Accessibility links

Жүкті және жалғызбасты аналар наразылық танытты


Алматыда аяғы ауыр және бала-шағалы әйелдер жәрдемақы көлемінің қысқаруына қарсы екендерін білдірді. Әлеуметтік қорғау департаментінің өкілі оларға басу айтты.

Ақпанның 20-сы күні Алматыдағы бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің алдына жиналған ондаған әйел бала тууға байланысты бір жолғы төлемдердің жалақы мөлшеріне қарай қысқаруына наразылық білдірді.

Ақпанның 17-сі күні күшіне енген өзгеріс айлығы 186 мың теңгеден асатын әйелдердің төлемақысына тікелей әсер етеді. Яғни бұрын айлығы 10 төменгі айлық (18 мың 660 теңге) есебінен асатын әйелдер жүктілік пен бала тууға байланысты бір реттік төлемді миллион теңгеден артық (6 мың 600 доллардан астам) етіп алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5 мың 200 доллар) ғана төленеді.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 186 мың теңгеден көп айлық алады. Алматыда жиынға келгендер осы 1,2 пайыз әйелдің құқығы неліктен бұзылып жатқанын түсінбегендерін айтты.

ЖАЛДАМАЛЫ МАМАН ДА, КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ ДЕ НАРАЗЫ

Наразылық жиынына келген Алматы тұрғыны Раушан Қаттыбекованың бойына біткен пінә - жеті айлық. Екі баланың анасы бұл жүктілігін жоспарлап, бала үшін алатын төлемдермен кем дегенде жарты жыл үйде отыруды көздеген.

- Мен айлығымның көп болғаны үшін жұмыс істедім, біліктілігімді арттырдым. Жалақым 10 АЕК-тен асқандығына айыпты емеспін. Алған айлығыма сәйкес мемлекетке салық төлеп келдім. Енді ай-күнім жақындағанда маған аз ақша беретін болып отыр. Менің табысыммен бір миллион теңгеге жуық алуым керек еді,- дейді Раушан Қаттыбекова.
Раушан Қаттыбекова, азаматтық белсенді. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Раушан Қаттыбекова, азаматтық белсенді. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.


Алматының тағы бір тұрғыны Әлия Жақсыбаеваның үшінші құрсағын көтергеніне сегіз ай толыпты. Ол жеке кәсіпкер болғандықтан заңдағы өзгерістер мүлдем жағдайын қиындатқанын айтады.

- Заңдағы өзгеріс тек қана декреттің қысқаруына қатысты емес. Жеке кәсіпкерлерпен айналысатын әйелдер бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін төлемақы алғысы келсе, салық департаментінен «кәсіпкерлік жұмысын тоқтатты» деген анықтама тапсыруы тиіс. Мен жұмысымды тоқтата алмаймын, себебі қарамағымда бірнеше адам жұмыс істейді. Ал бір жасқа дейін бала күтіміне берілетін ақшаға күн көру мүмкін емес, - дейді Әлия Жақсыбаева.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып жатқан әйелдер. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып жатқан әйелдер. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.


«ТӨЛЕГЕН САЛЫҒЫМДЫ ҚАЙТАРСЫН!»

Жиналған әйелдердің арасында құрсақ көтеруді ойлап жүргендері де болды. Соның бірі Жанна Құлмағанбетова "енді бала көтеруі екіталай" екенін айтады.

- Менің айлығыммен 2 миллион теңгеге жуық ақша алуым керек. Ол сомаға кем дегенде жарты жыл үйде отырып, баламды толығымен қамтамасыз ете алушы едім. Енді мемлекеттің беріп отырған 700 мың теңгеден аса қаржысы тек үш айға жететіндіктен, үш айлық баланы тастап жұмысқа қайта шығуға тура келеді, - дейді ол.
Жанна Құлмағамбетова, азаматтық қоғам белсендісі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Жанна Құлмағамбетова, азаматтық қоғам белсендісі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.


Жиналған аналар «енді бала тумаймыз» деудің қисынсыз екенін, бірақ бала туып, оны өсірудің мүлдем қиынға соғатынын айтады.

- Менің шағын кәсібім, оған қоса екінші жұмысым да бар. Осы күнге дейін мемлекетке төлеп келген салығым аз емес. Егер мемлекет мені азаматы ретінде қорғағысы келмесе, онда менің салыққа берген ақшамды қайтарсын. Оны қайтарып алу үшін санап көрсем, мен төрт рет декретке шығып, әрқайсысына бір жылға дейін өтемақы алуым керек екен. Сонда ғана мемлекетке берген ақшам қайтпақ, - деді жақында тұрмысқа шыққан Динара Мұқашева.

Жиынға келген әйелдерді бірен-саран ер азаматтар қолдап шықты.
Аналардың наразылық шарасын қолдаушылар. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Аналардың наразылық шарасын қолдаушылар. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.


«ЖҮКТІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛАТЫН ҮЗДІК ӘДІС»

Жиналған әйелдермен сөйлесуге Алматы қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бастығының орынбасары Гүлсара Алтынбекова шықты. Оның айтуынша, әйелдердің басым көпшілігіне қабылданған өзгерістердің мүлдем қатысы жоқ.

- Басым көпшілігіне - әйелдердің шамамен 98 пайызына бұл мүлдем қатысы жоқ. Олар қалай алып келді, солай алады да. Бұл тек жоғары жалақы алатын екі пайызға жуық әйелдерге ғана қатысты. Меніңше, бұл өзгерістер арқылы әлеуметтік теңсіздік жойылып отыр. Ал қалған екі пайыз әйелдердің құқығына келсек, қазір жұмыс берушілермен сөйлесіп жатырмыз, - деді ол.

Департамент өкілі қыз-келіншектерді өзінің кабинетіне шақырып, мән-жайды түсіндірмек болды. Алайда наразы әйелдер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке сәлемдеме алып келгендерін айтып, соны жақын маңдағы «Қазпошта» арқылы Астанаға жіберді. Сәлемдемеде министрге арналған балалардың ойыншықтары мен «жүктіліктің алдын алатын ең үздік әдіс тапқанын бағалаған» сертификат бар.
Әйелдердің еңбек және әлеуметтік қорғау министріне жіберген сәлемдемесі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Әйелдердің еңбек және әлеуметтік қорғау министріне жіберген сәлемдемесі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.



Бала тууға қатысты бір рет төленетін ақының қысқаруына қатысты наразылық шарасы бұған дейін Астанада да өтіп, қоғамдық белсенділер еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездескен еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG