Accessibility links

Үш кәсіпкердің билікпен соттасу әуре-сарсаңы


«Одежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Қалжамал Ысқақова. Алматы облысы, желтоқсан, 2015 жыл.
«Одежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Қалжамал Ысқақова. Алматы облысы, желтоқсан, 2015 жыл.

Алматы облысында жергілікті билікпен соттасуға мәжбүр болған кей кәсіпкерлер «қадағалау органдарының біліксіздігінен экономикалық ахуал нашарлап кетті» дейді.

Талдықорған қаласы тұрғыны Қалжамал Ысқақова Алматы облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті оның жеке меншігі саналатын «Одежда» кәсіпорнын жер телімі, шаруашылық жайларымен қоса «жасырын сатып жібергенін» былтыр ақпанда білгенін айтады.

Қалжамалдың сөзінше, ол әлгі шаруашылық серіктестігіндегі үлесін ұжымның өзге мүшелері сияқты 1996 жылы купондық жекешелендіру кезінде алған. Кейін кәсіпкер әйел серіктестік құжаттарын өз атына қайта ресімдеп, оның заңды директорына айналған. Ол «бизнесім 10 жылдан аса қала қазынасына кіріс әкеліп, салық төлеп тұрды» дейді.

– Бұл нағыз рейдерлік болғандықтан антикоррупциялық органға шағымдандым. Олар теркомның (мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті - ред.) кәсіпорын акцияларын өзге адамдарға заңсыз сатып жергенін растады, - дейді Қалжамал Ысқақова.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облыстық филиалында бұл іс тексерілмей қалған.

– Жиналған материалдарда анықталғандай, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшылығының функциялық міндеттеріне салдыр-салақ қарауы салдарынан «Одежда» кәсіпорны жарғысына терком еніп кеткен. Бірақ, жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мүмкін емес, - дейді тергеуші Әсел Ермекқызы.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мамандары «кәсіпорынның саудаға түсетіні жайлы Қалжамал Ысқақоваға талай ескертіп, оған тіпті аукционға қатысуды ұсынғанбыз» деген уәж айтады.

– Департаменттің бұрынғы басшылығы қателікке жол бергенін растаймыз. Бірақ, 2006 жылы мемлекеттік мүлік комитеті купондық жекешелендіру нәтижелерінің күшін жойғандықтан, «Одежда» кәсіпорны акцияларының 90 пайызы коммуналдық меншікке өтті. 2012 жылы аукцион жариялап, кәсіпорынды жаңа қожайындарына 10 миллион теңгеге саттық, - дейді аймақтың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім бастығы Калансия Шоқанова.

Қазір кәсіпкер Қалжамал Ысқақова мүлікке қатысты құқығын сот арқылы қорғауға тырысып жүр. Бірақ алғашқы сот инстанциясы мен апелляциялық алқада жеңілген. Енді кәсіпкер Жоғарғы сот төрелігіне жүгінбек.

МИЛЛИОНДАҒАН АЙЫППҰЛ

Алматы облысы экология департаменті бақылаушыларымен үш жылға созылған тартыс «Сан+» компаниясының бұрынғы басшысы Александр Селюнин үшін банкроттықпен аяқталған. Ақыры ол Талдықорғандағы қоқыс тасумен айналысатын коммуналдық кәсіпорнын жауып, Панфилов ауданы орталығы Жаркентке кетуге мәжбүр болған. Қазір ол кәсібін қайта жандандыруға тырысып жүр.

«Сан+» фирмасының бұрынғы директоры Александр Селюнин. Алматы облысы.
«Сан+» фирмасының бұрынғы директоры Александр Селюнин. Алматы облысы.

– Менің қиындықтарым экологтар Талдықорғандағы жалғыз қоқыс үйіндісі жанынан көліктерімізді тоқтатып, айыппұл сала бастаған 2013 жылы басталды. Ол кезде қалада өзге қоқыс полигоны болған жоқ. Сөйтсек, жұрт әлгі жерді қоқыс үйіндісіне заңсыз айналдырып алған екен. Ол жаққа тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын біздің мекемеден бөлек тағы 22 кәсіпорын таситын, бірақ, неге екені белгісіз, олардың кейбіріне айыппұл салған жоқ. Мысалы, маған бір жылда 18 миллион теңге айыппұл салды, - деп еске алады Александр Селюнин ренішпен.

Оның айтуынша, айыппұлды төлеуден бас тартқаннан кейін оның компаниясының есеп-шотын бұғаттап тастаған, сондықтан ол 33 адамды жұмыстан шығарып, кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған.

Александр Селюнин тап болған проблемаға ақыры құқық қорғаушылар мен қадағалау органдары назар аударған. Олар аймақта қоқысты бей-берекет тастайтын үйінді саны 400-ден асып кеткенін, ал тұрмыс қалдықтарына арналған небәрі сегіз полигон барын анықтаған. Былтыр қарашада өткен мәжілістердің бірінде Алматы облысы әкімі Амандық Баталов бұл фактіні сорақылық деп мойындап, қарамағындағы қызметкерлерге проблеманы шешу жолдарын ойластыруды тапсырған.

ҚОҚЫС ТАЗАРТУДЫ «ТАБИҒАТТЫ БҮЛДІРУГЕ» БАЛАУ

Облыстық экология департаментімен талдықорғандық бизнесмен Руслан Валишанов та соттасқан. 2015жылдың 31 желтоқсанында аяқталған сот оның пайдасына шешілген. Оны «табиғатқа 400 миллион теңгенің зиянын келтірді» деп айыптаған. Кәсіпкер «мұнша ақша бизнесімді біржолата күйретер еді» дейді.

Алматы облысындағы «Шымыр» фирмасы директоры Руслан Валишанов.
Алматы облысындағы «Шымыр» фирмасы директоры Руслан Валишанов.

– Былтыр Қаратал өзені жағалауын нығайту жұмыстарына жарияланған тендерді менің фирмам ұтты. Сол тұста қала билігі менен Қаратал шағын ауданындағы өзеннің түбін қоқыстан тазартып, тегістеп шығуды өтінді. Ол жерде көп қоқыс жиналып қалыпты. Біз биліктің тапсырмасын орындадық, бірақ экологтар «табиғатқа зиян келтірдіңдер» деп айыптап, әуелі 40 миллион теңге, кейін 400 миллион теңге айыппұл салды, - дейді Руслан Валишанов.

«Табиғатты бүлдіру» ісі қалалық және облыстық сотта қаралған. Кассациялық сот алқасында судья Мейрамбек Таймерденов экологтардан «Табиғатқа нақты қандай зиян келді?» деп сұраған. Алматы облысы экология департаменті басшысының орынбасары Әбдіғани Атымтаев сұраққа жауап бере алмай, талап-арызға қатысты жауапкершілікті қадағалаушы органға артқан.

– Негізі, Валишановты айыптау ойымызда жоқ болатын, мұны прокурорлар талап етті. Қадағалаушы органның әміріне қалай қарсы шығамыз? – деген Әбдіғани Атымтаев сотта.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы басшылығы бизнес пен билік арасындағы мұндай тартыстар жүйелі сипат алғанын айтады. Аймақ кәсіпкерлері палатасы кеңесінің төрағасы Баниамин Файзуллиннің пікірінше, бизнесмендер мүддесі ескерілмейтін сотта кәсіпкерлердің жеңіп шығуы өте қиынға түседі.

XS
SM
MD
LG