Accessibility links

ЖСДП жетекшілері мен белсенділері қамалды


Алматыда ЖСДП белсенділері өткізген митингіде сайлау қорытындысына наразылық білдіріліп, Жаңаөзендегі полиция күштерінің оқ атуы айыпталды. Жиын тыныш аяқталғанымен, соңыра оппозицияның кейбір жетекшілерін полицияға алып кетті. Сот ЖСДП басшыларын әкімшілік жауапқа тартты.


Жиынға келген алғашқы лек Абай ескерткішінің түбіне өтпек болғанда, шарбақтың сыртынан сап құраған полиция күштері оларды ілгері өткізбеді. Бірақ жиын ескерткіштен төмен, "Қазақстан" қонақ үйі мен Абай ескерткіші арасындағы алаңда өтті.

Жиында мыңға жуық адам келді. Оппозициялық ЖСДП партиясының өкілдерінен өзге де қарапайым тұрғындар да, сондай-ақ 15 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлау алдында «Руханият» партиясының «рухани көсемі» болып сайланған Мұхтар Шаханов та қатысты.

Жиында 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы, 15 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауы, сондай-ақ таяуда қамауға алынған оппозициялық белсенділер мен журналситердің жайы сөз болды.

Митингіге жиналғандарды бақылап тұрған полиция. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.

Митингіге жиналғандарды бақылап тұрған полиция. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.


Жиын барысын тәртіп күштері сырттай бақылап тұрды. Жиын өтерден бір күн бұрын Абай ескерткішінің түбі арнайы шарбақтармен қоршалып, елдің ескерткіш түбіне кедергі жасалды.

«ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚТЫ ТУҒЫЗЫП ОТЫРҒАН БИЛІКТІҢ ӨЗІ»

Жиын басында сөйлеген Болат Әбілев оппозициялық күштердің өз жиындарын алғаш рет Алматы қаласының ортасындағы көрнекі тұсқа билік рұқсат бермесе де өткізіп отырғанына тоқталып, мұның өзі де «жеңіс» екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол «еркіндік, әділдік жолында бүкіл әлем өзгеріп жатқанын, мұсылман араб елдері, туысқан қырғыз халқы көтерілгенін, енді көршілес орыстар да көтеріліп жатқанын айтып, жұртшылықты жиынға қорықпай келуге шақырды.

"Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Влдаимир Козлов, «Взгляд» газетінің бас редакторы Винявский, қоғамдық белсенділер Серік Сапарғали, Айжангүл Амирова, Болат Атабаевтардың заңсыз қудаланып жатқанын айта келе, «Әлеуметік араздық туғызып отырған биліктің өзі - «Нұр Отан»,- деді ол.
"Азат" ЖСДП жетекшілерінің бірі Болат Әбілев митингте сөйлеп тұр. 28 қаңтар, 2012 жыл.

"Азат" ЖСДП жетекшілерінің бірі Болат Әбілев митингте сөйлеп тұр. 28 қаңтар, 2012 жыл.



Болат Әбілев сондай-ақ, «Кедендік одаққа қарсымыз, авторитарлы Путин мен Лукашенколармен бірге өмір сүргіміз келмейді», «Ел тағдырын бір адам емес халықтың өзі шешсін», «90-шы жылдары жекешеліндірілген ірі кәсіпорындар мемлекетке қайтарылсын» дейтін ұрандар тастады.

«ДЕМОКРАТИЯ ҚАЙДА?»

Ал сайлау алдындағы бәсекеден алынып тасталған «Руханият» партиясының жетекшілерінің бірі Мұхтар Шаханов «Қазақстанда сөз бостандығы, жиын, шеру өткізу бостандығы жоқтығын айтып, «демократияның қайда екенін» жұртшылықтан сұрады.

«Жаңаөзендегі қарапайым халыққа оқ ату – қылмыстың қылмысы. Қаншама халықты қырғызып қойып қарап отыра алмаймыз. Қазір қит етсең, өз пікіріңді айтсаң - халық жауысың. Сайлау әділетсіз өтті. Сайлау қорытындысын алдын- ала жасап қойды»,-дейді Мұхтар Шаханов.

«КӨТЕРІЛУ КЕРЕК... БІРАҚ»

«Бүгінгі билікпен ымыраға келіп, мәселе шешу деген бос сөз» деген Жармахан Тұяқбай сөзінде халықты көтіріліске шақырды. Бірақ «конституцияны бұзамыз деп отырған жоқпыз» деп қосып қойды ізінше.
"Азат" ЖСДП басшыларының бірі Жармахан Тұяқбай. 28 қаңтар, 2012 жыл.

"Азат" ЖСДП басшыларының бірі Жармахан Тұяқбай. 28 қаңтар, 2012 жыл.



«Бүгін 100 адам, ертең 10 мың, одан кейін 100 мың адам талап қойса ғана билік санасады. Әйтпесе ат төбеліндей оппозицияның жиынынан олар сескенбейді, әрі кетсе қамап тастаймыз деп ойлайды. Халықтың сөзін айтып жүрген жалпы ұлттық социал-демократиялық партияға өткен сайлауда халық бір жарым-ақ пайыз дауыс берді дегенге сенесіздер ме?-деді ол. Жиналған көпшіліктің арасына «жоқ» деп жауаптар естіліп жатты.

«Бүгін талап қоймасақ, енді Солтүстік Кореядағы секілді «Нұрсұлтан Әбішұлы аман болсын деп еңіреп отыратын боламыз»,- дейді Жармахан Тұяқай.

Жиынды жүргізіп тұрған Әміржан Қосанов «жиын кезінде жұртшылықпен диалог жасау тәсілін» бірнеше рет қолданып, халықпен «жария тілдесті»

«ПРЕЗИДЕНТ КЕШІРІМ СҰРАСЫН»

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай болса «Абай- ұлттық мақтанышымыз. Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытамыз» деген сөзді қазіргі қанқұйлы биліктің басында отырған Назарбаев айтқан еді. Біз міне кемеңгер ақын бабамыздың, Абай атамыздың ескерткішіне жете алмай тұрмыз. 1917 жылдағыдай, қысқы сарайды алуға бара жатқандай, мына мәдениет сарайын жаулап алатындай көріп отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл – биліктің бейшаралығын, ақымақтығын. Ақыл-есінің кемдігін көрсетеді",-деп бастады сөзін.
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.



Сондай-ақ «мұндай билікпен алысқа бара аламыз ба? Әрине жоқ. Өз елін талан-таражға салған, халқына оқ атқан бұл биліктен ешқандай қайыр жоқ. деген ол «Жаңаөзенде қанды қасапқа айналдырған ҰҚК мен ішкі істер министрлігінің басшылары және бас прокуроры орнынан кетуі керек. Әбіқаевтар мен Қасымовтар билікте отырған жағдайда Жаңаөзендегі қасап тексерілмейді",-деді.

Рысбек Сәрсенбай «президент қатесін түзетсін, әйтпесе оған да «кет» деуге тура келеді» дейді. «Егер президент өзі сенген, өзіне ант беріп, алдында құрдай жорғалаған кадрларын кетірмесе, онда президенттің өзінен де кетіңіз деп талап етуге тиіспіз. Сіздердің «кет» деген осы дауыстарыңыздан Назарбаев қалтырап, қатты қорқады. Халқынан кешірім сұрасын» деп сөйледі «Жас Алаш» газетінің бас редакторы.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨЗІ ЖАУАП БЕРСІН»

Жиын барысында сөз алғандар арасында, «Гүлжан.орг» веб-сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, белгілі суретші, өзінің оппозициялық флеш-мобтарымен танылған Қанат Ибрагимов, өзін Жаңаөзен тұрғынымын деп таныстырған тағы да екі адам болды. Жастар атынан шығып сөйлеген тағы бір жас жігіт «жастарды үйде саясат туралы айтып, уақыт өлтірмей алаңға» келуге шақырды. Алаңға жиналғандарды келесі жолы әрқайсысы 10 адамнан ертіп келуге шақырды.

Жиын аяғына қарай «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова осы жиын үстінде қабылданатын қарарды жұртшылыққа оқып берді.

Алматыдағы оппозиция митингісі. 28 қаңтар, 2012 жыл

Алматыдағы оппозиция митингісі. 28 қаңтар, 2012 жыл


Қарарда Жаңаөзен оқиғасына айыпты жоғары лауазымды қызметкерлердің атын атап, барынша қатаң жазаға тарту. Ол үшін билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен азаматтық қоғам құру; таяуда қамалған қоғамдық белсенділер мен журналистерді тез арада босату; мәжіліс пен мәслихат сайлауының қорытындыларығ күшін жою жайы айтылды.

Сондай-ақ, сайлау туралы жаңа заң қабылдап, ЕҚЫҰ-ның стандарттарына сай келетін қайта сайлау өткізу, саяси реформа жүргізу, секілді тағы да басқа талаптар болған еді.

Бірақ қарар оқылып болған шақта Гүлжан Ерғалиева шығып, қарарға «Жаңаөзенде атылған оққа Назарбаевтың жеке өз басы жауап береді» деп қосуды ұсынды.

" Басқа елдердің президенттері ел алдында жауап беріп жүр, сол секілді Назарбаев та Жаңаөзенде төгілген қан үшін жауап берсін",-деді. Жиналған жүртшылықтың дауыстап, қолдай кеткені Гүлжан Ерғалиеваның бұл сөзі қаншалықты әсерлі болғанын көрсетті.

«АЛЛАДАН САЯСИ ТІЛЕК»

Жиын соңында Әміржан Қосанов Жаңаөзен құрбандарына бағыштап құран оқу жөнінде ұсыныс түсіп жатқанын айтып, ортаға молданы шақырған еді. Құранды мақамдап оқып шыққан молданың аят соңындағы тілегі саяси ұрандарға ұқсады.

«Поэзия пайғамбары, ұлы Абай атамыздың басына жиналып, әділет, ақиқат, шындық жолында жүрген азаматтардың Алла тілегін қабыл қылсын, Маңғыстау өңіріндегі 362 әулие, қасиетті Пір Бекет атамыздың әруағы жебесін, өз мұңын айтып алаңға бейбіт түрде шыққан, жеті ай бойы алаңда аштық жариялап, билікке сөзін өткізе алмаған халыққа оқ атқан қандықол билікті Алла жазаласын!- деп бет сипады. Болат Әбілев дауыс зорайтқыш мегафонды молданың алдына ұстап отырды.
Митингіні бақылап тұрған полиция. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.

Митингіні бақылап тұрған полиция. Алматы, 28 қаңтар, 2012 жыл.




Жиын бір жарым сағатқа созылды. Бұл шара билік тарапынан рұқсат етілмеген жиын ретінде аталған болатын. ЖСДП қаңтардың 17-сі күні де Алматыдағы Тәуелсіздік монументі маңында сайлау қортындысына наразылық білдіріп, митингі өткізген еді.

МИТИНГІДЕН КЕЙІНГІ СОТ

Алматыдағы бүгінгі митингіден кейін «Азат» ЖСДП басшысы Жармахан Тұяқбай мен бас хатшысы Әміржан Қосановты, «Азат» ЖСДП-ның президиум мүшелері Балташ Тұрсымбаев пен Әмірбек Тоғысовты үйлерінен Медеу аудандық ішкі істер департаментіне алып кеткен.

«Біз төртеуміз қазір Медеу аудандық ішкі істер департаментінде түсініктеме жазып жатырмыз. Жиын өткізіп, заң бұзғанымыз үшін ісімізді бүгін сотта қарауға дайындап жатыр» деді Азаттық радиосының тілшісіне телефон арқылы хабарласқан Әміржан Қосанов.

Сенбі күні кешкісін Алматының ауданаралық әкімшілік соты ЖСДП-ның тең төрағалары Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілевті, партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов пен белсенді Әмірбек Тоғысовты сенбі күні рұқсат етілмеген митинг өткізгендері үшін әкімшілік жауапқа тартты.

Сот оппозициялық белсенділердің әрқайсысын «бейбіт жиындар мен митинг өткізу заңдылықтарын бұзғаны үшін" айыпты деп тауып, Әбілев пен Қосанов, Тоғысов үшеуін15 тәулікке қамауға алу жөнінде шешім шығарған. Ал Жармахан Тұяқбайға 20 айлық есептік көрсеткіш (30 мың теңгеге жуық) көлемінде айыппұл салған

Үкімді орнынан тұрмай тыңдағаны және пікірін отырып айтқаны үшін "сотқа кұрмет көрсетпеді" деп айтыпталған Болат Әбілевтің жазасына тағы үш тәулік жамалып, ол 18 тәулікке қамалды.

Ұсталғандардың бірі Балташ Тұрсымбаевты түсініктеме жазғызған соң босатқан.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG