Accessibility links

«Оңайға» қарсы жүргізушілер жағдайлары қиын екенін айтты


Қоғамдық көлік ішінде тұрған электрондық төлем жабдығы. Алматы, 4 қараша 2015 жыл.

Қоғамдық көлік ішінде тұрған электрондық төлем жабдығы. Алматы, 4 қараша 2015 жыл.

«Оңай» төлем жүйесіне наразы көлік жүргізушілері жұмыстан шығып қалғандарын хабарлады. Ал тиісті мекемелер бұл оқиға жайлы сауалға «басшымыз осы мәселе бойынша жиналыста жүр» деп қана жауап береді.

Алматылық Таңат Мұсаев – қаңтардың 18-і күні «Оңай» электронды жолақы төлемі жүйесіне наразылық білдіріп, Абай даңғылының бойында автобустарын тоқтатып тастаған 17 жүргізушінің бірі.

«АЙЛЫҒЫМЫЗ ҚАНША ЕКЕНІН БІЛМЕЙМІЗ»

Тоғыз жылдан бері қаланың шығысындағы Думан ықшам ауданынан батысындағы Яссауи көшесіне қатынайтын 65-бағыттағы автобустың жүргізушісі болған азамат жаңа төлем жүйесі өздеріне тиімсіз екенін айтады. Таңат Мұсаевтың сөзінше, ол «Оңай» жүйесі енгізілген 11 қаңтардан бері бір апта бойы автобусына жанармайды өз ақшасына құйып келген.

– Қашанғы жанармайды өз қалтамыздан құюымыз керек? Тіпті ол үшін де бірдеме қылып ақша табуымыз керек қой. Жанармай үшін «Оңайы» жоқ жүргіншілерден ақша алсақ, айыппұл салады. Соған наразылық танытқанымыз үшін жұмыстан шығып қалдық, – дейді ол.

Алматыдағы автобустардың бірінің жолаушылары. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы автобустардың бірінің жолаушылары. (Көрнекі сурет)

Таңат Мұсаев «Оңай» жүйесі енгенге дейін басшылық тағайындаған күндік норманы орындап, артылған ақшаға жанармай құйып, қалғанын үйге апаратынбыз» дейді.

65-бағыттағы автобустың жүргізушісі өздері қызмет ететін «Тұлпар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (ЖШС) бұған дейін жалақы алып көрмегендерін, жолаушылардан алған ақшаның күндік жоспар мен жанармайдан артылғанына өмір сүріп келгенін де айтты.

– Зейнетақы қорына ай сайын 2 мың 700 теңге түсіп отырады. Соған қарап «жалақымыз 27 мың теңге көлемінде белгіленген болар» деп шамалаймыз, – дейді «Оңай» жүйесі енген соң да алатын жалақы мөлшері белгісіз болып қалғанын айтқан Таңат Мұсаев.

«БАСШЫЛАР ОСЫ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША ЖИНАЛЫСТА ЖҮР»

Азаттық тілшісі «Оңай» жүйесіне наразылық білдірген 65-бағыт жүргізушілері жұмыс істейтін «Тұлпар» серіктестігіне хабарласқанымен, басшыларының ешбірімен тілдесе алмады. Кейбір сауалдарға мекеменің кадр бөлімінің қызметкері Гүлмира Медібаевадан жауап алудың ғана сәті түсті. Оның айтуынша, кеше 65-автобус жүргізушісі Таңат Мұсабаев пен «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС қызметкерінің арасында «Оңай» төлем жүйесіне байланысты келіспеушілік болғаны рас.

Аялдамада тұрған автобус. (Көрнекі сурет)

Аялдамада тұрған автобус. (Көрнекі сурет)

– Олар («Алматы қаласы көлік холдингі» – ред.) әкімшілік полициясын шақырған. Біздің қызметкер хаттамаға қол қоймаған. Кейін Таңатты қолдаған басқа жүргізушілер Абай көшесінің бойында тоқтап тұрып алған. Қазір осы мәселеге байланысты қызметтік тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жүргізушілер жұмысқа шыққан жоқ, – дейді «Тұлпар» мекемесінің өкілі.

Оның айтуынша, мекеме басшылары «осы мәселеге қатысты Алматы қалалық әкімшілігінде жиналыста жүр».

Гүлмира Медібаева мекемесі мен көлік жүргізушілер арасындағы келісім туралы, жалақы көлемі жайлы сауалдарға жауап бере алмайтынын айтты.

Азаттық тілшісі бұдан кейін Алматы қаласы жолаушылар көлігі басқармасы мен «Алматы қаласы көлік холдингіне» де хабарласты. Бірақ басқарма мен холдингтің аты-жөнін айтпаған қызметкерлері басшыларының «жұмыстан шыққан жүргізушілер мәселесіне байланысты жиналыста жүргендерін» мәлімдеді.

Алматыда «Оңай» электронды көлік картасы 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап іске қосылған. Осы күннен бастап жолаушылар көлікте жол жүру ақысын қолма-қол ақшалай төлей алмайды.

2015 жылдың қазанынан бастап сатыла бастаған «Оңай» картасына байланысты тұрғындар тарапынан наразылық жиі айтылған. Жолаушылар картаны алу мен оған ақша салуда қолайсыздық көп екенін айтып шағымданған.

Тұрғындар бұл картаны 400 теңгеге сатып алып, кейін арнайы орындардағы желілер арқылы ақшасын толтырып отырады. Ересектер көлікке әр мінген сайын картасынан 80 теңге, ал оқушылар мен студенттерден 40 теңге алынады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG