Accessibility links

Ереуілдеген жұмысшылар жұмыссыз қалудан қорқады, ал өрімдей басшы сұрақтарға жауап бере алмады


«Ырысты» вагон жөндеу зауытының кіре беріс қақпасы.

«Ырысты» вагон жөндеу зауытының кіре беріс қақпасы.

Қазанның 28-і күні Медеу аудандық соты «Ырысты» вагон жөндеу зауыты жұмысшыларының маусым айында өткізген ереуілін заңсыз деп таныған шешім шығарды. Мамандардың айтуынша, мұның арты зауыт жұмысшыларының жаппай жұмыстан босатылуына әкеп соғуы мүмкін.

Алматыдағы «Ырысты» вагон жөндеу зауытының жұмысшылары маусым айында зауыттың мемлекет меншігіне өтуін талап етіп, ереуіл ұйымдастырған болатын. Осыған байланысты зауыт әкімшілігі ереуілшілердің бұл шарасын заңсыз деп тану туралы Медеу аудандық сотына шағым берген еді. Бір жарым айға созылған сот процесінің нәтижесі бүгін белгілі болды. Аталмыш соттың судьясы Мәди Көшікбаев ереуілді заңсыз деп тауып, зауыт басшылығының пайдасына қарай шешім шығарды. Зауыттың бұрынғы қызметкері Есенбек Өктешбаев сот шешіміне билікте отырған адамдардың әсер еткеніне сенімді.
Есенбек Өктешбаев ереуіл комитетінің жетекшісі. Алматы, 23 маусым, 2009 жыл.


Есенбек Өктешбаев: «Жағдайдың осылай болатынын біз сезгенбіз. Зауыттың нағыз иесі кім екенін тіпті сот арқылы да біле алмадық. Соттың да оған мүмкіндігі жетпеді. Бұл жерде билік басында отырған адамдардың біреуі әсер еткен болып отыр»

Оның пікірінше, мұндай сот шешімінен соң зауытта жаппай жұмыстан шығару үрдісі басталуы мүмкін.

Есенбек Өктешбаев: -Әкімшілік осы шешімді күтіп отырған еді. Бұрын қысым жүргізіліп жатқанмен, ашық болмайтын. Қолдарында сот шешімі бар, енді олар ойларына келгенін істеуі мүмкін. Өздеріне жақпайтын, соңғы жағдайларға байланысты белсенділік танытып жүрген адамдарды жұмыстан шығаруы мүмкін. Бұл қазірдің өзінде басталып жатыр. Екі инженерді жай жұмысшы деңгейіне түсірген. Қазір тағы біреуінің қызметін төмендетейін деп жатыр,-дейді.

Әйтсе де, зауыт әкімшілігі мұны жоққа шығарып отыр. Мекеменің директорлар кеңесінің төрағасы Бірлесбек Әлияров зауытта егер қызметтік орын ауыстырулар болып жатса, мұның бәрі зауыт жұмысын жақсарту мақсатында жасалып жатыр деді.
Директорлар кеңесінің төрағасы Бірлесбек Әлияров.


Бірлесбек Әлияров: -Осыған дейін ешкімді шығарған жоқпыз, осыдан кейін де ешкімді шығармаймыз. Жұмысшылардан қателік кетті. Ақымақтық кімде болмайды?! Адам өлген жоқ, ешнәрсе өртенген жоқ. Ереуілге қатысқаны үшін ешкім қудаланбайды. Бірақ егер еңбек тәртібін бұзса, оларға ешкім «ереуілшілер» деп ерекше жағдай жасамайды. Зауытта қайта құрылым жұмыстарын бұрын жүргізгенбіз, қазір де болып жатыр, болашақта да болады да. Біздің ең басты мақсатымыз өндіріс жұмысын жақсарту. Кеңшілік заманда айына 60 вагон шығаратынбыз. Қазір ең жақсы көрсеткіш 30 вагон. Біз оның себебін түсінгендіктен кейбір артық бөлімдерді қысқартып, біреулерін көбейтіп, жаңа қызметтер ашып, сапа мен сан дегенге қатты мән беріп жатырмыз,- деген уәж айтады.

Кейбір мамандардың пікірінше, зауыттың мемлекет меншігіне өтуін қаламайтын мүдделік топтар бар көрінеді. «Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрманов ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында зауыттың шынайы иелерінің әлі күнге дейін анықталмағанын атап көрсетеді.

«Сотта жұмыс берушінің атынан сөйлеген көптеген адамдар ЖШС-нің артына жасырынған зауыттың шынайы қожайындарының саясатын жүргізуші қарапайым жалданбалы жұмысшылар. Ал шын мәнінде сот үкімі – бұл зауыттың жекешелендіруін қайта қарастыру және сондай ақ, мекемені мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсыныс айтуға батылы барған жұмысшыларға қарсы мемлекеттің шығарған үкімі. Жұмысшылардың мүддесін қорғаушы болып көрінген мемлекет бұл әлеуметтік күресте іс жүзінде оларды қорғап кетті»

Оның пікірінше, осылайша билік «жабық» түрде өз адамдарын қорғағысы келеді.
...мені Астанадан бір адам келіп, сенімхат арқылы тағайындады...


Маржан Аспандиярова, «ЖСДП - АЗАТ» президиумының мүшесі:

«Бір қызық нәрсе: сотқа біздің талабымызбен куәгерлікке сол зауыттың атқарушы дирекциясының өкілі Шалбаев деген жас жігіт келді. 20-дан жаңа асқан бала. 2000-ға жуық адам жұмыс жасайтын үлкен мекеменің басшысы. Ол «сіз кәсіпорынның экономикалық жағдайын білесіз бе? Манағы келеңсіздіктердің болып жатқанына байланысты не айта аласыз?» деген сұрақтардың біреуіне жауап бере алмады. «Қашаннан бастап басшылыққа келдіңіз?» деген сұрағыма ол: «мені Астанадан бір адам келіп, сенімхат арқылы тағайындады» деді. Яғни, бұл мәселенің артында үлкен-үлкен мырзалар тұр. Олар осы зауыттың нақты иелері»

Сотта айыпты деп табылғандар енді апелляциялық шағым береміз деп отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG