Accessibility links

«Күлекбаев ісі» сотында қауіпсіздік шаралары күшейтілді


Айыпталушы Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Айыпталушы Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Шілденің 18-інде Алматыда болған шабуылға қатысты сот процесінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Сотталушылар – алты адам. Алдын ала сот тыңдауы кезінде іске қатысты басты айыпталушы Руслан Күлекбаев жеке торда отырды.

Қазанның 17-сінде Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторында 26 жастағы Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды. Билік мұның себебін қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігімен түсіндіреді. Мысалы, сот процесі қарсаңында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сот төрағасы Мәртпек Кәкімжанов «Руслан Күлекбаевтың айрықша агрессиялы мінез танытуына байланысты осындай шаралар қарастырылды» деп мәлімдеген.

Бұдан бөлек полиция «сотталушының жекпе-жек күрестен дайындығы мықты, сондықтан сотқа әкеле жатқан кезде кісендеулі болса да қашып кетуге әрекет жасауы мүмкін» деп қауіптенеді. Сот төрағасының сөзінше, тергеу абақтысы камерасында да Руслан Күлекбаев қолындағы кісенмен отырады.

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Қауіпсіздік шаралары күшейтілгені СИ-8 тергеу абақтысына жақындамай жатып көзге шалынады. Полиция жасағы сотқа келгендердің СИЗО-ға көлікпен жақындауына рұқсат етпей, жолаушыларды бақылау-өткізу пунктінен шамамен 250 метрдей жерде көліктен түсіртіп жатты. Есесіне бақылау пункті жанында ұлттық гвардияның ерекше жасағы жауынгерлерін әкелген полиция автомобильдері тізіліп тұр.

Сот ғимараты маңындағы полиция көліктері. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Сот ғимараты маңындағы полиция көліктері. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

26 жастағы Руслан Күлекбаевқа «теракт жасады», «күш құрылымдарының сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрғынды өлтірді» және «үш адамды өлтіруге әрекет жасады» деген айып тағылған.

Іс бойынша Руслан Күлекбаевтан өзге бес адам сотқа тартылған. Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомынға «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айыптар тағылған. Ол шабуылға қатысты жайттар әзірше анық емес.

Ішінде Руслан Күлекбаев та бар бес сотталушыға қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған – олардың бәрі СИ-8 абақтысында отыр. Ал сотталушы Нұрсұлтан Әбдімомынға ешқайда кетпеу туралы қолхат алу шарасы қолданылған. Қамаудағы бес адамды сот отырысы өтетін залға айдауылмен алып келді. Сот процесі кезінде олар темір тордың ішінде отырды, бірақ Руслан Күлекбаев жеке торда, ал Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Ербол Құсайынов және Дәурен Әсембекұлы бөлек торда болды. Сотталушы Әбдімомын сотқа өзі келді. Сот процесі кезінде ол адвокатымен бірге залда отырды.

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары сотта тұр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары сотта тұр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Сотқа келгендерді, құқық қорғаушылар мен журналистерді сот процесіне металл іздегіш құралмен мұқият тексеріп кіргізді. Сот отырысы аяқталғаннан кейін сот жасауылы келесі жолы кей журналистер сияқты пышақ, бұрауыш алып кіруге әрекет жасамауды ескертті.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ЭМОЦИЯСЫ

Іс бойынша сот процесі қазақ тілінде әрі ашық түрде өтіп жатыр. Сот-медициналық сараптама Руслан Күлекбаевты ақыл-есі дұрыс және істеген қылмыстарына жауап бере алады деп тапқан.

Сот құрамына қарсылық таныту немесе өзге өтініштер берілмегендіктен алдын ала сот тыңдауы қысқа болды. Судья Ерлан Болатов сот құрамын, оған қатысушылардың, сотталушылардың аты-жөндері мен олар жауапқа тартылатын қылмыстық кодекс баптарын жариялады. Отырыс соңында ол процесс дүйсенбіден жұмаға дейін күн сайын өтетінін айтты.

Процесті әрі қарай жүргізуге қатысты шешім қабылдау үшін судья кеңесу бөлмесіне кеткен кезде сот отырысында қысқа үзіліс болды. Қаза тапқандардың әке-шешелері Руслан Күлекбаевты қарғап-сілей бастады. Қаза тапқан полицей Мейрамбек Рахматуллаевтың анасы Айгүл Танағұлова «Күлекбаев өлім жазасына лайықты» деп мәлімдеді.

Қаза тапқан полицей Мейрамбек Рахматуллаевтың анасы Айгүл Танағұлова (сол жақта). Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Қаза тапқан полицей Мейрамбек Рахматуллаевтың анасы Айгүл Танағұлова (сол жақта). Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Жәбірленушілердің бірі – Алматының 70 жастағы тұрғыны Боранбай Әсемғалиев Азаттыққа шілденің 18-інде көлігімен Абылай хан көшесімен келе жатып атыс үнін естігенін айтты. Ол көлігін тоқтатқан. Сәлден кейін көлігіне басынан өлімші халде жаралы полицей руліне ие бола алмай қалған патрульдік көлік келіп соқтығысқан. Енді зейнеткер материалдық және моральдық зиянды өндіріп беруді талап етуге жәбірленуші ретінде құқым бар деп санайды.

Сотқа 23 адам жәбірленуші, 72 адам куәгер ретінде тартылмақ. Сотталушылар құқығын алты адвокат қорғайды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Күлекбаевтың ісі

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары шілденің 18-інде – билік «теракт» деп атаған Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы мен Алматыдағы ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалған күні бірден басталған. Бұл іс бойынша 61 томнан тұратын сот материалдары сотқа 12 қазанда жолданған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG