Accessibility links

Жолаушылар жол ортасында түсіріп кетуге наразы


Жол ортасында есігін ашып тұрған жолаушы тасымалдатын автобус. Алматы, 20 наурыз 2014 жыл.

Жол ортасында есігін ашып тұрған жолаушы тасымалдатын автобус. Алматы, 20 наурыз 2014 жыл.

Алматыдағы автобустардың кейбірі жолаушыларды екінші, не үшінші қатардан түсіріп кетеді. Әкімшілік өкілі оларға айыппұл жазудан ештеңе өнбейтінін айтады.

Алматылық Ернат қаладағы автобус жүргізушілерінің кейбірінің жол ережесіне бағынбайтынына ренжиді.

«Қыста 26-автобустан түсе бергенімде машина қағып кетті. Автобус аялдамаға екінші қатарға келіп тоқтаған еді. Құдай қағып, қатты жараланбадым» дейді ол.

«ӘУЕЛІ АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ СҰРАЛАДЫ»

Қоғамдық көліктердің жүргіншілерді аялдама тұрған ең шеткі қатардан емес, ішкі жақтағы екінші, не үшінші қатардан түсіріп кететінін Азаттық тілшісі де көрді. Сүйінбай мен Райымбек көшелерінің қиылысындағы сондай көліктерге қарап тұрған тілшінің қасына келген Бақытжан есімді тұрғын: «Қоғамдық көліктердің аялдамаға бей-берекет келіп тоқтауы – аялдамалардың жүйесіздігінен» деп пікір білдірді.

«Мына жер өте тар. Екі көшенің қиылысына аялдама жасап қойған. Автобустар сыймайды, сосын екінші қатарға кеп тоқтайды» дейді Бақытжан.

Азаттық тілшісі жолаушыларды жолдың екінші қатарында түсіріп жатқан автобустардың біріне барып, неге заң бұзғанын сұраған еді.

«Білмеймін ғой. Бастықтардан сұрасаңшы» деп жауап берді көлік жүргізушісі.

Қазақстан автомобилистер одағы ұйымының жетекшісі Эдуард Эдоковтың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісінің тәртіп бұзуынан зардап шеккен Ернат сияқты тұрғындар әуелі автобус паркіне қоңырау шалуы керек.

«Автобус екінші қатарға немесе жолдың ортасына тоқтап, жолаушыларды түсіріп жатқан сәтте басқа бір көлік адамды қағып кетсе, немесе жол-көлік апаты бола қалса, ең бірінші кінә автобус жүргізушісіне тағылады. Содан кейін ғана қаққан көлік иесі айыпталады. Сондықтан автобустан түсіп жатып оқыс жағдайларға тап болған жүргінші алдымен автобус жүргізушісінің үстінен шағымдану қажет» дейді ол.

«ХАТТАМА ТОЛТЫРҒАННАН ҚАЙЫР ЖОҚ»

Азаттық тілшісі қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолаушыларды мінгізіп-түсірген кезде тәртіп сақтамауына байланысты Алматыдағы автобус парктеріне, жол-патрульдік полициясына хабарласқан еді. Бірақ олардың ешқайсысынан нақты жауап болмады.

«Ондай проблема бар» екенін Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Әсет Төлеуішов растайды.

«Әкімшілік жол полициясы күнделікті қызмет етеді. Мәселен, сіз айтып отырған аумаққа қатысты әкімшілік жол полициясы бізге апта сайын есеп береді. Сонда сол жерге тоқтайтын автобустарға 20-25 хаттама толтырылады. Тіпті әр жүргізушінің басында үшке дейін толтырылған хаттама бар. Бірақ [жол Автобус аялдамасында тұрған адамдар. Алматы. 6 тамыз 2013 жыл.

Автобус аялдамасында тұрған адамдар. Алматы. 6 тамыз 2013 жыл.

ортасындағы қатарға тоқтамау керек екенін] ұқпайды» дейді қалалық жолаушылар көлігі басқармасының өкілі.

Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша «Алматыда автобус жүргізушілері жетіспейді, әрбір автобус паркінде жүргізуші жоқ 50 шақты автобустан бос тұр». Бұл жағдай да үстінен ескерту-хаттама толтырылған жүргізушілердің тиісті жазаға тартылмауына себеп болып тұрғандай.

Әкімдік бірнеше жыл бұрын «қаладағы жолаушы тасымалы саласындағы проблеманы шешу үшін» жеке меншік кәсіпорындармен бәсекелес болатын 200 автобустық муниципалдық автопарк құрғанын хабарлаған. Қала әкімі Ахметжан Есімов биыл сәуірдің басында ол автопарктегі көлік 600-ге жететінін, ондағы көлік жүргізушілерінің «жалақысы мен еңбек жағдайы жақсы» екенін айтқан.

Алматыда 115 бағыт бойынша 2 мыңға жуық қоғамдық көлік (автобус, трамвай, троллейбус) жүреді. Тұрғындар бұл қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына наразы болса, әкімдік ашқан арнайы сайт арқылы да шағымдана алады.

Алматылықтар қоғамдық көлікке қатысты жиі наразылық білдіретінін, қалада жолаушы таситын көлік жетіспейтінін Азаттық бұған дейін де жазған еді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG