Accessibility links

Репрессияға суретші көзімен қарау


«1937» көрмесі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:41 0:00

«1937: Еске алу алаңы / Жоқтау» көрмесі туралы видео. Түсірген - Мәншүк Асаутай.

Алматыда саяси қуғын-сүргіннің азабы мен зардабын өнер арқылы суреттейтін көрме ашылды.

Қазанның 25-і күні Алматыдағы Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында «1937: Еске алу алаңы / Жоқтау» атты арт-жобасы ашылды. Ұйымдастырушылар көрменің мақсаты – әр түрлі жастағы 20-дан астам суретшінің шығармалары арқылы «қуғын-сүргін табиғатын, оның тереңдігін және қазіргі қоғамға әсерін түсіну» дейді.

«АТАМНЫҢ БАЛАЛЫҒЫ АЛЖИРДЕ ӨТКЕН»

Мемлекеттік өнер мұражайындағы көрме залына қойылған туындылардың ерекшелігі бірден байқалады. Әр әрпіне бір тал қан қызыл түсті жіп байланған көне баспа машинасы 1930 жылдары мыңдаған адамның тағдырын талқан еткен домалақ арыздарды еске түсіреді. Бірнеше қатарға тізіле қалған тат басқан күректер көмусіз қалған, я жүздеп бір ұраға тасталған сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын да, олардың жендеттерін де бейнелеуі мүмкін.

Көрмеге қатысушы суретші Сәуле Сүлейменованың әкесі АЛЖИР-де дүниеге келген. Ол сталиндік қуғын сүргіннің барлық қасіреті мен азабын әкесінің сөзінен естіп-білген.

Суретші Сәуле Сүлейменова (ортада). Алматы, 24 қазан 2013 жыл.
Суретші Сәуле Сүлейменова (ортада). Алматы, 24 қазан 2013 жыл.
– Атам – Бимаш Сүлейменов Сәкен Сейфуллиннің серігі болған екен. Мықты тарихшы болған атамыз 1938 жылы қамауға алынып 1953 жылға дейін тұтқында болған. Артынан апамыз Мариям Сүлейменова да АЛЖИР-ге түскен. Сол жерде баласы – менің әкем дүниеге келген. Әкемнің барлық балалық шағы түрме ішіндегі барактарда өткен. Әкемнің айтуынша, 16 жасқа дейін аяқ киімі болмаған, ал алғаш еттің дәмін 15 жасында, АЛЖИР-ден босап, Алматыға көшіп келгенде татқан. Бұл қасірет менің отбасымның, өмірімнің ажырамас бөлігі, – деді суретші Азаттыққа.

Көрмеге туындыларын қойған авторлардың басым көпшілігі жастар екені байқалады. Жас суретші Әсел Қадырханова сталиндік репрессия туралы айтылғанда тек зиялы қауым өкілдері жиі ауызға ілініп, миллиондаған қарапайым құрбандардың статистикалық мәлімет болып қала беретініне өкінеді.

– Сондай «белгісіз құрбандардың» бірі – менің нағашы атам еді. Ол себепсіз 15 жыл қамауда отырып, Сталин қайтыс болғанан кейін босатылған, – дейді Әсел Азаттыққа.

Әсел тарихи трагедияның барлық құрбандарына өнер адамдарының көңіл аударып, пікірін білдіретін кезі келді деп санайды.

ІШТЕГІ ЖАРА

Көрмеге алғаш келген көрерменнің бірі – Нұрбол Нұрахмет Азаттық тілшісіне туындылардан зор әсер алғанын айтты.

– Тарихымызда болған қасіретті осындай өнер деңгейіне шығарып, оған жаңа көзқараспен қарағандары қуантады. Бұл барлығымыздың ішіміздегі жара еді ғой, соны сыртқа шығарып, көрсетіп жатыр. Саяси тақырыптардың өнерде көрініс тапқаны біздің санамыздың өскенін байқатады, – дейді ол.

«1937: Еске алу алаңы / Жоқтау» арт-жобасына ұсынылған «Молчание ягнят» картинасы. Авторы - Зитта Сұлтанбаева. Алматы, 24 қазан 2013 жыл.
«1937: Еске алу алаңы / Жоқтау» арт-жобасына ұсынылған «Молчание ягнят» картинасы. Авторы - Зитта Сұлтанбаева. Алматы, 24 қазан 2013 жыл.
Көрмені дайындау кезінде авторлар қуғын-сүргін құрбандары мен туыстарының естеліктерімен, осы тақырыпты зерттеген ғалымдармен, мұрағат құжаттарымен, көркем әдебиет, фото және бейне материалдармен танысқан.

– Бір топ автор Алматы мен Қарағанды облыстарындағы бұрынғы лагерь орындарына барып, жоба үшін арнайы фильм және фотосуреттер түсірді. Қуғын-сүргін біздің тарихымыздағы ең үлкен қасірет, оны тек Холокост пен геноцидке теңеуге болады. Қуантарлығы – жобаға өз туындысын ұсынған суретшілер өте көп болды, алайда шамамыз 20-сының ғана туындысын қоюға жетті, – дейді жобаның ұйымдастырушылардың бірі Тимур Нүсімбеков.

Шығармаларда қуғын-сүргін әртүрлі қыры – жаппай тұтқынға алу, зиялы қауымды жою, жер аудару, сатқындық, лаңкестік және 1930 жылдардағы үрей, «халық жауларының» отбасы мүшелерінің тағдырлары көрсетілген.

Ұйымдастырушылар, қаржылық демеу тапса, көрмені басқа да қалаларға алып баруды жоспарлап отыр. Көрме қарашаның 14-іне дейін Алматыдағы Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында жалғаса береді.
XS
SM
MD
LG