Accessibility links

Шаңырақ тұрғындары журналистермен шешіле сөйлесуге ықылас таныта қоймайды. Олар жұмыс жайы қиын екенін ғана айтады, ал әкімдік дамыту жұмыстары жасалып жатқанын мәлімдейді.

2006 жылы шілденің 14-інде Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылында билік «заңсыз салынды» деп тапқан үйлердің иелері баспаналарын қиратуға келген полициямен қақтығысқан оқиғаға сегіз жыл толды.

Ол оқиғадан кейін бірер жыл өте Алматы қаласы Алатау ауданының құрамына ықшам аудан есебінде енген Шаңырақта қазір орталық көшелерге асфальт төселіп, құдықтар орнатылып, қалаға қатынайтын автобустар көбейген. Бірақ ауыл тұрғындары Шаңырақта әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін айтады.

ЖАСТАР «ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫНАН» БЕЙХАБАР»

Азаттық тілшісі ауылдың қазіргі жай-күйін тұрғындардан білмек болып Шаңыраққа арнайы барған еді. Алайда тілші жолыққан жұрттың көбі «бізге артық сөз айтуға болмайды» деп, жауап беруден именді. Тек жастары жетпістен асқан Жақып және Сапархан есімді екі ақсақал ғана Шаңырақтың қазіргі өмірі жайлы әңгімелесуге келісім берді.

"Шаңырақ оқиғасы" болған ауылдың сегіз жылдан кейінгі келбеті. Алматы, 11 шілде 2014 жыл.

"Шаңырақ оқиғасы" болған ауылдың сегіз жылдан кейінгі келбеті. Алматы, 11 шілде 2014 жыл.

– Өзің көргендей, жол жөнделді, су бар, мектеп пен балабақша да салынды. Халықтың өмірі тыныш. Бірақ Алматы мен Шаңырақты жалғайтын негізгі жолдар ғана жөнделген, ал ауылдың ішкі жолдары шаңы шығып жатыр. Халық «басшылар ішкі жолдарды қашан жөндейді» деп күтіп жүр. Өздері барып айта алмайды, жасқанады, – дейді Жақып ақсақал.

Қарияның айтуынша, «Шаңырақ оқиғасы» жайлы кәрілер мен орта жастағылар біледі, ал жас балалар мен оқушылар ол оқиғадан хабарсыз.

– Ауылда «Шаңырақ оқиғасы» туралы айтуға болмайды. Сондықтан ешкім тіс жармайды. Жас балалар ол оқиға туралы мүлдем білмейді. Арон Атабектің кім екенін білмейді. Мектепте ол жайлы айтылмайды. Ата-аналары да айтпайды – қорқады. «Шаңырақ оқиғасы» болған кезде сотқа тартылған, қатысқан жігіттердің отбасылары осы ауылда тұрып жатыр. Олар да оқиғаны еске алғысы келмейді – дейді қария.

«Бұл оқиғаны жас ұрпақ білу керек» деп санайтын Жақып ақсақал ол жайлы немерелеріне айтып отырады екен.

Азаттық тілшісі жол жиегінде ойнап жүрген бір топ баламен де сөйлесіп, олардан «Шаңырақ оқиғасы» туралы сұрап көрді. Өзін Санжар деп таныстырған төртінші сынып оқушысы «ештеңе білмейді екенбіз» деп жауап берді. Санжардың жауабын жанындағы балалар да қайталады.

Шаңырақ ауылының қазіргі келбеті, 11 шілде 2014 жыл.

«ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ»

Ал Сапархан ақсақал тұрғындардың әлеуметтік жағдайы туралы айтып берді. Ол кісінің сөзінше, Шаңырақ халқының көбінде тұрақты жұмыс жоқ.

– Жұмыс болмаған соң мал ұстап күн көргісі келеді. Бірақ оған еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан жастар базар мен құрылыста жүр, – дейді ол.

Шаңырақ ауылындағы тұрғын үйлер. Алматы, 11 шілде 2014 жыл.

Шаңырақ ауылындағы тұрғын үйлер. Алматы, 11 шілде 2014 жыл.

Ауылдың қазіргі жағдайы «жаман емес» екенін айтқан қария «Алматыда 2017 жылы өтетін қысқы универсиадаға керек стадиондар осы Алатау ауданында салынады дейді, сол кезде ауылдың жағдайы тағы да жақсарар» деп үміттенеді.

Шаңырақ ықшам ауданы қарайтын Алатау ауданы әкімдігі Азаттыққа берген жауабында елді мекенді дамытуға арналған жұмыстар алты жылдан бері жасалып жатқанын айтты.

«Ауылда жаңа мектеп, аурухана салынды. Жолдар жөнделді, ауыз су мәселесі де толық шешімін тапқан. Ауылдың ішіндегі жолдар Алатау ауданын дамыту бағдарламасы бойынша кезекпен жөнделеді. Ауыл балаларына арналған мектептерде үйірмелер жыл бойы жұмыс істеп тұр. Ауылдан қалаға қатынайтын автобустардың саны көбейді. Шаңырақ пен Алматы қаласының орталығына дейін баратын 45-нөмірлі автобус муниципалдық паркке көшіріліп, қазір бұл бағытқа жаңа автобустар қойылған. Шаңырақ ықшам ауданын дамытуға арналған жұмыстар әлі де жалғаса береді» дейді әкімдік өкілдері.

Фотогалерея: Шаңырақ оқиғасы

2006 жылы шілденің 14-інде Алматының шетіндегі Шаңырақ ауылында «жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды» деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған.

Жаппай қақтығыс кезінде Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жастағы тергеушісі Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы 12-ауруханада көз жұмған.

«Шаңырақ оқиғасы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Атабек (18 жылға), Құрманғазы Өтегенов (16 жылға), Ерғанат Тараншиев (15 жылға) және Рүстем Тұяқов (14 жылға) сотталды.

Фотогалерея: Шаңырақ ісі бойынша сот

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG