Accessibility links

Ашаршылық жайлы спектакльден кейін «Кім кінәлі?» сұрағы қойылды


«Жұт» спектаклінің кейіпкерлері Сәуле (актриса Кәмила Ермекова) мен Ахмет (актер Илья Шилкин). Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

«Жұт» спектаклінің кейіпкерлері Сәуле (актриса Кәмила Ермекова) мен Ахмет (актер Илья Шилкин). Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Алматыда 1930 жылдардағы ашаршылық жайлы спектакль қойылымына әзірлік жүріп жатыр. Баспасөз көрсетіліміне келгендердің айтуынша, ашаршылық – Қазақстанда тыйым салынбағанымен, құпталмайтын тақырыптардың бірі.

Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы орыс мемлекеттік драма театрының кіші сахнасында мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың пьесасы бойынша «Жұт» спектаклін қоймақ.

ОТБАСЫ ҚАСІРЕТІ АРҚЫЛЫ ХАЛЫҚ ТРАГЕДИЯСЫН КӨРСЕТУ

«Жұт» пьесасының авторы – ресейлік 35 жастағы жазушы, драматург әрі журналист Олжас Жанайдаров. Ол Қазақстанда туғанымен, жеті жасынан бері Мәскеуде тұрады. Прозалық және драматургиялық бірнеше шығарманың авторы. Пьесалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск, Петропавловск театрларында сахналанған.

Спектакль кейіпкерлері Ербол (актер Сергей Уфимцев) мен Елена (актриса Ольга Ландина). Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Спектакль кейіпкерлері Ербол (актер Сергей Уфимцев) мен Елена (актриса Ольга Ландина). Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Екі заманды қамтыған пьесадағы оқиға желісі қазіргі Мәскеу мен 1930 жылдары ашаршылық жайлаған қазақ даласында өтеді. Пьесада небәрі бес кейіпкер бар. Жұттан тірі қалған атасының тағдыры жайлы әңгімелеп беру үшін мәскеулік журналист Еленамен кафеде кездесетін Ербол Мәскеуге жұмыс бабымен Алматыдан келген. Эпизодтық көріністерде кафеге келген «азиаттарды» жақтырмайтын «саяси сауаты төмен» даяшы қыз бар.

1930 жылдардағы ашаршылық қамтылған екінші көрініс киіз үйдің ішінде өтеді. Негізгі кейіпкерлер – Ерболдың атасы Ахмет пен оның бірінші әйелі - Сәуле. Көрермен аштықтан қайтыс болған үш жасар баласын енді ғана жерлеп келген, кішкентай нәрестелері қалған ерлі-зайыптыларды көреді. Аздаған сауаты бар Ахметке жұмыс табудың сәті түседі. Оның күнделікті тапқан тамағы отбасын аштықтан құтқаруға жетеді. Бірақ әйелі оның партия активіне жалданып жұмыс істегенін құптамайды. Ол байдың қызы болған соң «өңкей кедей-кепшік жиналып, бұрынғы байлардан өш алғысы келеді» деп жаңа үкіметті жақтырмайды. Ал Ахмет «олардың жұмысы ғой» деп партия активін ақтауға тырысады. Бірақ әйелі байдың қызы болғандықтан, көп ұзамай Ахметті жұмыстан шығарып, отбасына аштық қатері тағы төнеді. Екеуінің сәбиі ауырып, шетінеп кетеді. Қайғыға шыдамаған Сәуле өз-өзіне қол салады. Көз жұмарында күйеуіне «елдің оңтүстігіне кетіп, жаңа әйел тап, ұрпағыңды жалғастыр» деп өтінеді.

Киіз үйдегі көріністер алматылық Ерболдың атасының құжаттары мен қойын кітапшасы негізінде мәскеулік журналистке айтқан әңгімесі бойынша қойылған. Ербол журналист қыздан осы тақырыпта әңгіме жазып шығуды сұрайды. «Қазақстанда неге жазып шығармайсыз?» деген сұраққа Ербол «бізде мұндай дүниелерді шығармайды» деп жауап береді.

Спектакльдегі даяшы рөлін актриса Лариса Осипова ойнады. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Спектакльдегі даяшы рөлін актриса Лариса Осипова ойнады. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

«Жұт» пьесасы бүкілресейлік «Кейіпкер – 2013» драматургиялық конкурсында бірінші орын, «Тәуелсіз театр – 2013» қазіргі заман драматургиясы халықаралық конкурсының «Пьеса» номинациясында үшінші орын алған.

2014 жылдың күзінде Алматының АРТиШОК театрында пьесаны дауыстап оқу шарасы өткен. «Жұттың» премьерасы 20 қазанда Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы орыс мемлекеттік драма театрында болады. Ал 16 қазанда оны Уфадағы Мәжит Ғафур атындағы Башқұрт драма театрында сахналау жоспарланған.

АВТОР МЕН РЕЖИССЕРДІҢ ОРТАҚ ПОЗИЦИЯСЫ

Олжас Жанайдаров «Жұт» пьесасын ашаршылықты өз басынан өткерген атасының әңгімелеріне сүйеніп жазған. Ал кейбір деректерді Валерий Михайловтың «Ұлы жұт хроникасы» кітабы мен ашаршылық жылдары өмір сүрген жандардың интернетте жарияланған естеліктерінен алған.

Спектакль авторы Олжас Жанайдаров (сол жақта) пен режиссер Рубен Андриасян. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Спектакль авторы Олжас Жанайдаров (сол жақта) пен режиссер Рубен Андриасян. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

– Пьесаны жазған кезде ашаршылыққа саяси емес, адами тұрғыдан баға бергім келді. Жаман халық жоқ, ал жаман адамдар әр халықта бар. Бұл жағынан Рубен Суренович (Андриасян, театр режиссері) екеуміздің көзқарасымыз бір жерден шықты. Біз тек адамның келбетін ашуға тырыстық. Адам бойында пасықтық та, арамзалық та, ар-намыс та болады. Спектакльде мұның бәрін көрсетуге тырыстық. Бірақ қандай сұмдық жағдай болсын, адам болып қалуға болады, – дейді Олжас Жанайдаров.

Спектакль режиссері Рубен Андриасян ашаршылыққа талдау жасауды өз міндеті санайтынын айтады.

– Біздің міндетіміз – қиын-қыстау заманды бастан кешкен адамның өз келбетін жоғалтпай, қалай төтеп бергенін көрсету, – дейді ол.

«ЖАБЫҚ» ТАҚЫРЫП ПА?

Спектакльде мәскеулік журналистке алматылық Ербол жұт тақырыбына жазылған шығармаларды Қазақстанда жарияламайтынын айтады. Кейіпкердің бұл сөзі спектакльдің премьерасы қарсаңында ұйымдастырылған баспасөз көрсетілімнен кейін талқыға түсті. Мысалы, журналист Юрий Криницианов жұт Қазақстанда тыйым салынған тақырып дегенмен келіспейді. Ол Валерий Михаиловтың «Ұлы жұт хроникасы» деректі кітабынан мысалға келтіреді. Бірақ ол кітап баяғыда, 1990 жылы шыққан.

Ал спектакль көрсетілімінен кейін талқылауға қатысқан саясаткер Әміржан Қосанов бұл Қазақстанда тыйым салынбағанымен, онша құпталмайтын тақырып екенін мойындайды.

Саясаткер Әміржан Қосанов пен жұбайы Роза спектакльде отыр. Алматы, 15 қазан 2015 жыл.

Саясаткер Әміржан Қосанов пен жұбайы Роза спектакльде отыр. Алматы, 15 қазан 2015 жыл.

– Өкінішке қарай, бізде қазіргі тұрмыс-болмысымызды да, өткен тарихымызды да жуып-шайып көрсетуге әуес. Мен мұнда бүкіл халықтың трагедиясын бір отбасының қасіреті арқылы таныдым. Қазақтардың жартысы тап болған трагедияны спектакль авторлары шынайы әрі нанымды етіп көрсеткен, – дейді ол.

Әміржан Қосанов бірер ескерту де айтты. Оның пікірінше, Олжас Жанайдаровқа тарихи трагедияны даналық, философиялық көзқарас тұрғысынан көрсетуге өмірлік тәжірибе жетіспейтін сияқты. Қосанов спектакльде заман сабақтастығы тым түзу, сондай-ақ қазақстандық, қазақ көрерменге «құрт», «қымыз» сияқты заттарды сахнадан түсіндіру қажет емес еді деп санайды.

ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЕСІМДЕРІН АТАУ ЖӨН БЕ ЕДІ?

Қазақстанда миллиондаған адамның өмірін қиған 1930 жылдардағы ашаршылыққа кім кінәлі деген талас қоғамда әлі толастамаған. «Жұт» спектаклін талқылау кезінде бұл сұрақ та қозғалды. Мысалы, журналист Юрий Криницианов «кейбір жандар жергілікті басылым беттерінде жұтқа «орыс колонизаторлары» кінәлі деуден танбайды, ал мұнда ондай астарлы ой жоқ» деп пьеса авторын мақтады.

Журналист Юрий Криницианов. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Журналист Юрий Криницианов. Алматы, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Юрий Криницианов «Жұтта» трагедияның кінәсін әлдебір халыққа емес, сол замандағы жүйеге артқаны ұнаған.

Пьеса жайлы саясаткер Әміржан Қосановтың да пікірі осыған саяды:

– Жұт сияқты тақырыпты қозғағанда дидактикаға, публицистикаға, көпірме сөзге салынбау керек. Тіпті Филипп Голощекинді (ашаршылық жылдары бүкілодақтық коммунистік большевиктер партиясы Қазақстан өлкелік комитеті орталық комитетінің бірінші хатшысы болған) айыптауға да ұрынбаған жөн. Жазушы Сергей Довлатов миллиондаған адам бір-бірін қаралап, арыз жазғанын айтқанымен, бар кінәні Голощекинге жабуға тырысқандар, әсіресе 1990 жылдардың басында жарияланған мақалаларда көп кездеседі, – дейді ол.

Алматылық жазушы Юрий Серебрянскийдің көзқарасы өзгеше.

– Мен Олжастың (Жанайдаровтың) жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар деген сөздерімен келісемін. Бірақ Қазақстан тұрғыны ретінде мен үшін қылмыскерлердің есімдері аталғаны жақсы еді, өйткені бұл трагедияға кінәлі жандар бар әрі оларды есімдері де белгілі. Бұл жағынан спектакль авторларының әлдебір тарихи жауапкершіліктен жалтарғанын байқаймын, – дейді ол.

«Жұт» спектаклінің баспасөз көрсетілімінен кейін «жақсы қойылым», «театр өміріндегі айтулы оқиға» деген пікірлер де айтылды. Бірақ «қазіргі көрермен жеңіл-желпі, арзанқол ойын-сауыққа толы пьесаларға көбірек әуес, сондықтан спектакль аз уақыт қойылатын шығар» деп өкініш білдіргендер де болды.

XS
SM
MD
LG