Accessibility links

«Автотұрақ бақылаушылары тегін қызмет көрсетеді»


Алматы көшелері бойындағы автотұрақтарда «заңсыз ақша жинау» осы айдың басынан тоқтатылатыны хабарланған еді. Алайда Азаттық тілшісі олардың бұрынғыша жұмыс істеп жатқанын көріп қайтты. Ал тиісті мекеме «тегін қызмет көрсететінін» айтады.

Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Алматы» телеарнасы қазанның 26-сы күні «1 қарашадан бастап Алматыда жол жиегінде орналасқан автотұрақтар тегін болады. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тротуарлық типтегі (жол жиегіндегі – ред.) автотұрақтарға ақы төленбейді» деп хабарлаған.

"Алматы ақшамы" газетінің қаладағы тротуарлық типтегі автотұрақтардағы ақылы қызметтің тоқтатылғаны жөніндегі мақаласының фотокөшірмесі. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

"Алматы ақшамы" газетінің қаладағы тротуарлық типтегі автотұрақтардағы ақылы қызметтің тоқтатылғаны жөніндегі мақаласының фотокөшірмесі. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

Мұндай ақпаратты Алматы әкімдігіне қарасты «Алматы ақшамы» газеті де қазанның 27-сі күнгі санында «Жексенбідегі жағымды жаңалық» деген тақырыппен бірінші бетіне басқан еді. Газет «Тұрақ үшін ақы төлемеуден басталған жанжал төбелеспен аяқталып, тіпті ерегес соңы атысқа ұласқан жәйттер әмбеге аян. Сондықтан, заңсыз ақша жинаудың жолын кесу мақсатында қала билігі автотұрақтар мәселесін көтерді. Сала басшылары көше бойындағы автотұрақтарда төлем терминалдары болмаса, көлік жүргізушілері ақша төлеуге міндетті емес деген шешімге келді» деп жазады.

Қалалық газеттің ақпаратына қарағанда, «мұндай шешім жақында [қала әкімдігінде] өткен Алматының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне қатысты жиында қабылданған. Оған автотұрақтарда салық төлеу барысындағы заңбұзушылыққа орын беруі мен келісімшарттағы міндеттердің дер кезінде орындалмауы себеп» болған.

«КӨЛІГІМДІ ӨЗІМ ДЕ ОРНАЛАСТЫРА АЛАМЫН»

Ерлан атты Алматы тұрғыны Алматы әкімдігінің тротуарлық типтегі ақылы автотұрақтар қызметін тоқтату туралы шешімін қолдайтынын айтады.

- Өйткені олар жоқ орынды тауып бере алмайды. Ал орын болса, ол орынға өзім де көлігімді орналастыра аламын. Содан кейін парковщиктер (автотұрақ бақылаушыларын айтады - ред.) көлігіңнің қауіпсіздігіне жауап бермейді екен. Бір жолы көлігімнің магнитофонын ұрлап кетті. Тауып бере алмады. Сонда оларға не үшін ақша төлеуіміз керек, - дейді ол.

Алматыдағы жол жиегіндегі автотұрақтардың бірінің бақылаушысы. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы жол жиегіндегі автотұрақтардың бірінің бақылаушысы. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы жергілікті ақпарат құралдары жол бойындағы автотұрақтардың ақылы қызметіне қала тұрғындарының наразы екенін бұрыннан жазып келеді. Ол мақалаларда көлік жүргізушілері көбінесе автотұрақ бақылаушыларының «чек бермейтінін, төлеген ақшасының қайда кететінін білмейтінін» айтады.

Ал Азаттық тілшісі қала көшелеріндегі тротуарлық типтегі автотұрақтардың ақылы қызметінің тоқтаған-тоқтамағанын анықтауға шыққанда, ондағы бақылаушылардың бұрынғыша жұмыс істеп жатқанын көріп қайтты.

«БЕРСЕ АЛАМ, БЕРМЕСЕ СҰРАМАЙМЫН»

Алматының Төле би көшесінің Розыбакиев, Тілендиев және Брусиловкий атындағы көшелермен қиылысатын тұстарындағы, сондай-ақ Абылай хан көшесімен Жібек жолы, Гоголь атындағы көшелердің қиылысындағы жол жиегіндегі автотұрақтарда қызмет көрсетіп тұрған бақылаушылар Азаттық тілшісімен тілдесуден бас тартты.

Тек камера сыртында ғана тілдесуге келіскен автотұрақ бақылаушысының бірі «әкімдіктің шығарған қаулысын естігенін, бірақ басқа жұмыс жоқ болғандықтан, амалсыз жүргенін» айтты. Ол автотұраққа келіп тоқтаған көлік жүргізушілерінен ақша талап етпейтінін, «берсе алатынын, беремесе сұрамайтынын» мәлімдеді.

Сондықтан біз парковщиктердің бұрынғы жалақысын сақтай отырып, олардың тегін қызмет көрсетуін қамтамасыз еттік.

Алайда «Алматы паркинг» («Алматы спецтех паркинг» - авт.) компаниясы өкілі Ербол Жансейітов «паркингпен келісімшарттағы қызметкерлердің (ресми атауы – автотұрақ бақылаушысы – ред.) еңбек шарттарының күшінде қалғанын, олар енді жол бойындағы көлік қоюшыларға тегін қызмет көрсететінін» айтты.

- Көше бойындағы біздің қызметкерлер жұмыс істемеген бірінші күні (қарашаның 1-і күнін айтады – ред.) қаншама авариялар болды. Сондықтан біз парковщиктердің (автотұрақ бақылаушыларын айтады – ред.) бұрынғы жалақысын сақтай отырып, олардың тегін қызмет көрсетуін қамтамасыз еттік, - деді Ербол Жансейітов Азаттық тілшісіне.

Ал «салық төлеу барысындағы заңбұзушылықтар мен келісімшарттағы міндеттердің орындалмауына» қатысты сұраққа ол «бұл сауалдарыңызға Алматы қалалық жер қатынастары бөліміне жазбаша сауал жолдау арқылы жауап ала аласыздар» деп жөн сілтеді.

200-ДЕН АСТАМ ШАҒЫМ

Азаттық тілшісіне Алматы қаласы муниципалдық қызметтерінің бірыңғай кезекші диспетчерлік орталығы («109» телефон нөмірі) қызметкері «Алматы тұрғындарының әкімдік шешімінен хабардар» екенін, «автотұрақтағы ақша жинауға қатысты шағымдардың қараша айы басталғалы жиілегенін» айтты.

- Мәселен, қарашаның 3-і күні «109» нөміріне шағым айтып хабарласқандардың саны 200-ден асып кетті. Олардың кейбірі парковщиктермен ұрсысқандарын да айтты. Қаланың тиісті қызметтері бұл шағымдарға қатысты әрекет жасайды, - деді орталық қызметкері.

Автотұрақ үшін ақы төлеуге арналған паркомат. Алматы, 03 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Автотұрақ үшін ақы төлеуге арналған паркомат. Алматы, 03 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Алматы» телеарнасы ақпаратына қарағанда, көлігін жол жиегіндегі тұраққа қойғаны үшін азаматтардан ақы алуға салынған тыйым «сауда орындарындағы, ойын-сауық орталықтары мен әуежай, вокзал және басқа да жер телімдерінде орналасқан жекеменшік автұрақтарға қатысты емес». Алматы қаласы ақылы автотұрақтарын ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы қаулыда жол жиегіндегі ақылы автотұрақтар электрондық төлем жүйесімен жабдықталуы тиіс екені де жазылған.

Ал өзін Маржан деп таныстырған көлік жүргізушісі Азаттыққа «бүгін (қарашаның 3-і күнін айтады – ред.) көлігін жол жиегіндегі тұраққа қойғаны үшін бақылаушыға 50 теңге төлегенін» айтты.

- Өйткені олардың ақылы қызметтерінің тоқтағанын естіген жоқ едім, енді төлемейтін боламын, - дейді Маржан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG