Accessibility links

«Етікшінің өзге кәсіп иелерінен айырмашылығы - бас еркіндігі өзінде» деген кейіпкеріміз айлық табысы алпыс мыңға да жетпейтінін айтады.


Біз барған сәтте етікші Рашид әлденеге күйініп, өз-өзінен кіжініп отыр екен. Жайлап сөзге тартып, сыр суыртпақтадық.

БҰЛ МЕНІҢ КҮНДЕЛІКТІ НАНЫМ ҒОЙ...

- Адамдар қызық қой, - дейді Рашид қолындағы жұлығы шыққан ұзын қонышты күздік етікті көрсетіп. - Міне, мынау - әбден тозығы жетіп, киюге жарамсыз болып қалған аяқ киім. Мынаны жөндеу үшін, біріншіден, уақыт Етікші Рашидтің жұмыс орыны. Алматы, 26 қазан 2011 жыл.

Етікші Рашидтің жұмыс орыны. Алматы, 26 қазан 2011 жыл.

кетеді, екіншіден, жұмысы көп. Және қайта қалпына келтіру үшін жұмсалатын материалдардың шығыны да көп болмақ. Осыны ескеріп, жөндеу бағасын сәл көтерсем, клиент ренжиді: «Саған соншалықты ақша төлегенше, басқасын сатып ала салмаймын ба» деп. Ал мен күнделікті нанымды осымен тауып отырмын ғой, - дейді күйініп.

Рашид 25 жаста екен. Алматы қаласының түбіндегі Бесағаш ауылында тұрады. Екі баланың әкесі. Күнделікті қалаға қатынап, осы кәсібі арқылы бала-шағасының нәсібін айырады. Жұмыс орны Абай даңғылы мен Абылайхан көшелерінің қиылысында.

- Етікшілікті кәсіп еткеніме биыл бес жыл болды. Оған дейін жиһаз жасайтын шағын цехта істеген болатынмын. Жиһаз жасау - таза жұмыс. Бірақ біреудің қол астында істегеннен кейін бас еркіндігің көп бола бермейді. Ал мына жерде әйтеуір өзіме өзім бимін ғой, - дейді Рашид күлімсіреп. Әлгіндегі ашуынан бір мысқал да қалмаған, ашық-жарқын күйге ауысты.

АТА КӘСІП

Рашидтің әкесі де етікші болған екен.

- Қазір ол кісі көрші-қолаңның аяқ киімдерін аула ішінде жөндеп берумен ғана шектеледі. Ары-бері жүріп-тұруды денсаулығы көтере бермейді, - деген Рашид табысына ата-анасының да қарап отырғанын айтты.

- Біз бір аулада тұрамыз. Зейнетақылары дәрі-дәрмектеріне ғана жетеді. Міне, күн суытып келеді. Отын-су түсіру керек. Оған бір менің табысым жетпейді, - дейді.

«Сонда күнделікті табысың қанша болады?» деген Азаттық радиосының тілшісіне:

- Ол әрқалай ғой. Кей күндері 500 теңге ғана табатын кездер болады. Жолыма күніне 200 теңге шығады. Ас-суым тағы бар, - деді Рашид.

ЕҢ КӨП ТАБЫС - 60 МЫҢ

Етікшінің айтуынша, айлық табысы шамамен 40-50 мың теңге ғана.

- Біздің жұмыс сезонымыз енді басталды. Бұл айдағы ең көп табысымыз шамамен 60 мың болады. Одан көп табу мүмкін емес, - деген Рашид өзі отырған ұядай жердің жалдау құны да қымбат екендігін айтты.

- Мына отырған жерді қырық мыңға жалға алдым. Қазір материалдар өте Тәжік етікшісі. Душанбе, 15 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжік етікшісі. Душанбе, 15 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

қымбат. Тапқан табысымның 60 пайызы шыққан шығынға әрең жетеді. Егер бағаны сәл көтерейін десең, клиенттерден айрылып қаласың. Сондықтан осыдан үш жыл бұрынғы бағамен етікті жөндеуге тура келеді, - дейді етікші.

Рашид етік жөндеуге бала күнінен машықтанса керек.

- Кішкентайымнан әкемнің көз майын тауысып отырып жөндеген әрбір етігін көріп өстім. Арасында қызығушылықпен кейбір етіктерді жөндеп те жіберетінмін. Сөйтіп жүріп етік жөндеудің жолдарын меңгеріп алым. Тіпті етік тігу хоббиіме айналды десем, өтірік айтқандық емес. Мінсіз етіп жөнделген әрбір аяқ киімнен ләззат аламын, - дейді Рашид.

«АДАМДАР ҚЫЗЫҚ ҚОЙ...»

Рашид «Адамдар қызық қой» дейтін сөзді жиі айтады екен.

- Адамдар қызық қой. Кей кездері барыңды салып жөндеген аяқ киіміңді ұнатпай жатады. Тіпті «былай тігу керек еді» деп қолдарынан келмесе де ақыл айтатындар кездеседі. Қасапшыға мал союды үйретпейсің ғой. Біздің де ісіміз сол секілді. Аяқ киімді қолға алған сәтте-ақ қай жерін қалай жөндеу керектігі көз алдымызға өзінен-өзі келе береді. Кейде өз аяқ киімдерін Байқоңыр ғарыш айлағы маңында жатқан тозған етік. 31 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Байқоңыр ғарыш айлағы маңында жатқан тозған етік. 31 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

өздері танымай қалатындар да болады. «Мынау менікі ме?» деп таң қалады. Әрбір клиенттің ризашылығы - менің жұмысымның бағасы. Мен содан ләззат аламын, - дейді Рашид ағынан жарылып.

Суретке түсіруге ыңғайланып, фотоаппартымды алып жатқанымды көріп «Қайтесің!» деп басын шайқады.

- Адамдар қызық қой. Осы жерге күніне сан адам келеді. Және жол үсті, сан адам өтеді, танитыны бар, танымайтыны бар дегендей. «Біреудің жұлығын жамау да мақтаныш па!» деп жүрсе ыңғайсыз болар. Суретке түсірмей-ақ қой, - деді.

Осы тұста аяқ киімін жөндетуге келген орта жастағы әйел адам сөзге араласты.

- Алматының ауа райы, әсіресе көктем мен күзде өте қолайсыз. Міне, бүгін жауын жауып тұр. Қашан тоқтарын бір Алла біледі. Жиі жауған жауын етіктің жұлығын шірітіп, ұртынан ұлтанын шығарып жібереді. Оның үстіне қазіргі аяқ киімдерде де сапа жоқ. Сапалысының бағасы тым қымбат. Біз секілді қарапайым адамдарға оны сатып алғаннан гөрі осылайша қайта-қайта жаматып киген әлдеқайда тиімді, - деді әлгі кісі.

- Аяқ киім жөндетуге жылына неше мәрте келесіз? - деп сұраған едік.

- Мен тек көктем мен күзде ғана келемін. Мына етігімді қашан сатып алғанымды айтпай-ақ қояйын. Су өткізбейтін берік етік. Табаны мен өкшесін жөндетсем болды. Тастауға қимаймын, - деп күлді әлгі әйел.

Мен де Алматының асфальты жеп, мүжіліп қалған өкшемді «өңдетіп алсам ба екен» деп ойлап тұрдым.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG