Accessibility links

Балабақшаға да оқулық алу науқаны байқалды


Кітап дүкені алдында мектеп оқулықтарын алу үшін кезекте тұрған адамдар. Астана, 29 тамыз 2015 жыл.

Кітап дүкені алдында мектеп оқулықтарын алу үшін кезекте тұрған адамдар. Астана, 29 тамыз 2015 жыл.

Оқу жылының басында ата-аналар тек оқушы емес, балабақшадағы баласына да мыңдаған теңгеге жинақ-кітап сатып алуға мәжбүр екендерін айтады. Білім беру мекемесі «бұл міндетті емес» дейді.

Астаналық тұрғын Қымбат балабақшадағы баласына оқулық іздеп, әбігерге түсіп жүр. Оның сөзінше, төрт жастан асқан қызына тәрбиешілері сұратқан кітаптар «Алматыкітап» баспасында жоқ болып шыққан.

«Биыл балабақшаның бәрі «Алматыкітап» баспасынан шыққан 4+ деген, бас-аяғы 11 кітабы бар жинақты оқытатын болыпты. Кеше Астанадағы күллі «Алматыкітапты» шарлап, әлгі кітаптарды таппадық» дейді Қымбат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл сөзді қостаған Айсұлтан Жақыпов есімді қолданушы: «Біз алып үлгердік. Бірақ, не үшін соның бәрі? Балабақша баласының оқулықтары 15 мың теңгеден асу деген не масқара?» деп жазады.

Азаттық Алматының бірқатар балабақшасына хабарласқанда, мектепке дейін білім беру мекемелерінің өкілдері «жас балаға кітап сатып алу міндетті емес» екенін айтты.

– Бұл – сәбилер тобынан бастап мектепке даярлық топтарына арналған дәптерлер. Шыққалы екі жыл болды. «Оны әкелмесең болмайды, міндетті түрде осымен оқытамыз» деген заң жоқ. Себебі біздің мемлекеттік стандартымыз бар, өзіміздің бағдарламамыз бар. Бағдарлама «5+», «4+», «3+» жобалары шықпай тұрғанда да жұмыс істеп келе жатқан. Қазіргі заманның талабына сай ол (ақылы жинақтар – ред.) – дайын дүние. Балаға түрлі-түсті етіп жасаған, соны бала бояйды, қияды. Бұрын тәрбиеші сурет қағазына салып беретін, ал қазір оның барлығы дайын, кітапша етіп жасап қойған, - деді Алматыдағы 18-балабақшаның меңгерушісі Эльмира Тұрғынбаева.

Оқулықтағы әріптерді дәптерге көшіріп жазып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)

Оқулықтағы әріптерді дәптерге көшіріп жазып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)

Бұл жинақтардың бағасын білмейтінін айтқан меңгеруші егер қайсыбір ата-ана ол дәптерлерді ала алмаса, көшірмесін жасап беретінін атап өтті.

«Алматыкітап» баспасының басқарма бастығы Бүбіхан Шакиева балабақша балаларына арналған оқулықтың «15 мың теңге тұратынына» сенбейтінін айтады.

- Ол мүмкін емес! Бізде мектеп алды дайындық, яғни «нулевой» сыныбының оқулықтарын мемлекет ақша бөліп сатып алады. Ал «2+», «3+», «4+» және «5+»-ке ешқандай ақша бөлінбейді. Сондықтан ол оқулықтарды ата-аналар сатып алады. Кейбір жерлерде жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді, демеушілер табылып, көмектесіп жатады. Ол бір ғана кітап емес, тұтас бір комплекс - көрнекілігі, үлестірмелі материалы, дәптері, хрестоматиясы мен дискісі бар. Мәселен, «2+»-те екі-ақ дәптер болса, «4+» және «5+»-терде 7-8 дәптер болады. Оны енді ата-ана өзі сатып алуы қажет. Бағасы 15 мың теңге емес, ол базардағы саудагерлердің бағасы болуы ықтимал, - дейді «Алматыкітап» өкілі.

Азаттық тілшісі «Алматыкітап» баспасының Астана мен Алматыдағы бірнеше дүкеніне хабарласып, «2+», «3+», «4+» және «5+» оқулықтар жиынтығын сұрап көрді. Ондағы сатушылардың сөзінше, жинақтар «толық болмаса да бар», бағасы 5-6 мың теңгенің төңірегінде.

Балаларға арналған қазақ ертегілері кітабы. (Көрнекі сурет)

Балаларға арналған қазақ ертегілері кітабы. (Көрнекі сурет)

Кейбір астаналық әлеуметтік желі қолданушылары «Алматыкітаптың» қалада екі-ақ дүкені жұмыс істеп тұрғанын» жазып, ұзын-сонар кезектің фотоларын жариялады.

Бірақ базар саудагерлері Азаттыққа оқулықтар мен дәптер жинақтарының еркін сатылып жатқанын айтады. Мәселен, Астана базарларының біріндегі Райхан есімді сатушының сөзінше, «балабақшаға керек дәптерлердің бағасы әртүрлі, бір дәптердің құны орта есеппен 1000 теңге тұрады».

Биылғы тамыз айында Қазақстанда болған теңге девальвациясынан кейін тауарлармен қатар оқулықтардың бағасы да күрт өсе ме деп қауіптенетін ата-аналар көп. Жылда «оқулық тапшылығы» мәселесімен бетпе-бет келетін ата-аналар биыл балабақша жинақтарына дейін сатып алуға мәжбүр боламыз ба деп алаңдайды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы 5 мыңға жуық мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 370 мыңнан астам бала оқиды. Кезекте тұрғандардың саны 260 мыңға жуықтайды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG