Accessibility links

Алматыда постсоветтік кеңістікте сталинизмді ақтау мәселелеріне арналған «Тірі тарих» дәрістер циклі өтті. Соңғы дәріске қатысқан Азаттық тілшісі кейбіреулер үшін «халық көсемі» әлі күнге дейін тірі екеніне көз жеткізді.

«Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) жанынан ұйымдастырылған «Тірі тарих» дәрістер циклі негізінен Сталин мен оның тарихи мұрасына емес, террорға арналған. Бірнеше ай бойы түрлі саланың (ғылым, өнер, саясат, құқық қорғау ісі, журналистика) мамандары сол кезеңнің репрессия, депортация, Карлаг және тағы басқа сұмдықтарын талқылап, бағалауға тырысты. Шараға ғалым, зерттеушілер ғана емес, көпшілікке танымал тұлғалар да қатысты. олардыңішінде құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен «Vласть» интернет-журналының бас редакторы Зарина Ахметова да бар.

Сәуірдің 11-і күні Қазақстанның жоғарғы кеңесінің бұрынғы залында (қазір ол ҚБТУ залдарының бірі) өткен «Сталинизмнен кейінгі сталинизм» атты соңғы дәріске баяндамашы ретінде Оксфорд университетінің русистика профессоры, Британия ғылым академиясының мүшесі Катриона Келли, Совет Одағы мен Қазақстан тарихындағы 1920-1940 жылдар туралы бірнеше монография жазған адам, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

АЙЫП ЖӘНЕ АЙЫПТЫЛАР ТУРАЛЫ

Қорытынды дәрістің алдында «Сорос-Қазақстан» қорының қазақстандық филиалының төрағасы Антон Артемьев жақында дүние салған ақын Евгений Евтушенконың «Сталиннің мұрагерлері» өлеңін оқыды. Шығарманыңнегізгі ойы «Сталиннің мұрагерлеріне қарап Сталинге қалай шыдаймыз?» дегенді білдіреді.

"Сорос-Қазақстан" қорының қазақстандық филиалының төрағасы Антон Артемьев. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

"Сорос-Қазақстан" қорының қазақстандық филиалының төрағасы Антон Артемьев. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

– Өкінішке қарай, оны қолдаушылар саны артып келеді. «Левада-центр» деректеріне сүйенсек, соңғы 27 жылда Сталинге оң қарайтын адамдар саны үш есе артқан. Қазақстанда бұндай зерттеу жүргізілмеді, бірақ тарихи өткеніміз бен солтүстік көршіміздің ықпалы әлі де күшті екенін ескерсек, отандастарымыздың арасында да Сталиннің қылмыстарын ақтауға даярлар бар деп ойлаймын, – деді Антон Артемьев..

Антон Артемьевтің айтуынша, «Тірі естелік» дәрістер циклі Сталиннің әрекеті мен өткен тарихи кезеңге «нақты баға» беріп, «оның мұрасымен толықтай қоштасуға» арналған.

Ал Катриона Келли басты тақырыпты «Жендет және құрбандар» деп тұжырымдады. Өткен жылдың қараша айында ресейлік «Мемориал» құқық қорғау қоғамы НКВД-ның 40 мың қызметкерінің дерекқорын жариялады. Олардыңкөбі кейін өздері де репрессияға ұшыраған. Содан бері қоғамда ату жазасының айыпкерлерін құрбандар деп те санауға бола ма деген дау толастамады. Катриона Келли жағдайды үш деңгейде қарауды ұсынады – айыпкерлердің естелігі арқылы (олар болып жатқан жағдайды қалай қабылдады), айыпкерлер туралы естеліктер (ұрпақтары қалай түсіндірді) және тарихшылардың көзқарасы. Мысал ретінде профессор КПСС 20-съезінде сөйлеген Никита Хрущевтің баяндамасынан үзінді келтірді. ОндаХрущев Сталиннің сұмдығына қатысқан адамдарды ақтап, «олардың өзі де құрбандар еді, себебі көсемнің сөзіне қарсы шығуға өлердей қорықты» дейді.

– Советтік айыпкерлерді ақтап алу үшін қандай сөз қолданылады? «Бұйрық берілді», «қорғану керек болды», «масқара қателік жасадық», «әскери қажеттілік», «Сіз одан артықсыз ба?» – деп санап шықты Келли. – Бұның бәрі жарай бермейді. Бірақ «Қысыммен жұмыс істедік, айыпты емеспіз», «Біз құрбан емес, қаһармандармыз» деген сөздер бар.

Зерттеушінің пікірі – тіпті жақын адамың болса да алдымен айыптап, содан соң кешіру керек.

Британ профессоры өз сөзін тарихи анықтамалар және құжаттармен, сталинизм туралы 1980 жылдары түсірілген фильмдермен дәйектеп отырды. Катриона Келлидің айтуынша, 30 жыл бұрын түсірілген дүниелер әлі де өзекті, себебі постсоветтік елдердің кейбір қалаларында әлі күнге дейін адамдар репрессияға ұшырағандарды НКВД әкеткен үйлерге ескерткіш тақтайша қоюға қарсы. «Солайша «өткенді ығыстыру» тетігі жұмыс істейді: адамдар жаман нәрсені еске сақтағысы келмейді» дейді Катриона Келли. Оған мысал ретінде профессор Катерина фон Келленбахтың «Қабылдың таңбасы» кітабынан мысал келтіріп, немересі атасының жаппай қырып-жоюға қатысқаны туралы естіген кездегі сезімін сипаттады.

– Зерттеушінің пікірі – тіпті жақын адамың болса да алдымен айыптап, содан соң кешіру керек. Бұл көзқарасты ешкімге таңбаймын, бірақ ол сенімді көрінеді, – деді профессор.

ҰМЫТУҒА ТЫРЫСУ

Тарихи оқиғаны ұмытуға тырысу туралы Берік Әбдіғалиұлы да көп айтты. Ол тарихи естелікті билікке қажетті ақпаратпен алмастыру керек болғанда советтік адамдардың тарихты ұмытуға мәжбүр болғанын да айтып өтті.

Біз тарихымыздың қаһармандыққа толы және ұятты тұстарын білгіміз келмейді.

– Қазіргі кезде сталинизмнің белгілері – өз тарихын ерікті түрде білгісі келмеу. Біз тарихымыздың қаһармандыққа толы және ұятты тұстарын білгіміз келмейді, – дейді ол.

Тарихшы әрі саясаттанушының айтуынша, Қазақстан қоғамында ақыл-ойды «мәңгүрттендіру» процесі болған, нәтижесінде қазір адамдар «Моңғол әлде Ресей империясының ұрпақтарымыз ба, өзімізді қазақпыз деп санаймыз ба, әлде қазақстандықпыз ба?» деген сұрақтарға бас қатырады.

ҚБТУ базалық факультетінің деканы Михаил Акулов өткеннің күнәсі үшін тарихи арылу мәселесін көтерді. Ол СССР баяғыда тараса да, режимді сақтап қалған мирасқорлары бар екенін айтты, сондықтан «айыпталушы өлгендіктен» мәселе күн тәртібінен түспейді деді. Көршілес Ресейде Сталинді ақтау қайтадан мейнстримге айналғаны байқалады, «сталинобустар» пайда болды, 9 мамыр күні мерекелік шерулерде оның портретін ұстап шығады. Тіпті Қазақстанда да Сталинге теріс қарамайтындар бар. Михаил Акулов Алматы көшесіндегі адамдардан алынған бейне сауалнаманы көрсетті. онда Сталин туралы жақсы пікір білдіргендер бар, оны «экономиканы көтерді», «супер» деп, оның оралғанын қалайтынын білдіргендер де болды («бізге тойтарыс керек» деді бір респондент).

Мәселе Ленин не Сталин ісіне шынайы сенуде емес, өткенді мифтендіру есебінен қазіргі режимді заңдастырып алуға келіп тіреледі.

– 2017 жыл СССР тарихындағы тоқырау кезеңге жақын сияқты, сол кезеңді жалпы мақтады, тек кейбір қателіктерге Сталинді айыпты деп шығарды. Бұл жерде мәселе Ленин-Сталин ісіне шынайы сенуде емес, өткенді мифтендіру есебінен қазіргі режимді заңдастырып алуға келіп тіреледі. Өткеннің қатесіне өкіну, опыт жеу арқылы ұзақ уақыт бойымызды билеп алған үрейден арыламыз деп ойлаймын, сол үрейге көндіккеніміз сондай, державалық биліктің алдында бас ию деп қабылдаймыз, – дейді Михаил Акулов..

ҚАРСЫЛАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАҚТАУШЫ

Дәрістен соң пікірталас басталды. Пікір алмасу кезінде дәріскерлердің пікірімен келіспейтін кем дегенді бір адам бар екені анықталды. Қызыл күрте киген, өзін «тарихшы және әлеуметтанушы» деп таныстырған Алексей Матвеев есімді ер адам аудиторияға қарап, дауысын көтеріп сөйледі.

Алексей Матвеев. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

Алексей Матвеев. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

– Менің бірінші сұрағым – өткен заман үшін кім кімнің алдында кешірім сұрауы керек?, - деп көтеріңкі үнмен сұрады ол. – Роликке келсек (сауалнама) жаңа Сталин болуы мүмкін еместігі айқын: білім беру жойылды, өндіріс тарады, ұжымдар тарқады, ақыры біз капиталдың диктатурасына ие болдық. Ленинсіз Сталин жоқ, қазір Ленинге сай адамдар жоқ.

Михаил Акулов Facebook парақшасында YouTube арнасындағы қайшылығы көп ғалым Николай Стариковтың дәрісі салынған адамның сауалына жауап беруге тырысып көрді. Акулов «қазіргі режимді ақтау үшін Сталинді пайдалану – қасіретті» екенін, өкінудің мәні – өткеннің іс-әрекетін шынайы бағалап, сол үшін қазір жауапкершілікті сезіну екенін ескертті.

– Қайдағы режим? – деп ашуланды оған Алексей Матвеев. – Қазір бүкіл әлемде тек капиталистік режим ғана бар!

– Қалайша? Солтүстік Корея бар ғой, – деп профессор Жұлдызбек Абылхожин мысқылдай жауап берді.

– Ол әзірше қарсыласып келеді, – деп шындап жауап берді оған Алексей Матвеев.

Оған қоса талқылау кезінде ҚБТУ студенттерінің бірі «Ондай үрейге не себеп болды, сталиндік кезеңде өмір сүргендер неліктен қарсыласпады?» деп сұрады. Оған профессор Жұлдызбек Абылхожин мәселенің бәрі «идеология зомбиге айналдырған адамдардың сана-сезіміне байланысты екенін» түсіндірді, «қазіргі жастар ондай емес, олар бұндай қысымға төзбейді» деді.

Декан Михаил Акулов (сол жақта) пен профессор Жұлдызбек Әбілғожин. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

Декан Михаил Акулов (сол жақта) пен профессор Жұлдызбек Әбілғожин. Алматы, 11 сәуір 2017 жыл.

– Бұқаралық сана жұмысын жалғастырады береді, – деп түсіндірді профессор Жұлдызбек Абылхожин аудиторияға. – [Неліктен Сталин қазір де танымал?] Адам босқа үміттенгенін білгенде өткенге қарайлай береді, сонымен жұбанады. Сталин – қалай болғанда да ұлы тарих. Бұл бітпейтін тақырып.

– Ең бастысы – пайдалы, – деп қосып қойды Алексей Матвеев.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СТАЛИН БЕЙНЕСІ

Сталинді қазақстандық қоғам негізінен 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында еске алады. Сталинді қолдаушылар 2015 жылы қатты бой көрсетті, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толғанда Қазақстанның батысында көлікке Сталиннің портретін қойған жаппай автожарыс болды, Түркістан маңындағы Ескі Иқанда Сталинге ескерткіш ашты (бірнеше күн ғана тұрды). Биыл қоғамдық пікірталас әлі басталмады, бірақ әлеуметтік желілерде алдағы мамыр парадына қандай лента тағу керек деген даулар басталып кетті. Сталиннің рөліне қатысты әңгімелер де басталуға тақау.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ескі Иқан ауылында 61 жылдан бері сақталған Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ескі Иқан ауылында 61 жылдан бері сақталған Сталин ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

Экономика жоғарғы мектебі жанындағы Тарих және әлеуметтанудың халықаралық орталығының Екінші дүниежүзілік соғыс және оның салдары бойынша профессоры (Ресей) Олег Будницкийдің айтуынша, Қазақстанда көптеген адамдар «советтік» санамен өмір сүріп келеді, осы тұрғыда Сталинді тек соғыста жеңіске жеткізген адам деп қарайды. Жеңімпаздарды ешкім айыптамайды.

– Адамдар затты ақ не қара түсте көреді? Сталин не жақсы, не жаман. Жеңісті тойлау культі бар, ол бәрін басып кетеді. Сондықтан 1942 жылғы әскери жеңіліс пен кулактарды тәркілеу (шын мәнінде ол қанды революция) үшін қоғам санасында Сталин жауапты емес, – деді Олег Будницкий.

2017 жылы СССР-да жаппай қырып-жою репрессиясының басталғанына 80 жыл толады. Қазақстан да одан тыс қалмады. Ғалымдардың айтуынша советтік билік кезінде Қазақ ССР-ігде 3,5 миллион адам саяси репрессияға ұшыраған. Тұтқындау мен ату жазасының басым көбі билікте Иосиф Сталин отырған кезде болды.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG