда мұндай адамдар атауы ұқсас, бірақ саяси ұстанымы бөлек құқық қорғаушы екі ұйым ортасында әрі-сәрі күйге түскен. Ұйымның бірі оппозицияға, екіншісі билікке жуық. Бірақ екеуі де бір-бірін «қызу жұмыс істеп жатқан кейіп танытады, адамдардың сенімін алдады» деп айыптайды.

Көп ұзамай бұл дау бітіп, жұрт «Халыққа баспанасын қалдырайық» («ХБҚ» – «Оставим народу жилье») және «Халықты баспанамен қамтыңдар» («ХБҚ» – «Обеспечьте народ жильем») ұйымдарын Сұлубике Жақсылықова басқаратын біртұтас ұйым ретінде танитын күн туатын сияқты. Мамырдың 16-сы күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықованың «Халыққа баспанасын қалдырайық» үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) жетекшісі Есенбек Өктешбаевқа қатысты талап-арызын қанағаттандырды. Талапкер соттан өзін ҮЕҰ жетекшісі деп тануды және Өктешбаевты ұйымның құрылтай құжаттары мен мөрін өткізуге міндеттеуді сұрады.

Өктешбаев сот шешімін «билік пен банкирлердің қитұрқы әрекетіне» балайды. Жақсылықова «жұмысты бетімен жіберген Өктешбаев ипотекалық борышкердердің құқығын тиімді қорғай алмай отыр» деп айыптайды.

ӨКТЕШБАЕВТЫҢ БОЛЖАМЫ

Мамырдың 20-сы күні Алматы қаласында өткен баспасөз жиынында Есенбек Өктешбаев Медеу аудандық сотының Сұлубике Жақсылықованың талап-арызы бойынша шығарған шешіміне қарсы уәждер келтіруге тырысты. Ол сот шешімін «Сұлубике Жақсылықованы пайдаланған биліктің маған қарсы қитұрқы әрекеті» «Халыққа баспанасын қалдырайық» ҮЕҰ жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» ҮЕҰ жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

деп бағалайды. Оның сөзінше, «Жақсылықова Алматы әкімдігінің ішкі саясат департаментінің сеніміне еніп алған. Ал өзі (Өктешбаев – ред.) борышкерлердің құқығын қорғағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған».

Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат департаментінің қарым-қатынасы туралы айтқан Есенбек Өктешбаев баспасөз жиынын соңғы қатарда смартфон видеокамерасына түсіріп отырған жас жігіттен «Сіз департамент қызметкері емессіз бе?» деп сұрады. Оның «иә» деген жауабынан кейін Өктешбаев: «Басшыларыңа жеткізіп бар. Өктешбаев ХБҚ ұйымының жетекшісі құқы үшін ақырына дейін күреседі» деді. Ол Медеу сотының шешіміне қатысты шағым беретінін мәлімдеді.

Баспасөз жиынынан шыққан кезде Азаттық тілшісімен сөйлескен ішкі саясат департаменті қызметкері аты-жөнін атаудан және Өктешбаевтың сөзіне қатысты әлдебір комментарий беруден бас тартты.

Өктешбаевтың айтуынша, ол билік қана емес, банкирлердің де қырына іліккен. Көп жыл бойы басқарған ұйымы өзінің ұйымдасқан әрекеттерімен шенеуніктер ғана емес, банкирлердің де жаулығын тудырған. Ұйым үйінен заңсыз шығаруға Есенбек Өктешбаевтың жиынына келген адамдар. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

Есенбек Өктешбаевтың жиынына келген адамдар. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

тосқауыл жасаудан бастап жаппай наразылық акцияларына дейін өткізген, ел президентімен кездесуге тырысып Астанаға барған. Оның болжамынша, Жақсылықованы бұл әрекетке «оны пайдаланып ұйымның түбіне жеткісі келетін» шенеуніктер мен банкирлер итермелеп отыр.

Өктешбаевтың айтуынша, Жақсылықова «ХБҚ» үкіметтік емес ұйымын сот арқылы бұрын да тартып алғысы келген.

– Бірақ биыл қаңтар айында сотқа келмесем де, оның әрекеттерінің заңсыз екенін ескеріп, судья Нұрлан Бегайдар менің пайдама шешім шығарған, – дейді Есенбек Өктешбаев.

Оның айтуынша, енді төрт айдан кейін дәл сол аудандық сот дәл сол талапкердің дәл сол талап-арызы бойынша Жақсылықованың пайдасына шешім шығарып отыр. Аяқ астынан не өзгеруі мүмкін? Бұл сұраққа Өктешбаев: «Осы аралықта Киевте Майдан көтеріліп, Украинада талай жағдай болды. Қазір билік әлдебір наразылық акциясынан қатты қорқады. Сондықтан, меніңше, Жақсылықованың көмегімен «ХБҚ» ұйымын менен сот арқылы тартып алуды ұйғарған» деп жауап береді.

ЖАҚСЫЛЫҚОВАНЫҢ БОЛЖАМЫ

«Орынбасарым болған 2011 жылдан бері Сұлубике Жақсылықова ұйымды жікке бөлуге әрекеттеніп жүрген. Ол осы әрекеті үшін «ХБҚ» ұйымынан шығарылған» дейді Есенбек Өктешбаев. Жақсылықова кейін қысқаша атауы да, мақсаты да бірдей «Халықты баспанамен қамтыңдар» ұйымын құрған. Өктешбаев «Жақсылықова мен басқаратын ұйымның бірнеше адамын өз жағына тартып алды. Бірақ көбі менімен бірге қалды» дейді.

Өктешбаевтің пікірінше, билік пен банкирлер «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымы Сұлубике Жақсылықованың қолына өткенін қалайды. Ол «егер сот шешімі күшінде қалса, билік пен банкирлер жек көретін ұйым мүлде жойылады» деп болжайды.

Өктешбаевтың баспасөз жиынында Жақысылықова да қатысып, сөз сөйлейді деп болжанған. Бірақ ол келмеді. Азаттық тілшісі оны талап-арызында көрсетілген мекенжайы бойынша тапты.

«Өктешбаевтың жұмысты бетімен жіберуінің кесірінен «ХБҚ» ҮЕҰ екі мүшесі баспанасынан айырылды. Қазір жұрт одан қашып, маған келіп жатыр» дейді Сұлубике Жақсылықова.

Кішкентай ұлымен суретке түсуге келісімін берген Сұлубике Жақсылықова: «Көлікте борышкерлер отыр. Солардың мүддесін қорғау үшін банктердің біріне кетіп бара жатырмын» деп, баласымен бірге жеңіл көлікке мінді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG