Accessibility links

Наразылық шеруінің жаңа бейнесі


Теңге девальвациясы мен қымбатшылыққа наразылық шеруін полицияның қуып таратқанына жылаған бойжеткенді жас жігіт жұбатып тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Фото авторы - Азиз Мамиров.
Теңге девальвациясы мен қымбатшылыққа наразылық шеруін полицияның қуып таратқанына жылаған бойжеткенді жас жігіт жұбатып тұр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Фото авторы - Азиз Мамиров.

Қазақстанның ең ірі қаласында девальвацияға қарсы рұқсат етілмеген жиынға жүздей адам ғана шықты. Бірақ бұл жиындар «саясаттан алыс» саналып келген жастар арасында наразылығын ашық танытуға әзір белсенді жандар пайда болғанын көрсетті дейді сарапшылар.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШАРАДАН» КЕЙІНГІ САЯСИ ТАЛАПТАР

Ұлттық валютаның биылғы ақпанда күрт құлдырауы мен 2009 жылдың ақпан айында жүргізілген девальвация арасында жұрттың теңгемен жиған ақшасының құнсыздануы, айырбас пункттеріндегі бағаның сәт сайын құбылуы, импорттық тауарлардың қымбаттауы сияқты ұқсастық көп болды. Билік те тура 2009 жылғы уәжін қайталады. Араға бес жыл салып қайталанған «экономикалық шараны» (Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев девальвацияны осылай атады) билік «экономиканың игілігі» үшін жасалған амал деп түсіндірді.

Қараңыз: Теңгенің құнсыздану жолы

Бірақ бұл «шараның» бұрынғы девальвациядан бір айырмасы бар. Бұл девальвацияның соңы халықтың аз бөлігінің еш дайындықсыз және бірегей үйлестіру орталығынсыз өткізген наразылық акциясына ұласты.

Полиция наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.
Полиция наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.
Бұрынғы наразылық акцияларына әдетте зейнеткерлер шығып, монополистердің коммуналдық қызмет тарифтерін қымбаттатуына қарсылық білдіретін. Ал теңге девальвациясына қарсы наразылық жиындарына жастар - тәуелсіз Қазақстанда, елдің тұңғыш әрі әзірше жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында ер жеткен ұрпақ шықты.

Ақпанның 15-і күні Алматыда өткен рұқсат етілмеген жиынға ондаған жас қыз-жігіттер шықты. Олар бір-бірін әлеуметтік желілер арқылы білсе де, көбі жүзбе-жүз таныс емес болуы мүмкін.

Бір қызығы, бытыраңқы әрі көбі саясаттан алыс жастардың теңге девальвациясы мен оның салдарларына қарсы экономикалық наразылығы саяси талаптарға ұласты.

Қараңыз: Алматыдағы митингіні полиция қуып таратты

Ақпанның 15-інде Алматыда наразылық жиынына шыққандар «Шал, кет!» деп ұрандады. Абай ескерткішіне баратын жолды полицейлер мен қар күреуге арналған техника бөгеп тастаған соң олар орталық алаңға бет алды. Полиция жастардың ең белсенділерін алаңнан ұстап әкетті. Нәтижесінде ондаған шерушіге айыппұл салынды, ал бір белсендінің 10 тәулікке қамалғаны туралы хабар тарады.

Сенбі күні Алматыда өткен жиын:
Полиция наразыларды қуып таратты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00


АСТАРЛЫ ТӘСІЛДЕР НЕМЕСЕ «ШІЛТЕРЛІ ІШ КИІМ БҮЛІГІ»

Ақпанның 16-сы, жексенбі күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңда девальвацияға қарсы тағы бір акция өтті.

Рұқсат етілмеген жиынға келгендер алаң ортасындағы ескерткіштің айналасы «Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген жазуы бар лентамен қоршалғанын көрді. Бірақ жөндеу жүргізіп жатқан жұмысшылар көзге түспеді. Алаңда ондаған полиция қызметкері мен полиция көліктері тұрды.

Белсенділер бұл жолы астарлы тәсілдерге көшті. Жанна Байтелова мен Евгения Плахина өздерімен бірге әкелген шілтерлі іш киімді тәуелсіздік ескерткішіне қоюға әрекет жасады. Өнертанушы Валерия Ибраева алаңға бас киімнің сыртынан шілтерлі іш киім киіп келді. Үшеуінің әйелдердің іш киімін таңдауының өзіндік себебі бар. «Регламентке сәйкес келмейтін» өнім ретінде Кедендік одаққа кіретін елдерде шілтерлі іш киімді тігуге, сырттан әкелуге және сатуға тыйым салынған.

Теңге де Қазақстанның Кедендік одақ ішіндегі негізгі сауда әріптесі «Ресей рублінің құнсыздануына байланысты әлсіреді» деген уәж айтылды.

- Девальвация жүргізу арқылы мемлекет бізді «мүлде лыпасыз қалдырды» деген көңілдегі сөзді осындай астарлы тәсілмен жеткізбек болдық. Жан-жақтан қыспаққа алып, құқымызды бұзып жатыр, енді тіпті не киетінімізді де мемлекет шешпек, - дейді Жанна Байтелова Азаттық тілшісіне.

«Шілтерлі іш киім бүлігіне» қатысқан үш әйелді полицейлер ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін «ұсақ бұзақылығы» үшін Алматының әкімшілік соты олардың әрқайсысына 100 АҚШ долларына жуық көлемде айыппұл салды. Сот ғимаратынан шыққан үш белсендінің қолында шілтерлі іш киімдер болды.

Полицейлер жексенбі күні өткен жиынға қатысқан тағы бірнеше белсендіні ұстап әкетіп, олардан түсініктеме алған соң үйлеріне босатты.

16 ақпанда Алматының орталық алаңында белсенділерді ұстау:

Полиция наразыларды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00


АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ ӨСУІ

Соңғы күндері өткен наразылық акцияларын сарапшылар Қазақстанда байқалған жаңа сипаттағы наразылық нышандары мен саяси мәдениеттің қалыптаса бастауы сияқты жалпы трендтің пайда болуына балайды.

Бұл процесте негізгі рөл интернеттегі балама көздер арқылы түрлі ақпараттан жетік хабардар әрі оларды ары қарай тарататын жастарға тиеді.

- Девальвацияға қарсы наразылықтар жиынына шыққан жастардың артында ешқандай саяси ұйым жоқ екенін және бұл акциялар Ақорданың саяси қарсыластарының тіміскі әрекеттері емес екенін көрсетті. Бұл жиындар қоғамдағы саяси-азаматтық белсенділіктің арта бастағанын көрсетеді, - дейді саясаттанушы Талғат Мамырайымов.

Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев девальвацияға қарсы бұл акциялар қазірде наразылық сипаттағы көңіл-күй тек жастар арасында ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамына тән екенін көрсетті деп санайды. Бұған мысал ретінде ол девальвациядан соң іле-шала Қазақстан ұлттық банкі мен Алматы қаласы әкімдігі алдында өткен наразылық акциясына жасы үлкен кісілердің де қатысқанын келтіреді.

- Бұл - ұзақ уақыт бойы «қоғамды толық бақылауда ұстап отырмын, наразылық білдіретін топтар жоқ» деп өзін өзі алдарқатып келген Қазақстан билігіне жасалған
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
ескерту іспеттес. Бүкіл постсоветтік мемлекеттерде кез келген сәтте «ұшқыннан жалын лаулай кетуі» мүмкін екенін көрсетті. Бұқараның наразылық көңіл-күйі биліктің болжам-пайымына көне бермейтінін араб көктемі де көрсетті. Соңғы өткен наразылық жиындарын бұқараға ықпалын тигізе алмайтын шағын акция ретінде елеусіз қалдыруға болмайды. Керісінше, өз құқығын жария түрде қорғай алатын, елдегі саясатты жария түрде сынап, ашық түрде наразылық таныта алатын адамдар барына көпшіліктің көзі жетті, - дейді Досым Сәтпаев.

Оның пайымдауынша, енді Қазақстанда жастар көшбасшылары мен жаңа қоғамдық-саяси қозғалыстар пайда бола бастайды. «Билік ауысқан соң Қазақстанның саяси ландшафтын осы жаңа ойыншылар жасауы әбден мүмкін» деген пікір білдіреді сарапшы.
XS
SM
MD
LG