Accessibility links

Шеңгелдіде не болғаны айтылмайды


Шеңгелді ауылына кіретін жолды бөгеп тұрған полицейлер. Алматы облысы, 21 тамыз 2013 жыл.

Шеңгелді ауылына кіретін жолды бөгеп тұрған полицейлер. Алматы облысы, 21 тамыз 2013 жыл.

Алматы облысындағы Шеңгелді ауылын қазір полиция күзетіп тұр. Мұнда "ұлтаралық араздықтан шықты" деп аталған оқиғада жас жігіт қаза тапқан.

Тамыздың 21-і күні Алматы облысындағы Шеңгелді ауылына полиция қызметкерлері қаптап кетті. Өрт сөндіруші көліктер мен жедел жәрдем машиналары да тізіліп тұр. Жеке меншік көліктерді жолда тоқтатып, ауылға кіргізбейді. Ауылға жаяу ғана баруға болады.

Бұл тәртіп Шеңгелді ауылында 19 тамызға қараған түні болған төбелестен кейін енгізілді. Жергілікті бірнеше жігіттің арасындағы төбелестен 29 жастағы Мадияр А. қаза тапқан. Жергілікті ақпарат құралдары тағы бір жігіт жараланып, қазір ауруханада жатқанын хабарлады. Тұрғындар жас жігітті Арсен А. және Ваха У. деген жас жігіттер өлтіруі мүмкін деп күдіктенеді. Олардың айтуынша, екеуі қашып кеткен. Төбелеске осы ауылдың жергілікті тұрғындары – ұлты қазақ және шешен жігіттер қатысқан.

«Кінәлілерді табыңдар деген талаптар ауылдағы шиеленісті 20 тамызда тіпті қоздырып, жаңа жанжал туған. Ауылдағы бірнеше үйдің терезесі сынып, жанындағы көліктер зақымданған» деп хабарлайды Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев Шеңгелдіден.

Шеңгелді ауылы – Алматыдан 110 шақырым жерде, Қапшағайдан әрі орналасқан. Ауылда төрт мыңнан аса адам тұрады.

Қазір Шеңгелді ауылы полицияның блок-постарымен қоршалған. Азаттық тілшісі оқиға орнына келген жергілікті журналистермен бірге ауылға әзер кірген. Бірақ Шеңгелді ауылы картада.

Шеңгелді ауылы картада.

билік ауылдағы оқиға жайында ешқандай түсінік бермейді.

Алматы облысы ішкі істер департаменті қызметкерлері баспасөз өкілдеріне ақпарат беруден бас тартты. Департаменттің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне «басшылардың бәрі Шеңгелдіге кетті» деумен шектелді.

Астанадағы ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің телефондары да жауап бермейді. Министрлік сайтында Шеңгелді ауылындағы оқиға жайында ешқандай ақпарат жоқ. Алматы облысының прокуратурасында да ешкім телефон тұтқасын көтермейді.

Оқиға орнында жүрген полицейлер де болған жағдай туралы ешқандай түсінік бергісі келмеді. Жергілікті әкімдік өкілдері журналистерге көрінгісі келмей, жасырынып қалды.

Қаза тапқан Мадияр А. есімді жігіттің үйі қаралы. Сөйлеуге шамасы келмеген анасы тек егіліп жылай береді. Күдікті А.Арсеннің үйінде де жағдай ауыр. Оның туыстары «20 тамыз күні үйімізге көп адам келіп шабуыл жасады, құқай көрсетті. Біздің құқымызды қорғап, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етсін» дейді Азаттық тілшісіне. Полицейлер журналистердің мән-жайды анықтап сұрауына мүмкіндік бермеді.

Тілшілер жергілікті полиция пунктінде өзін Қанат Әбдірахманов деп таныстырған жігітті кездестірді. Оның айтуынша, оған «бұзақылық жасады» деген айып тағылған. Ол Мадиярды өлтірген күдіктінің үйіне ауылдастарымен бірге (оның сөзінше, жүзге жуық адам) барғанын мойындады. Қанат Әбдірахмановтың айтуынша, олар үйлер мен көліктердің терезелерін сындырған. «Осылай қорқытып алмақ болдық» дейді ол.

Шеңгелді ауылында журналистерді жергілікті ақсақалдар қарсы алып, «жағдайды өршітпеңдер» деді. Өз есімдерін атамаған ақсақалдар «әншейін төбелес болды» деді.

21 тамызда жұмыс күні аяқталғанша билік өкілдерінен бұл оқиғаға қатысты ешқандай жауап ала алмадық.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG