Accessibility links

Мектептерде ақша жинау тыйылған жоқ


Ауыл мектебіндегі соңғы қоңырау. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауыл мектебіндегі соңғы қоңырау. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Оқу жылы аяқталғанда мектептегі шаралар мен мектепті жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинайды. Ата-аналар оған әртүрлі қарайды. Білім саласы басшылығы мектепте ақша жинауға болмайды дейді.

Қазақстанда биыл да мектептердегі жөндеу жұмыстарына, бастауыш сыныпты аяқтау, түлектердің мектеппен қоштасу кештеріне ақша жинау басталды. Білім саласының басшылары ондайға тыйым салғандарын айтқанымен, ата-аналар тарапынан шағым түсіп жатыр.

«АҚША ЖИНАМАҒАНДАР, КЕЛМЕЙСІҢДЕР»

Алматы қаласының тұрғыны Каринаның (толық аты-жөнін атамауды сұрады) баласы биыл бастауыш сыныпты бітіріп отыр. «Бастауышпен қоштасу» аталатын бұл шараға және мектептің жөндеу жұмыстарына әрбір 4-сынып оқушысы 15 мың теңге (81 доллар) жинайды. Карина бұған наразы.

– Бастауышпен қоштасуға сегіз мың теңгеден, оған қоса үш мың теңге суретке түсеміз деп жинап жатырмыз. Бұдан бөлек екі мың теңге мектеп пен сыныптың жөндеу жұмыстарына жинау керек. Мен тек екі мың ғана бердім, қалғанына әзірге ақша жоқ. Балам күнде жылайды, «мама, мұғалім ақша жинамағандар, келмейсіңдер деп айтты» деп. Бұл не деген сұмдық?! - дейді наразы ана.

Мектептегі жиында тұрған оқушылар. Алматы, қыркүйек, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектептегі жиында тұрған оқушылар. Алматы, қыркүйек, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, 25 бала оқитын бір ғана 4-сыныптың ата-аналары сегіз мың теңгеге мұғалімдері мен мектепке сыйлық алмақ. Бұған қоса мектеп ішінде бастауышпен қоштасу мерекелік шарасы өткеннен кейін кафеге барып атап өтпек.

– Бұрын бізде мұндай жоқ еді, қазір кәдімгідей тоғызыншы және 11-сынып түлектері сияқты дүркіретіп атап өтеді екен. Бірнеше киім ауыстырады, масқара ғой. Ондай ақша ата-ананың бірінде бар да, екіншісінде жоқ. Ал бермесек, балама обал, - дейді Карина.

«ЖИНАЛЫСТА КЕЛІСІП, СОҢЫНАН ШАҒЫНАДЫ»

Каринаның баласы оқитын №85 орта мектептің директоры Ғалия Омарова бұл айтылғандарды жоққа шығарды. Ол бұл мәселені шұғыл түрде шешетіндігін жеткізді.

– Мен мұны ести сала (ақша жинау туралы), төртінші сыныптың үш сынып жетекшісін шақырттым. Менің сыртымнан қандай ақша жинап жүрсіңдер, басқаша айтқанда «ту сыртымнан пышақ салып жатырсыңдар» дедім, - дейді директор.

"Білім күні" сабағында отырған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Білім күні" сабағында отырған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, мектепте қазір жөндеу жұмыстары басталып кеткен, оған бюджеттен «3 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген».

– Мектебімізге күрделі жөндеу қажет емес, сондықтан осы ақша жеткілікті. Неліктен жөндеу жұмыстарына ақша жинап жатқанын білмеймін. Ал сынып қоры дегенді ата-аналар өздері шығарады, неше жыл болды мен сонымен айқасып келемін. Жиналыста барлығы келіскендей болады, сосын үйлеріне барған соң жан-жаққа хабарлап, шағымдана бастайды, - деді мектеп директоры Ғалия Омарова.

АҚША ЖИНАУ АМАЛДАРЫ

Дәл осы мектепте баласы оқитын Наташа мектепте ақшаны ешкім күштеп жинамайды деген пікірде. Оның сөзінше, сыйлыққа да, кез-келген мерекелік шараға да ақша жиналады. Бірақ бұл мәселе әдетте, ата-аналар жиналысында талқыланып барып шешіліп жатады.

– Біз ата-аналар жиналысында ақылдасып, ортақ шешімге келдік. Сегіз мың емес, жеті мың теңгеден жинайтын болдық. Жиналыста төлей алмайтындар мәселесі де сөз болды. 15 мың теңгеден жинап жатқандар бар, сондықтан біз үнемдеп жеті мыңнан жинайтын болып келістік. Ал суретке түсіргісі келмейтіндер үш мыңнан жинамаса да болады. Ол әркімнің өз еркі, - деді Наташа.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Алматының Құлагер ықшам ауданындағы мектептердің бірінде екі бірдей баласы оқитын Айманның сөзінше, жағдай болса баладан ақша аямаған жөн.

– Бірақ, әр ата-ананың жағдайы әртүрлі ғой. Менің екі балам да бастауыш сыныпта оқиды. Қызымның мұғалімі өте жақсы, ол ешқандай ақша жинауға жол бермейді, - деген Айман екінші баласының мұғалімі қолқалағаннан кейін жыл бойы бес мың теңге жинап бергенін айтады.

– Жақында мектептің «линолеумын ауыстыруға» деп екі мың теңгеден жинап алды. Биыл әліппемен қоштастық, виньеткасы бар, видеоға түстік, дискісін берді, мұғаліміне бір мың теңгеден жинады, бас-аяғы бес мың теңге бердік, - дейді Айман.

«МЕКТЕПТЕ АҚША ЖИНАУҒА БОЛМАЙДЫ»

Бұл мәселеге қатысты Алматы қаласы білім басқармасына хабарласқанымызбен жауап беретін ешкім болмады.

Алматы қаласы білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлбану Әміртаева. 30 қаңтар 2015 жыл.

Алматы қаласы білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлбану Әміртаева. 30 қаңтар 2015 жыл.

Алайда, осыған дейін Алматыда мектептердегі ақша жинау мәселесіне қатысты өткен қоғамдық тыңдаулар барысында Алматы қаласы білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлбану Әміртаева:

– Ақшаны беріп жатқан да, оны алған адам да жауапты. Біз мектепте ақша жинауға болмайтындығын айтып келеміз, әлі де айтып жатырмыз, - деген.

Оның айтуынша, Алматыда қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтпеген 44 мектеп бар. «Ал қалған мектептердің барлығы 2000 жылдардан бері күрделі жөндеуден өтіп жатыр» деген Гүлбану Әміртаева.

Алматы қаласында қазір 202 мектеп бар.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG