Accessibility links

Түрме әкімшілігі Козловтың не үшін сөгіс алғанын айтпайды


Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

​Түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтініші «әлі алынбаған төрт сөгісі бар» деген уәжбен орындалмады. Түрме әкімшілігі бұл сөгістер не үшін берілгенін айтпайды.

Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі, «Жаңаөзен оқиғаларына қатысы бар» деп айыпталып, 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған Владимир Козлов жаза мерзімін Алматы облысы Заречный кентіндегі жалпы тәртіптегі колонияда өтеп жатыр. Ол көбірек сәлемдеме және кездесу (колониядан тыс кездесу мүмкіндігі де бар) алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген режимге ауыстыруды сұрап өтініш жазған. Түрме әкімшілігі «төрт сөгісі бар» деген уәжбен Козловтың жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтінішін орындаудан бас тартқан.

Түрме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары (жұрт арасында «замполит» деп аталады) майор Адақ Нұрлановтың Азаттық тілшісіне «Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеден келгенде Владимир Козловтың мойнында өтелмеген үш сөгісі болған» дейді.

Адақ Нұрлановтың айтуынша, Владимир Козловқа бір айдай бұрын Алматы түбіндегі Заречный кентіндегі түрмеде төртінші мәрте сөгіс берілген. «Замполит» мұны тұтқын Козловқа өзі хабарлағанын айтып, «сондықтан Козлов сөгістері барын білмеуі мүмкін емес» дейді.

«Владимир Козловқа не үшін төрт сөгіс берілген? Тым болмаса соңғы, төртінші сөгіс не үшін берілгенін айтыңызшы» деген сұраққа Адақ Нұрланов жауап беруден бас тартты.

Әйелі Әлия Тұрысбекованың айтуынша, Владимир Козлов жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға негіз болған төрт сөгіс барын білмеген.

Әлия Тұрысбекова. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.

Әлия Тұрысбекова. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.

Ерінің түрмедегі жағдайын жеңілдетуге кедергі болған жайттарды әдейі ұйымдастырылған әрі саяси астары бар деп санайтын Әлия Тұрысбекованың пікірін оппозициялық «Республика» сайты жариялады. «Володя телефон соғып, жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтініші орындалмағанын айтты. Комиссия отырысы тамыздың басында өткен. Ол өзінде төрт сөгіс барын мүлде білмеген. Оның өтінішін әлгі сөгістер негізінде қанағаттандырмаған. Енді ол күзде қоныс-колонияға ауыстыру туралы өтініш бере алмайды. Володя қапаланып қалды» дейді ол.

Әлия Тұрысбековамен хабарласу мүмкін болмады. Туыстарының айтуынша, қазір ол түрмедегі күйеуімен ұзақ мерзімді кездесуде болуы мүмкін. Бірақ Владимир Козлов отырған түрме басшылығы Азаттық тілшісіне тамыздың 14-іне белгіленген ешқандай кездесу жоқ екенін айтты.

Белгілі құқық қорғаушы, кейбір қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары «бұрынғы саяси тұтқын» деп санайтын Евгений Жовтистің айтуынша, тұтқын жазаға тартылғанынан хабарсыз болса, оларды заңға қайшы деп тануға болады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.

Жовтистің айтуынша, тұтқынның мойнында алынбаған бірнеше жазаның күтпеген жерден пайда болуы – биліктің түрме әкімшілігі арқылы «ұнамсыз» жандарға, әсіресе саяси тұтқындарға қысым көрсету жолдарының бірі.

Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде отырған. Биыл наурыз айында оны Алматы облысындағы түрмеге ауыстырған. Кейбір қазақстандық ұйымдар оны саяси тұтқын деп танып, оны халықаралық құқық қорғау ұйымдары да қорғаған. Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқығы ахуалына қатысты қарарында «билік Козловты саяси астары бар себептермен қудалайды әрі оған қарсы қылмыстық іс қолдан жасалған» деп мәлімдеген. Владимир Козловтың жақтастары тамыздың 10-ы күні Алматы түбіндегі Заречный кентіндегі түрменің алдында оның 54-ке толған туған күнін атап өткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG