Accessibility links

Алматы шетіндегі студент пен зейнеткер «Оңайға» жете алмай отыр


Жеңілдігі бар студенттерге арналған "Оңай" картасы (Көрнекі сурет).

Жеңілдігі бар студенттерге арналған "Оңай" картасы (Көрнекі сурет).

Алматыда қоғамдық көлікке енгізілген «Оңай» электрондық төлем жүйесі Алматы облысының кей тұрғындарына қолайсыздық тудырды. Мегаполис маңында тұратын зейнеткерлер мен студенттер жеңілдігі бар «Оңай» картасын ала алмай жүр.

Алматыда тұратын, бірақ Алматы облысы Қаскелең қаласындағы Сулейман Демирел атындағы университетте оқитын Самал (толық аты-жөнін айтудан бас тартты - ред.) екі айдан бері студенттерге арналған «Оңай» карточкасын ала алмай жүр. «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС өкілдері «облыстағы студенттерге жеңілдік қарастырылмағанын» айтқан.

- Университет Алматы облысының аймағында орналасқандықтан, бізге студенттерге арналған, жеңілдігі бар «Оңай» картасы берілмейтінін айтты. Біздің университетке (Сүлейман Демирел атындағы университетте 7000-нан астам студент оқиды – ред) студенттердің біразы қаладан қатынап келеді. Қазір 80 теңгелік «Оңай» картасымен жолақы төлеп жүрміз, - дейді студент.

«ЖЕҢІЛДІКТІ ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ЖҮРМІН»

Осы университеттің Нұрлан есімді студенті «өзге оқу орындарының студенттері сияқты жеңілдік тарифі бар «Оңай» картасын пайдаланғысы келетін» айтады.

Алматыдағы студенттер. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы студенттер. (Көрнекі сурет)

- Қалада тұрамын, бірақ Қаскелеңде оқимын. Сондықтан жеңілдік пайдалана алмай жүрмін. Әкімдікке де, транспорт холдингіне де хабарластық. Барлығынан жеңілдігі бар карта берілмейтіні туралы жауап алдық. Тіркеуде Алматы қаласында тұрсақ та университет облыста орналасқандықтан, жеңілдік пайдалана алмай жүрміз, - дейді Нұрлан Азаттыққа.

Мұнан бөлек, Азаттық тілшісіне Алматы облысындағы «Талғар агробизнес және менеджмент колледжі», «Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжі» мекемелерінің қызметкерлері студенттерінің жеңілдігі бар «Оңай» картасын ала алмай отырғандарын хабарлады.

Студенттерден бөлек, қала шетіндегі Қаскелең, Талғар, Ұзынағаш сияқты тұрғындары Алматыға жиі қатынайтын елді мекендер зейнеткерлері де жеңілдігі бар «Оңай» картасын пайдалана алмай отыр.

Ұзынағаш тұрғыны Гүлшат Баймурзина зейнеткерге арналған «Оңай» картасын ала алмағанын айтады.

Зейнеткермін, бірақ Алматыдағы асханалардың бірінде жұмыс істеймін. Аптасына бес рет барып, Алматының ішінде жүремін. Ұзынағаш ауылы Алматы облысында орналасқан деп зейнеткерлерге арналған «Оңай» картасын бермеді. Қазір 80 теңгелік «Оңаймен» жүрмін, - дейді ол.

«МӘСЕЛЕ ӘКІМДІКТЕ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР»

«Алматы қаласының көлік холдингінің» Мәдина есімді қызметкері (аты-жөнін толық айтудан бас тартты – ред.) Азаттыққа «бұл мәселенің қаралып жатқанын» жеткізді.

Алматы автобустарының бірі. (Көрнекі сурет)

Алматы автобустарының бірі. (Көрнекі сурет)

- Қалалық әкімдікте Алматы қаласына жақын елді мекендерде тұратын зейнеткерлер мен студенттерге жеңілдігі бар «Оңай» картасын беру мәселесі қаралып жатыр. Әкімдік қандай шешім шығарады соған байланысты болады. Жалпы берілуі мүмкін, - деген холдинг маманы бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні туралы нақты ақпарат бере алмады.

Алматы қаласы әкімдігі 2015 жылдың қазанынан бастап қоғамдық көліктерді электрондық билетке ауыстыру туралы шешім шығарған. Қалалық қоғамдық көлік жүйесі 2016 жылы қаңтардың 11-інен бастап «Оңай» электрондық төлем тәсіліне толық көшті. Билет құны – 80 теңге. Ал алматылық студент, оқушылар мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдігі бар «Оңай» картасы беріледі. Студенттер мен оқушылар жеңілдік картасын оқу орнынан, ал зейнеткерлер тіркеуде тұрған ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан алады.

Қалалық қоғамдық көліктердің электрондық төлем жүйесіне көшуіне кей маршруттардың автобус жүргізушілері наразы болған. Олар қалалық әкімдіктен қолма-қол ақшамен төлем жүйесін қалпына келтіруді талап етіп, автобустарымен көше бойына жиналып, қарсылық акциясын өткізген. Қарсылық білдірген автобус жүргізушілері кейін жұмыстан шығарылған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG