Accessibility links

Билік олимпиадаға 2 млрд доллар жұмсауға бейіл


Шаңғымен секіру тұғырын (K125) қысқы Азия ойындарына дайындап жатқан жұмысшылар. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Шаңғымен секіру тұғырын (K125) қысқы Азия ойындарына дайындап жатқан жұмысшылар. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

2022 жылғы қысқы олимпиада өткізу хақына ие болса, қанша қаржы жұмсалады? Қала қалай өзгереді? Азаттық тілшісі Қазақстанның ХОК-қа тапсырған құжаттарымен танысып шықты.

Қазақстан олимпиада комитетінің 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге орай дайындаған Алматының кандидаттық кітабында қалада қандай нысандар салынатыны, қанша қаржы жұмсалатыны көрсетілген.

Кітаптағы мәлімет бойынша, Алматы қысқы олимпиада өткізуге 2 миллиард 195 миллион доллар жұмсамақ. Бұл қаржының 120 миллионы паралимпиадаға бөлінеді.

«ҮШ ЖАҢА КЕШЕН САЛЫНАДЫ»

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) мәліметі бойынша, Алматыда ойындар өткізетін спорт кешендерінің 60 пайызы дайын, онда 500 қызметкер жұмыс істейді.

2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездесуде Алматы олимпиада өткізу мәртебесін иеленсе, Астанамен бірге өткізетінін айтқан. Қазақстан бұл тәсілді 2011 жылы қысқы Азиада өткізген жылы қолданып та көрген. Бірақ осы жолы ҰОК тапсырған құжатта олимпиада тек Алматыдағы кешендерде өтетіні жазылған.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

ҰОК өкілі Андрей Крюков қаңтардың 7-сі күні Лозаннада өткен ХОК-тың арнайы жиынында «Олимпиада 14 кешенде өтеді. Сегіз спорт кешені дайын. Үш кешеннің құрылысы басталып кетті. Олимпиаданы ұтып алған жағдайда үш спорт кешені жаңадан салынады» деп мәлімдеген.

ҰОК Азия ойындары өткен Табағанда фристайлдың могул, акробатика түрін, Шымбұлақта тау шаңғысының алып слалом түрін, Ақбұлақта шаңғы-биатлон жарысын өткізуді жоспарлаған.

Ал «Сұңқар» кешенінде трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы,«Медеуде» коньки, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында хоккей жарыстарын ұйымдастыру көзделген. Алматының Орталық стадионында олимпиаданың ашылу-жабылу салтанаттары жоспарланған. Бұл кешендер кітапта «олимпиадаға толық дайын» деп көрсетілген.

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ МЕН ШАТЫР САЛУ

Спорт журналисі Рауан Оқас «дайын кешендердің» өздері күрделі жөндеуге мұқтаж екенін айтады.

«Олимпиадаға керек спорт кешендерінің 60 пайызы дайын деп айтқанымен Азия ойындары өткен спорттық нысандардың біразы олимпиадалық стандартқа сай келмейді. Азиадаға шақтап салынған «Табаған», «Ақбұлақтың» жолдарын олимпиадалық стандартқа қайта ыңғайлау керек. Олимпиада ойындарында коньки жарыстары ашық стадионда өтпеуі тиіс. Демек Медеудің үстін шатырмен жабу қажет» дейді ол.

Алматының кандидаттық кітабында Балуан Шолақ спорт сарайындағы орын саны 5000-нан 6600-ге көбейетіні, «Медеу» мұз айдынына шатыр салынатыны көрсетілген. Алматы олимпиада өткізу құқығын жеңіп алса қаладағы Орталық стадион жөнделіп, үсті шатырмен жабылады.

Алматыда универсиада үшін салынатын мұз айдын кешенінің макеті (Сурет Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінен алынды).

Алматыда универсиада үшін салынатын мұз айдын кешенінің макеті (Сурет Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінен алынды).

Алматы 2017 жылы қысқы универсиадаға салынып жатқан үш мың орындық Curling Arena (керлингке арналған құны – 86 миллион долларлық) және 12 мың орындық Ice Arena (шайбалы хоккейге арналған құны – 169 миллион долларлық) нысандарын олимпиадаға қолданбақ.

ҰОК қысқы олимпиаданы өткізу хақын жеңіп алған жағдайда бобслей, шана спортына арналған трасса Алматыдағы шаңғы трамлпин кешенінің маңынан салынуы тиіс болады. Тау шаңғысына арналған 12 мың көрермен сыятын Tau Park базасын салу да жоспарланған. Бұдан бөлек жобаға 12 мың орындық шорт-трек пен мәнерлеп сырғанауға арналған Olympic Arena кешенін салу да кірген.

Алматының кандидаттық кітабында үш олимпиада қалашығы салынатыны, оған 280 миллион АҚШ доллары жұмсалатыны жазылған. «Алматы», «Ақбұлақ», «Медеу» деп аталатын қалашықтарда 7567 төсек орын болады. Бұдан бөлек, журналистерге арналған медиа-орталық, cпортшылардың тамақтану орталығы да салынады.

Қазақстанның ресми спорт өкілдері бұл спорт кешендерінің барлығы олимпиададан кейін өтетін паралимпиада ойындарына да пайдаланылады деп хабарлайды.

«МЕТРО ЖОЛЫ ҰЗАРАДЫ»

Олимпиада өткізу құқығын жеңіп алу алматылық жолаушылар үшін де тиімді болып шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша метро стансалары мен автобус жолдары салынбақшы. Алматы әуежайына жаңа екі терминал қосылады. Шетелдік және жергілікті жанкүйерлер үшін қалада алты ірі қонақ үй салынады.

Кандидаттық кітаптағы мәлімет бойынша, Алматыда олимпиада өтсе, 8000 әскер, 2500 полицей, 500 өрт сөндіруші, 1000 жедел жәрдем қызметкері, 3000 ерікті, барлығы 20 мың адам қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Алматы метросы олимпиадаға дейін 17,6 шақырымға ұзаруы тиіс болады. Қала әкімдігінің мәліметінше, Алматы метросының қазіргі ұзындығы – 7,9 шақырым. 2022 жылы олимпиада Алматыда өткен жағдайда 28 метро пойызы, 21 трамвай, 256 троллейбус, 1944 автобус жолаушылар мен жанкүйерлерді тасиды.

Алматыдағы олимпиада нысандарының орналасу картасы (Алматының кандидаттық кітабынан алынған скриншот). Суретті бассаңыз үлкейеді.

Алматыдағы олимпиада нысандарының орналасу картасы (Алматының кандидаттық кітабынан алынған скриншот). Суретті бассаңыз үлкейеді.

ҰОК 2022 жылғы олимпиаданы 4-20 ақпанда, паралимпиаданы 4-13 наурызда өткізуді жоспарлап отыр.

ҰОК пен Алматы әкімдігінің оптимизмге толы бұл жоспарымен кейбір жергілікті құқық қорғаушылар мен эко-белсенділер келісе қоймайды.

Қазақстанда бірнеше қоғамдық ұйым «елде әлеуметтік жағдай нашар, жұмыссыздар көп» екенін айтып ХОК президенті Томас Бахқа олимпиада өткізу құқығын Алматыға бермеуді сұрап, хат жазған. Ал табиғат қорғау ұйымдары Іле Алатауының маңына спорттық кешендерді салуға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, бірнеше акция ұйымдастырған. Белсенділер табиғи қорықтың құрылыстан қатты зиян шегетінін айтады.

Алайда Алматының кандидаттық кітабында олимпиада өткізу бастамасын «қала тұрғындарының 80 пайызы, алты саяси-қоғамдық партия қолдағаны, тек ЖСДП партиясының бейтарап қалғаны» көрсетілген. ҰОК алматылықтар арасында сауалнаманың соңғы рет қашан жасалғанын анықтап жазбаған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG