Accessibility links

Студенттер «митингіге барма» деген ескерту алғандарын айтады


Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Алматылық студенттердің сөзінше, олар «жер дауына» байланысты митинг өтеді деген күндері жатақханадан шықпауға уәде берген. Ал университет басшылары «ешкімге қысым көрсетіліп жатқан жоқ» дейді.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) есімін атаудан бас тартқан студенті соңғы бір апта бойы мұғалімдер мен университет басшылығы тарапынан «алаңға бармау» туралы ескертуді көп естіп кеткенін айтады. Оның айтуынша, жатақханада да күзет күшейген.

– Басшылық әр факультеттің студенттер кеңесінің мүшелерін жинап, «алаңға бармауды, митингке шығушыларға қосылмауды» ескерткен. Студенттер кеңесі жатақханаға келіп, бізге айтты. «Митингке шықсаңдар, сессияға кірмейсіңдер» деген ескерту алдық, – дейді ол.

Азатық тілшісі жерді сатуға және шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге байланысты заң жобасына наразы жұрттың 21 мамырда өткіземіз деп хабарлаған митингісіне бармау туралы ескерту алған тағы бір студентпен тілдесті. Ол да ҚазҰУ-де оқиды екен.

– Бір апта болды, ескертуден соң ескерту жасап жатыр. Мұғалімдеріміз «арандап қалмаңдар» деді. Қазір жатақхана кешкі сағат 10-да жабылып қалады. Бұрын 11-де жабылатын, – дейді ол.

ҚазҰУ студенттер қалашығындағы жатақхананың көрінісі.

ҚазҰУ студенттер қалашығындағы жатақхананың көрінісі.

«НАЗАРБАЕВҚА ҚАРСЫ ТОПТЫҢ ПРОВОКАЦИЯСЫ»

Мұндай ескертуді Алматыдағы өзге ірі оқу орындарының бірнешеуінің студенттері естіген. Солардың бірі – Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) А. есімді студенті.

– Басшылық «мерекелік демалыс болатын 7-11 мамыр арасында жатақханадан шығып кетіңдер, егер жатақханада қалсаңдар, 7-11 мамыр арасында қалаға шықпайсыңдар» деп ескертті. 7-11 мамырда жатақханадан шықпайтынымызды айтып, қол қойып бердік, – дейді ол.

Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Ж. есімді (аты өзгертілді) студенті де университеті басшылығынан көп ескертулер болғанын айтады.

– Қол қойдырып жатқан жоқ. Бірақ жатақханада деканнан бастап кезекші қойылып, бөлмелерімізді тексеріп, барлығымызды түгендеп жүр. «Митингке бармаңдар» деп айтып жатыр. Әсіресе біздерге – 4-курс студенттеріне «диплом алайын деп тұрып, оқудан шығып қалмаңдар» деп ескертті, – дейді ол.

Алматыдағы азаматтық авиация академиясының студенттері де 7 және 21-22 мамырда ешқандай митингке шықпау туралы ескерту алып, «ешқайда бармаймыз» деген уәделерін жазып, қол қойғандарын хабарлады. Студенттердің сөзінше, олар қол қойған қағазда «Мен митингіге шықпаймын. Себебі бұл – Назарбаевқа қарсы топтың провокациясы. Митингке шыққан студенттер жазаланып, оқудан шығарылады» деп жазылған.

Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі студенттері «митингіге шықпау туралы ескерту алдық» деген оқу орындарына хабарласып, мұндай оқиғаның болған-болмағанын сұрап көрді.

Әуелгі хабарласқан адамымыз – ҚазҰУ-дың тәрбие ісі жөніндегі департаменті басшысы Меңдігүл Сағатқызы «бұл мәселеге қатысты ешқандай пікір білдірмейтінін» айтты. Ал азаматтық авиация академиясы мен ҚазҰПУ өкілдері «студенттерге қысым жасалып жатқан жоқ» деді. Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен жауап ала алмадық.

Сәуірдің соңынан бері Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына байланысты қарсылық акциялары өткен. Жүздеген адам қатысқан митинг Атырау, Семей және Ақтөбеде болған. Ақтөбе, Жаңаөзен, Қызылорда сияқты қалаларда полиция наразыларға жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберген. Бұл оқиғалар кезінде жиналған белсенділер мамырдың 21-інде ел бойынша бейбіт митинг өткізетінін хабарлап, жергілікті қала әкімдіктеріне бұл шараға рұқсат сұраған хат тапсыра бастаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, мамырдың 5-інде Ақордада өткізген кеңесте «Жер туралы кодекстегі» жұртты наразы еткен өзгерістерге бір жылға дейін мораторий жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG