Accessibility links

Жеңген ақын пәтер емес, уәде алды


Жастар айтысы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

"Ел болам десең..." айтысында Анаргүл Беделханқызы бас жүлдеге ие болды. (Айтыс видеосынан үзінді). Алматы, 28 қараша 2013 жыл.

Алматыда «Ел болам десең...» деген атпен студенттер айтысы өтті. Айтыскерлердің көбі қоғамдық мәселелерді сақтана сөз етті.

Айтысқа 10 ақын қатысты. Олардың жетеуі – қазақстандық (Сырым Әуесхан, Манас Қайыртайұлы, Амангелді Сейілхан, Алтынбек Ибрагимов, Айбек Бестенқұлов, Назгүл Ибраева, Әсет Дүйсебаев), үшеуі – Қытайдан келген (Нұрзия Асхабылқызы, Арзыгүл Қайынбекқызы, Анаргүл Беделханқызы) ақындар.

БАЗАРДАН БАЛҚАШҚА ДЕЙІН

Көрермендердің жұптауымен сөз сайыстырған айтыскерлер көп айтқан әлеуметтік тақырыптардың бірі – Алматыдағы өртенген «Барахолка» базары.

– Өрт деген ала берді мазаны жүз,
Көргенбіз қайсыбірде қазаны біз.
Өртеніп «Құлагердей» бір базары,
Аты өлген Ақан құсап азалымыз, – деді алматылық студент Манас Қайыртайұлы.

Жастар айтысында сөзі көрермендерді разы еткен ақындардың енді бірі
"Ел болам десең..." атты айтысқа қатысушылар. Алматы, 28 қараша 2013 жыл.
"Ел болам десең..." атты айтысқа қатысушылар. Алматы, 28 қараша 2013 жыл.
Алтынбек Ибрагимов болды.

– Ертіс пен Іле суын бөгеп тастап,
Қытай бізге жасауда олқылық тек.
Сондықтан да тартылып Балқаш бүгін,
Алғанбыз балығын да өлтіріп көп.
Ал, Нұрзия, сен бұған не дер едің,
Отырсың сол Қытайдан желпініп кеп, – деді ол қарсыласы Нұрзия Асхабылқызына.

Айтыскерлер көрермендердің көбіне ұнағанмен, олардың сөзін қомсынушылар да болды. Бұл айтысты тамашалап отырған айтыскер ақын Шорабек Айдаров «бүгінгі жас ақындардың көркемдік деңгейіне көңілі толмағанын» айтты.

– Айтысты басынан аяғына дейін тапжылмай тыңдап отырып, сонау 1990 жылдары айтысқа келген Мұхаметжан Тазабековтермен салыстырдым. Сол кезде де айтыс өнеріне жастар дәл бүгінгідей топ-тобымен келіп жатқан. Бірақ олардың көркемдік деңгейлері бүгінгі жастарға қарағанда жоғары еді, – дейді Шорабек Айдаров.

«Ел боламын десең...» деген атпен өткен студенттер айтысына Мұхаметжан Тазабеков, Серік Қалиев, Бақыт Жағыпаров, Фархат Маратов, Ұлан Еркінбай қазылық етті.

Бас жүлдеге Қытайдан келген қазақ ақыны Анаргүл Беделханқызы ие болды. Әу баста айтыстың бас жүлдесіне Алматыдан пәтер берілетіні хабарланған еді. Бірақ қазылар алқысының төрағасы Мұхаметжан Тазабеков «Бас жүлдеге тігілген пәтердің кілті Анаргүл Қазақстанға көшіп келген күні табыс етіледі» деп, ақынға пәтердің кілтін емес, уәдесін ғана берді.

Бірінші орынға тігілген 150 мың теңгені Амангелді Сейітхан иеленді. Ал екінші орын алған Алтынбек Ибрагимовке 100 мың теңге, үшінші орын алған Сырым Әуесханға 70 мың теңге жүлде берілді.

Дәстүрлі айтыс өнерінің сахналанған түрі Совет Одағы тұсында бейсаяси түрде ұйымдастырылып келді. Одан кейін айтыс 2000 жылдардың басына дейін өткір саяси-әлеуметтік мәселелер де қозғалатын мінберге, танымал тележобаға айнала бастаған. Бірақ соңғы он шақты жыл ішінде айтыс бәсекелері билік тарапынан барынша бақылауға алынды. Билік айтыскерлер одағын құрып, айтыстың ұйымдастырушысы әрі демеушісі бола бастады.
XS
SM
MD
LG