Accessibility links

Алматыдағы ауызсу сапасы әртүрлі болып шықты


Тау бұлақтарынан су алатын тұрғындар «қаладағы құбыр суының хлоры көп, ішуге жарамсыз» екенін айтады. Азаттық тілшілері Алматының ауызсуына лабораториялық зерттеу жасатып көрді.

Алматының кейбір тұрғындары таудың таза суын іздеп, Медеу мен Алмарасан сайындағы бұлақтарға барады. Олардың айтуынша, «қаладағы құбыр суы ішуге келмейді, құрамында хлор көп».

«Шынымен қаладағы үйлерге құбыр арқылы келіп тұрған су ішуге жарамсыз, көп хлорланған ба?», «Ерінбей тауға шығып, бұлақтан су тасыған жөн бе?» деген сауалдарға жауап іздеп, ауыз суға лабораториялық сараптама жасатуды жөн көрдік.

ҮШ ЖЕРДІҢ СУЫ

Алматылықтар ішіп отырған судың сапасын білу үшін қаланың үш жеріндегі ауызсу үлгісін алды.

Әуелі 11-ықшамауданға бардық. Мұндағы тұрғындар ауызсудың сапасы «нашар» екенін айтқанымен, көбі үйлерінен су алып беруге келіспеді. Тек Жансая есімді тұрғын ғана үйіндегі судың сапасына «көңілі толатынын» айтып, есігін ашты.

Талап бойынша, суды құбырдан 15-20 минут бойы ағызып, содан кейін бір литр таза ыдысқа толтыра құйып алдық. Ыдыстың ішіне ауа кірмейтіндей етіп мықтап жабу да – негізгі талаптардың бірі. Сараптамаға алынған суды бір тәуліктің ішінде зертханаға жеткізген абзал.
Құбырдан ағып тұрған су. Алматы, 15 наурыз 2013 жыл.

Құбырдан ағып тұрған су. Алматы, 15 наурыз 2013 жыл.


Одан соң қаланың төменгі жағындағы Алатау ауданынына қарасты Кисловодск көшесіндегі (Райымбек батыр мен Емцов көшелерінің қиылысындағы) жер үйлерге бардық. Ол жердегі тұрғындар да «суда хлордың иісі жиі сезіліп тұратынын» айтты. «Бірақ иісі кеткенде суымыз жаман емес» деді ішетін суының үлгісін берген Мавдашевтер отбасы.

Соңынан көпшілік «таза әрі минералды су» деп білетін, Алмарасан шатқалындағы бұлақтан ағып жатқан суды құйып алдық. Мұндағы бұлақтың суын негізінен Алматының ауқатты отбасылары пайдаланады. Оның бірнеше себебі бар: Алмарасан қаладан оншақты шақырым жоғары орналасқан, оған қоса ұлттық парк аумағы болғандықтан бұл жерге кіру – ақылы (әр адамнан 370 теңге алады).

САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Алматының үш ауданынан алынған үш литр суды сол (наурыздың 12-сі) күні «Экогидрохимгео» зертханасына апарып өткіздік.

Орталық мамандары ауыз суға бір апта көлемінде химиялық сараптама жасады. Наурыздың 27-сі күні зертхана меңгерушісі Гүлнұр Нысанбаева сараптама қорытындысымен таныстырды.

– Алып келген үлгілеріңіздің үшеуі де санитарлық эпидемиологиялық нормаға сәйкес болып шықты. Тек Алмарасаннан келген суда фтор мөлшерден тыс (3,63) екені анықталды. Қалыпты нормасы – 1,5. Бірақ тау суында фтор әрдайым көп болады. Өйткені ол – ауызсу емес, минералды су, – дейді маман.
"Экогидрохимгео" қызметкері суды тексеріп тұр. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.

"Экогидрохимгео" қызметкері суды тексеріп тұр. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.


Гүлнұр Нысанбаеваның сөзінше, қаланың төменгі жағындағы Алатау ауданынан алынған су – басқа суларға қарағанда «ең жұмсақ».

– Судың кермектігі 7-ден аспауы тиіс. Алатау ауданындағы суда бұл көрсеткіш – 2,6, ал 11-ықшамауданда – 5,2, Алмарасандағы суда – 3,6. Бұл үш үлгідегі ең «жұмсақ» су Алатау ауданында екендігі анықталды, – деді маман.

Маман сараптама барысында судағы хлордың да тиесілі нормадан аспағаны анықталғанын айтты.

Оның сөзінше, «ара-тұра ауыз судағы хлордың дәмі мен иісі шығуы қалыпты жағдай, өйткені көктем мен күз кезінде қала суын хлормен залалсыздандырады».

– Залаласыздандыру жұмысын мамандар жасайтындықтан хлор тиісті мөлшерден көп болмайды. Хлор аз уақытта «ұшып» кетеді, ондай суды не қайнатып, не біраз тұндырып барып ішуге болады, – деді Гүлнұр Нысанбаева.

«ӨЛІ» СУ МЕН «ТІРІ» СУ

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы ауызсу сапасы өзге аймақтармен салыстырғанда өте жоғары. Қалада пайдаланылып отырған судың 70 пайызы – жерасты суы (500 метр тереңдіктен алынады), 30 пайызы – тазартылған жерүсті суы.

Алайда қаладағы су құбырларының 70 пайызының қолдану мерзімі өткендігі су сапасына кері әсер етеді.

«Экогидрохимгео» орталығы маманы Гүлнұр Нысанбаеваның айтуынша, санитарлық-эпидемологиялық станция өкілдері қала суын күрделі – бактериологиялық және радиологиялық сараптамалардан өткізіп, сапасын үнемі бақылап отырады.
"Экогидрохимгео" зертханасындағы су үлгілері. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.

"Экогидрохимгео" зертханасындағы су үлгілері. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.


Мамандар суды «өлі» су және «тірі» су деп бөледі. «Өлі» су – барлық минералдар мен микроорганизмдерден тазартылған, ешқандай қоспасы жоқ, химиялық таза өнім. Ал «тірі» су – өзен-көлдердің суы. Өзен-көлдегі суға жерасты сулары қосылып, құрамындағы элементтерді, тіршілікке қажетті минералдар мен тұздарды байытады. Егер су барлық минералдардан тазартылса, оның еш пайдасы болмайды.

Дәрігерлер судағы түрлі микроэлементтер адам денесіндегі әрбір мүшенің қызметіне әсер ететінін айтады. Мысалы, жүрекке – калий мен магний, буын, сүйек, тіске – кальций мен мырыш, миға – фосфор, қанға – темір қажет.

Егер адам минералдардан тазартылған суды ғана іше берсе, таза су ағзадағы пайдалы элементтерді біртіндеп шайып кетеді. Соның кесірінен ағза өзіне қажетті пайдалы заттардан айырылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамның 90 пайыз ауруы сапасыз судан пайда болады.

Азаттық наурыз айында су аптасын өткізді. Қазақстандағы ауызсу сапасы мен тариф және осы саладағы кейбір мәселелерге арналған сериялы мақалалар жариялап, маманмен онлайн-конференция өткізді.

Апталық барысында Алматы қаласының ішінде де ауызсумен қамтамасыз етілмеген аудандар бар екені, Қазақстанда 2011 жылы басталған елді мекендерге ауызсу тарту «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттік қаржының дұрыс жұмсалмай жатқаны анықталды.

"Азаттықтың су аптасы" айдары бойынша шыққан және басқа да архивтік материалдарды мына арнайы парақшадан оқи аласыздар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG