Accessibility links

Қалалық, ауылдық және оралман жастар


ҚазҰУ студенті Ботагөз Таңатарова. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
ҚазҰУ студенті Ботагөз Таңатарова. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Студенттер өз араларында ауылдық пен қалалық, жергілікті мен оралман деп бөлінушілік жиі болмаса да, анда-санда байқалып қалатынын айтады.

Алматыға Жамбыл облысы Мерке ауданы Тәтті ауылынан келген жас, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) студенті Ботагөз Таңатарова алғашында қалалық студенттердің ауылдан келгендерді «білімі, мәдени деңгейі төмен» деп есептеп, шеттетіп, бөлек жүруге тырысатынын көргенде таң қалғанын айтады.

«МЕН – АЛМАТИНКАМЫН»

Бірақ кейін бір-бірлерін жақын таныған соң жақсы араласып кеткендерін айтқан Ботагөз оның себебі – ауылдан келген жастардың қалаға бейімделуі деп біледі.

– Қалалық студенттер шапшаң, пысық келеді және ақпараттан, интернеттен көп хабардар, – деді Ботагөз Таңатарова.

Оның пікірінше, «қазір студенттер арасында жерге қарай бөліну басым сипатта – бірақ әр адам әр түрлі».

Алматы қаласында туып-өскен студент Айжан Кәрібаеваның ойынша, ауылдық және қалалық студенттердің бір-бірінен еш айырмасы жоқ.

– «Ауылдан келгендердің киімі жаман, мәдениеті төмен» деген стереотип
Студент Айжан Кәрібаева. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Студент Айжан Кәрібаева. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
қалыптасқан. Ол дұрыс емес. Таныс достарымның арасында ауылдан келген студенттер көп, жақсы араласамын, – дейді Айжан.

Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті, алматылық Дария Нұрболатқызы ауылдан келген студенттермен араласпайтынын айтты.

– Ауылдық студенттердің бізбен білім деңгейі бірдей. Алайда ауылдан келген студенттермен араласпаймын. Мен – алматинкамын. Себебі бізде ортақ әңгіме жоқ, таным-талғамдарымыз – басқа. Бірақ мәдениеті мен киім киісі жөнінде аздап айырмашылық бар енді, – деп езу тартты.

«ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛІП, СССР-ДІ ЖАМАНДАҒАНЫ ДҰРЫС ЕМЕС»

Ал ҚазҰУ-дің 4-курс студенті Айғаным Қазкенова шетелден келген оралман студенттермен «ортақ әңгімелері жоқ екенін, менталитеттері өзгеше екенін» айтады.

– Оларды қазақ деп қабылдасам да, бөліп қарастырамын. Бірақ өз елдеріне келіп
ҚазҰУ студенті Айғаным Қазкенова. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
ҚазҰУ студенті Айғаным Қазкенова. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
білім алғандарында тұрған ештеңе жоқ. Олардың Қазақстанға келіп, СССР-ді жамандағандары дұрыс емес. Себебі ол – біздің тарихымыз. Қазақ қазақша сөйлеп, мал бағып жүре берсе, қазіргі Қазақстан болмаушы еді. Орыстарға осындай дамуымызға үлес қосқаны үшін рахмет айтуымыз керек, – деді Айғаным Қазкенова.

Осы университеттің филология факультетінің студенті Жанар Жақыпова «оралман студенттер деп мүлдем бөлгім келмейді» дейді.

– Оралман студенттердің пысықтығы мен жан-жақтылығына ризамын. Бірақ, көріп жүргенімдей, олардың сабақ үлгерімдері төменірек болады. Біраз затты кеш түсініп жүреді. Жан досым болмаса да, жақын араласамыз. Және бір байқағаным – олар өз-өздерін төмен санайтын сияқты, – деді Жанар бізге берген сұхбатында.

Моңғолиядан келген оралман студент Нұрболдың ойынша, студенттер арасындағы мұндай бөлінушілік қазір қалыпты көрініске айналған.

Жергілікті қазақтар арасында «орыс тілінде сөйлеу – әжептәуір абырой» екенін айтқан ол «орыс тілін үйреніп алғанға дейін оралмандардың қадірі қашып болады» дейді. Нұрбол «оралман» деген атты да ұнатпайтынын айтты.

– Әр түрлі жағдайға байланысты шет ел асып кеткен қазақ қайта өз еліне көшіп келгенде, оларға оралман деген атау берді. Осы ұнамсыз ат қоюдың кесірінен қазақ қоғамына жік салып, оралман деген ұлт шықты. Балаға жақсы ат қою – әкесі мен шешесінің міндеті. Сол сияқты қазаққа да жақсы есім керек, – деді «Нұр-Мүбәрәк» университетінің студенті Нұрбол Азаттық тілшісіне.

(Мақаланы әзірлеуге Нұрмахан Ахметов қатысты)
XS
SM
MD
LG