Accessibility links

Жұмыстан алуға «интернетке байлану» негіз болды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Бұрынғы ауыл фельдшері Марал Самабекова сотта сөйлеп тұр. Алматы облысы, 19 қазан 2015 жыл.

Бұрынғы ауыл фельдшері Марал Самабекова сотта сөйлеп тұр. Алматы облысы, 19 қазан 2015 жыл.

«Интернетке байланып отыратын» әдеті үшін жұмыстан шығарылған Алматы облысындағы жедел жәрдем бөлімшесінің бұрынғы фельдшері өз орнына қайта тұруға тырысып жүр. Бірақ Марал Самабекова «орным біреуге керек болды» дейді.

«ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ ТӨМЕНДЕП КЕТЕДІ»

Ақсу аудандық ауруханасына қарасты жедел жәрдем бөлімшесінің бұрынғы фельдшері 22 жастағы Марал Самабекованың бұрынғы жұмысына қайта тұруға тырысып жүргеніне бесінші айға айналған. Бойжеткен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне он шақты шағым жазған.

Шенеуніктер жауабында бойжеткенге сотқа жүгінуге кеңес береді. Адвокат жалдауға ақша таба алмаған Марал еңбек кодексін интернеттен оқып, танысып, аудандық аурухана басшылығы үстінен талап-арыз берген.

– Бас дәрігер «жұмыс уақытында интернетті пайдаланады» деп менің сыртымнан баянхат жаздырған. Бір құжатта «видео-ойын ойнады» десе, екіншісінде «үнді сериалдарын көрді» деп жазған. Бірақ өзге фельдшерлер сияқты мен де бос уақытымда жаңалық оқып, желіден пайдалы материалдар іздегенмін. Бізде фельдшерлердің бәрі бос уақытында ұйықтайды немесе интернетте отырады. Менің орным басшылардың бірінің туысқан қызына керек болған соң мені жұмыстан шығарғанын анық білемін, - дейді Марал Самабекова.

Сотта жұмыстан шығарылған фельдшердің бұрынғы әріптестері оған «ұрысқақ адам, ешкім онымен жұмыс істегісі келмейді» деген мінездеме берген. Олардың айтуынша, бойжеткен «қоғамдық іс-шараларға қатыспайды», «аурухана территориясын тазалау үшін ұйымдастырылатын сенбілікке шықпайды», «үлкен кісілерді сыйламай, дөрекі мінез көрсетеді» және «сериалға әуес». Сонымен бірге, оның интернетке әуестігі кесірінен медициналық мекемеде «интернет жиі мелшиіп» қалады деп жазған.

Алматы облысы Ақсу аудандық аурухана қызметкерлері сотқа қатысып отыр. 19 қазан 2015 жыл.

Алматы облысы Ақсу аудандық аурухана қызметкерлері сотқа қатысып отыр. 19 қазан 2015 жыл.

– Біздің дәрігерлер есептерін компьютерде жазып, интернет арқылы өткізеді. Кейбір шалғай ауылдарда интернет жоқ. Сондықтан мамандар аудан орталығына түнделетіп келіп, есебін ауруханада жасауға мәжбүр. Мұндай күндері қызметкерлерге «интернетте отырмаңдар, жылдамдығы азаяды» деп ескертеміз. Ал Марал ешкімді тыңдамайды, интернетте байланып отырып алады. Мына жерде «жаңалықтар оқимын» деп тұр ғой, бірақ ол үнді сериалдарын көреді, - деп мәлімдеді сотта Ақсу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әшімғали Жұмагелдин.

Марал Самабекова кеңес сұрап жүгінген «Әділет» кәсіподақ ұйымы бойжеткенді заңсыз жұмыстан шығарған деп есептейді.

– Қазір шенеуніктердің бәрінің кабинетінде теледидар, компьютер, интернет бар. Тіпті олар азаматтарды қабылдап отырып, экран, монитордан көз алмайды, WhatsApp арқылы хат алмасып, ұялы телефонмен сөйлесіп отырады. Ал әлгі бойжеткен бос уақытында интернетті пайдаланғаны үшін көшеде қалған. Әуелі оған ескерту жасап, кейін ретімен сөгіс, қатаң сөгіс жариялап, онда да түзелмесе ғана хаттама толтырып, жұмыстан шығаруы тиіс еді, - дейді Азаттыққа «Әділет» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Жазира Камолданова.

«ҚЫЗМЕТКЕРДІ АҢДУ – ТИІМСІЗ ТӘСІЛ»

Ақсу аудандық прокуратурасы Марал Самабекованы жұмыстан шығару фактісіне қатысты тексеру жүргізген.

Ақсу ауданы прокуроры Ерғали Әлібаевтың жауабында «Еңбек тәртібін бұзғаны және қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін азаматша Марал Самабекованың биыл талай рет тәртіптік жауапқа тартылғаны анықталды. Онымен бекітілген еңбек шарты 2015 жылдың 16 мамырында үзілген. Заң талаптарын бұзу фактілері анықталмады» деп жазылған.

Ақсу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әшімғали Жұмагелдин сотта сөйлеп тұр. Алматы облысы, 19 қазан 2015 жыл.

Ақсу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әшімғали Жұмагелдин сотта сөйлеп тұр. Алматы облысы, 19 қазан 2015 жыл.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаменті басшысы Сергей Потанин жұмыс орнында интернетті пайдалануды заңды бұзуға жатқызбайды. Бірақ ол әр жағдай жеке тексерілуі тиіс деп санайды. Ал мемлекеттік қызметшілер интернетті жұмысына кедергі келетіндей шынымен өрескел пайдаланатын болса, тиісті шара қолдану қажет дейді ол.

– Теледидар мен интернет менің кабинетімде де бар. Қазір мемлекеттік ұйымдардың бәрінің өз сайты барын білесіз. Олардың жұмысын интернетсіз елестету қиын. Әр қызметкерді бақылап, интернетте қанша отыратынын аңду – тиімсіз тәсіл. Сондықтан бұл проблеманы абсурдқа жеткізбеу керек, - дейді Сергей Потанин.

Ақсу аудандық соты мен Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы медбике Марал Самабекованы жұмыстан шығару туралы бұйрықты күшінде қалдырды. Енді бойжеткен жазықсыз жапа шеккенін дәлелдеу үшін кассациялық сотқа жүгінуге дайындалып жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG