Accessibility links

«Германияға қарағанда, Қазақстанда актер болу қиын»


Германиялық режиссёр Кай Вушек (ортада) пен Қазақстан неміс театры актерлері «Қонақ үй» қойылымына дайындық кезінде. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

Германиялық режиссёр Кай Вушек (ортада) пен Қазақстан неміс театры актерлері «Қонақ үй» қойылымына дайындық кезінде. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан неміс театрында германиялық режиссер Кай Вушек сахналаған «Қонақ үй» спектаклі премьерасы өтті. Ондағы бас кейіпкер - Женевадағы ең ірі үш отельдің бас директорына айналған даяшы.

«Қонақ үй» пьесасына арқау болған 1920 жылдардағы әлемдік дағдарыс көріністерінің қазіргі заманға ұқсайтын тұстары да көп. «Қонақ үй» - Женевадағы ең ірі үш қонақ үйдің бас директорына айналатын даяшы жайлы пьеса. Өз атағын тезірек шығарғысы келген ол санаулы сағатта бәрінен айырылады. Пьесада кейіпкерлердің көңіл-күйін айқын көрсетіп, мінезін ашатын экспрессиялық сәттер, әжуа-сықаққа толы көріністер көп.

Ғимараты жеті жылдан бері жөнделіп бітпей, тұрақты сахнасыз жүрген Қазақстан неміс театры (DТК) бұл спектакльді осы аптада көрерменге ұсынды. Театр қазір жертөлені жалдап отыр.

НЕМІС РЕЖИССЕРІ ҚАЗАҚСТАНДА

DТК-да қойылған жаңа спектакльдің режиссері - Алматы қаласындағы Гете-Институттың қолдауымен келген Кай Вушек. Берлиндік режиссер Германиядағы 65 жылдық тарихы бар ең ірі мемлекеттік жастар театрын 2005 жылдан бері басқарады. Бұл театр кезіндет советтің оккупациялық билігінің бұйрығымен құрылып, көпке дейін «Достық театры» аталған. Ал Кай Вушек келгеннен бері Театр ан дер Паркауэ (сөзбе сөз аударғанда – «Парк жанындағы театр») деп аталады.

Бұған дейін «Қонақ үй» спектаклі Германиядан тысқары жерде сахналанбаған. Пьеса мәтіні орыс тіліне аударылып, спектакль орыс тілінде қойылды. Репетиция кезінде режиссер актерлермен аудармашы арқылы тілдескен.

«Қонақ үй» пьесасында ойнаған актерлер Антон Дукравец (жатқан), Вячеслав Балашов, Дмитрий Гылко және Галина Табала. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

«Қонақ үй» пьесасында ойнаған актерлер Антон Дукравец (жатқан), Вячеслав Балашов, Дмитрий Гылко және Галина Табала. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

«Қонақ үй» трагикомедиясын 1920 жылдары неміс суретшісі Макс Бекман жазған. Бірақ бұл туынды жұртқа 1980 жылдары - автор қайтыс болғаннан кейін ғана белгілі болған. Алғаш рет 1984 жылы Мюнхен театрларының бірінде сахналанған. Ал қазір неміс театрларында сирек қойылады. Кай Вушектің айтуынша, Германияда театр қайраткерлерінің көбі Макс Бекманның пьесалар жазғанын әлі күнге дейін білмейді.

Макс Бекманның картиналарының көшірмелері спектакльді безендіру үшін пайдаланылады. Гитлер тұсында нацистер оның шығармашылығын «азғын өнер» деп атаған. 1937 жылы Мюнхенде өткізілген «Азғын өнер» көрмесіне Макс Бекманның да картиналарын қойған. Нацистер бұл көрмемен қатар «Ұлы неміс көркем көрмесін» өткізіп, «неміс өнерін» «азғын өнерге» қарсы қоюға тырысқан. «Ұлы неміс көркем көрмесінің» ашылу салтанатындағы Гитлердің сөзінен кейін Макс Бекман Германиядан біржола - әуелі Голландияға, соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ-қа кетіп қалған.

АЛМАТЫ АКТЕРЛЕРІ

Берлиннен келген режиссер бас репетициядан соң Азаттық тілшісіне спектакльді қалай қойғанын, Қазақстандағы өмір жайлы пікірін айтып берді.

Кай Вушек Алматыға DТК басшылығында ауыс-түйіс болып жатқан тұста келген: Ирина Смирнованың орнына Наташа Дубс көркемдік жетекші болып, кейбір актерлер кетіп, труппаға жаңа адамдар келген.

– Мен ауыс-түйіс болып, бәрі өзгеріп, жаңа тәртіп орнап жатқан кезде келдім. Әуелде қиын болды. Бірақ, бәріміз жұмылып жұмыс істеп, қызықты қойылым жасадық, - дейді ол.

«Қонақ үй» спектаклінде ойнаған актер Арлан Қасиманов. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

«Қонақ үй» спектаклінде ойнаған актер Арлан Қасиманов. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

Кай Вушек Германияға қарағанда, Қазақстанда актер болу қиын деген қорытындыға келген. Ол театрдың қазіргі жағдайын да нашар деп бағалайды.

– Театрдың өз сахнасы жоқ екен. Кейбір актерлер айына бір-екі спектакльде ғана ойнағандықтан, актерлік шеберлігін дұрыс жетілдіре алмайды. Мұны да ескеру керек болды. Актерлердің білімі де ала-құла екенін байқадым. Оларды театр өнерінде нақты не қызықтыратынын сұрап көрдім. Ақыры көп нәрсе режиссер ғана емес, актерлерге де байланысты екеніне келісіп жұмыс істедік. Мен жұмысқа бағыт-бағдар бердім, ал шешімді бәріміз бірге тауып отырдық. Сөйтіп, бәрімізге ортақ шығармашылық процесс болып шықты, - дейді режиссер.

Ол Германия мен Қазақстандағы адамдардың тыныс-тіршілігін де салыстырып көргенін айтады.

– Қазір Германияда неміс адамы қандай болуы тиіс деген тақырыпта маңызды пікірталас жүріп жатыр. Өйткені, бізде шетелдіктер көп. Қазір бұл мәселе өзекті болып тұр. Ал мұнда жағдай мүлде өзгеше екен. Түрлі ұлт өкілдері бір отбасында тұра береді. Мысалы, баронның рөлін ойнаған актердің екі атасы мен екі әжесі - төрт ұлттың өкілі екен, - дейді ол.

Кай Вушек «Ал екі елдің театрындағы айырмашылыққа келсек, Германияда бас репетициядан кейін жұрт қол соғып қошеметтемейді. Ал мұнда өзгеше екен» дейді.

КӨРЕРМЕНДЕР ЖӘНЕ 12 АКТЕР

«Қонақ үй» спектаклінде 12 актер ойнайды. Оның ішінде DТК-ның белгілі актрисаларының бірі Юлия Тейфель де бар. Азаттық тілшісі актрисадан жаңа рөлінің ерекшеліктері туралы сұрады.

Актерлер Тимур Бонданк пен Юлия Тейфель «Қонақ үй» спектаклінде. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

Актерлер Тимур Бонданк пен Юлия Тейфель «Қонақ үй» спектаклінде. Алматы, 18 наурыз 2015 жыл.

– Кайдың жұмыс тәсілі маған мүлде өзгеше көрінді. Шынымды айтсам, онымен жұмыс істеуде біраз қиналдым. Бірақ бұл жақсы. Режиссердің нені талап ететінін түсіну үшін, уақыттың тығыздығына қарамастан, көп нәрседен арылуға тура келді. Соңғы ойнаған спектакльдерде өзімнің мықты жақтарымды тапқан сияқты едім. Көбінесе көрерменге ұнайтын лирикалық образдарды ойнап жүргенмін. Мұнда да сондай лирикалық образбен шыға саламын деп ойлағанмын. Бірақ, режиссер мен темпераментіме сай, мықты жақтарым деп ойлаған образдарды алып тастады. Мүмкін, мықты режиссер осылай істеп, бізді жан-жақты ашуы тиіс шығар, - дейді Юлия Тейфель.

Жергілікті екі бойжеткен мен Германиядан келген қыз бен жігіт спектакльден алған әсерлерімен Азаттық тілшісімен бөлісті.

Евгенияға кейбір актерлердің, әсіресе баронессаның рөлін сомдаған актрисаның ойыны ұнапты.

– Маған сахнаны бірнеше бөлікке бөліп тастағаны ұнады (көріністі ойнап біткен соң актерлер сахнаның көлеңкелеу тұсында қалады да, көрініс сахнаның екінші жартысына ауысады. – ред.). Бірақ, жаңа көрініс сахнаның басқа тұсына ауысса да, актерлердің өткен көрініске ерекше мән беруі дұрыс емес, - дейді ол.

Ол ұзақ паузаларды спектакльдің кемшілігі ретінде атайды. Сондай-ақ, оған кейбір актерлер рөлдерін тым әсірелеп ойнағандай көрінген. Бірақ, Қазақстан неміс театрына бірінші рет келіп көрген спектаклі жалпы оған ұнаған.

Ал Кристина спектакльден ешқандай кемшілік көрмегенін айтады.

– Спектакльді рахаттанып көрдім. Шын мәнінде, көптеген спектакльдерден айырмасы бар. Актерлер кейіпкерлерін әр қырынан танытып, тамаша ойнады. Анайы, әдепсіз көріністер де, рөлін дұрыс сомдай алмаған немесе тым әсірелеп ойнаған актерлер де болған жоқ, - дейді ол.

Шын мәнінде, көптеген спектакльдерден айырмасы бар. Актерлер кейіпкерлерін әр қырынан танытып, тамаша ойнады.

Роберт орысша мүлде түсінбесе де (спектакльдің синхронды аудармасы болған жоқ), ал Юдит шала түсінгенімен, Германиядан келген қыз бен жігіт те спектакльге келгендеріне өкінбеген.

DТК актерлері ойнаған «Қонақ үй» спектаклін күзде Берлинде - Макс Бекман картиналарының көрмесінде видеожазба түрінде көрсетеді.

Өзге театрлардың сахнасын жағалауға мәжбүр DТК биылғы маусымда спектакльдерін ұйғыр музыкалық-драма театры, орыс драма театры және республикалық қуыршақ театры сахнасында қойған. Қазір театр «Тенгри Ұмай» көркем галереясы орналасқан ғимараттың жертөлесінен уақытша тағы бір баспана тапқан.

Бірақ жастар театрларының спектакльдеріне келіп жүрген көрермендер бұған үйренген сияқты. Мысалы, Алматыдағы жұртқа танымал «АRTиШОК» театры да үнемі жертөледе жұмыс істейді.

«Тенгри Ұмай» галереясы залының көп бөлігін алатын сахна алдында үш қатар етіп орындық қойылған. Бұл жолы алғашқы премьераға келген 80 көрерменді 50 кісілік залға сыйдыруға тура келді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG