Accessibility links

Алматыда үш студенттің бірі шегеді, екіншісі ішеді


Жатақханада тұратын студент тамақтанып отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жатақханада тұратын студент тамақтанып отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мамандардың дерегінше, студенттердің көбі денсаулықтарына салғырт қарайды. Дәрігер қазіргі жастар 20-30 жылдан кейін елдегі науқастардың санын көбейтеді деп қауіптенеді.

Алматы университеттерінің бірінде оқитын 23 жастағы магистрант Арман (толық есімін айтудан бас тартты) екі жылдан бері асқазан дертінің азабын тартып жүр. Ол бұл ауруды төрт жыл жатақханада тұрған кезінде тапқанын айтады.

– Тез дайындалатын лапша, самса, кола, донер сияқты тағамдарды көп жедім. Дұрыс тамақтанбадым. Түнгі сағат 10-да тамақ жасап ішетінбіз. Сабаққа үлгеру үшін таңғы асты ішпейтінбіз. Қазір асқазаным ауырады. Дәрігерлер "гастриттің бастапқы кезеңі" деді. Диета ұстап, ауыр тамақ жемеуге тырысамын, – дейді Арман.

ФАСТ-ФУД, ШЫЛЫМ ЖӘНЕ АЛКОГОЛЬ

«Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің жүргізген зерттеуі бойынша, Алматы университеттері мен колледждерінде оқитын студенттердің 74 пайызы фаст-фуд (тез дайындалатын тағамдар) жейді. Студенттердің 32 пайызы бұл тағамдарды тұрақты түрде пайдаланады.

– Біздің әлеуметтік сауалнамаға жауап берген студенттердің шамамен 34 пайызы – шылым, 38 пайызы – кальян шегеді, 20 пайызы насыбай атады. Жастардың 32 пайызы алкоголь ішетіндерін айтты. Студенттердің 70 пайызы түрлі газдалған, энергетикалық, қанты мөлшерден көп, бояғыштары бар сусындар ішеді, – дейді «Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің өкілі Данил Бектұрғанов.

Алматыдағы студенттер жатақханасының бірі. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы студенттер жатақханасының бірі. (Көрнекі сурет)

Данил Бектұрғановтың есебінше, «студенттердің 30 пайызы – асқазан, ішек, қант диабеті, ал 30 пайызы – қан тамырлары, ішкі органдар аурулары сияқты қауіп алдында тұр».

Үкіметтік емес ұйым дерегінше, Алматыда оқитын студенттердің шамамен 27 пайызы ғана тұрақты түрде спортпен шұғылданады, ал 63 пайызы спортпен мүлде шұғылданбайды немесе анда-санда айналысады. Жастардың тек 31 пайызы ғана денсаулығын тұрақты түрде тексертіп тұрады, ал 40 пайызы «денсаулығым жақсы» деп ойлайды.

ҚАУІП

Студенттердің көбінің денсаулықтарына салғырт қарайтынын «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, мамандығы дәрігер Бақыт Түменова да растайды.

– Қазақстанда инфекциялық емес аурулардың 80 пайызы дұрыс тамақтанбаудан, ішімдік ішу мен шылым шегуден және көп қозғалмағандықтан болады. Ал қазір Алматыда оқып жүрген студенттер 20-30 жылдан кейін инфекциялық емес аурулардың қатарын толықтыра ма деп қауіптенеміз. Студенттер денсаулыққа қауіпті факторларды ескермейді. Олар «жас кезде өмірдің қызығын көріп қалсам» деген оймен денсаулықтарына мән бермейді, – дейді Бақыт Түменова.

«Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 29 қараша 2016 жыл.
«Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 29 қараша 2016 жыл.

Қазақстанда 2015 жылы насыбай сатуға және қоғамдық орындарда кальян шегуге заңмен шектеу қойылғанын еді. Мамандар «үкімет зиянды өнімдерді тұтынумен күресті күшейтіп, тұтынушылар назарын зияны төмен тағамдарға аудару үшін кешенді бағдарлама қабылдап, тегін спорт залдарды көбейтуі керек» деп біледі.

– Біз фаст-фудты, тәтті энергетикалық сусындарды, шылымды, арақты сатуды толық шектей алмаймыз. Адамдар шылымның орнына насыбай атып, арақтың орнына басқа спирттік өнімдерді ішіп кетеді. Сондықтан ата-аналар балаларын бір жасынан бастап дұрыс тамақтануға тәрбиелеп, тәттіден алшақ ұстауы керек, – дейді Бақыт Түменова.

Ресми дерек бойынша, Алматыда 130 мыңнан астам студент бар. Бұл – Қазақстандағы студенттердің үштен бірі.

XS
SM
MD
LG