Accessibility links

Алматыда трамвай қайта жүруі мүмкін бе?


Алматы депосында қаңтарылып тұрған трамвай жанында жүрген тауықтар. 9 тамыз 2016 жыл.

Алматы депосында қаңтарылып тұрған трамвай жанында жүрген тауықтар. 9 тамыз 2016 жыл.

Былтыр күзде Алматыда трамвай жұмысы уақытша тоқтаған еді. «Трамвай паркінің қазіргі күйі қандай, тағдыры не болады?» деген сұрақтарға жауап іздеген Азаттық тілшісі қала орталығындағы тіршілік белгісі байқалмайтын депоға барып қайтты.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН «ТОҚТАУ»

2017 жылы қарашаның 7-сі күні Алматы трамвайы кезекті мерейтойы - 80 жылдығын атап өтуі мүмкін. Бірақ былтыр қазанның 31-і Алматы әкімі Бауыржан Байбектің жарлығымен қалада трамвай қозғалысы уақытша тоқтаған еді. Бұған трамвайлардың қатысуымен болған екі ірі апат пен трамвай жолдарында кейін анықталған үлкен кемшіліктер түрткі болған еді.

2015 жылы қыркүйектің 21-і күні ішінде жолаушысы және жүргізушісі жоқ трамвай Байтұрсынов көшесі бойымен төмен ағызып өтіп, Никольск базары тұсында 14 автомобильді соққан болатын. Апат салдарынан төрт адам зардап шеккен. Ал қазанның 13-і күні қала орталығындағы Мақатаев көшесінде де осындай жағдай қайталанған. Жүргізушісі жоқ вагон кенеттен сырғып кетіп, жолындағы 10-нан аса көлікті қағып, бұрылыста рельстен шығып бір-ақ тоқтаған. Бұл жолы екі адамның зардап шеккені хабарланған.

Жолындағы көліктерді жапырып өтіп бара жатқан трамвай. Алматы, Мақатаев көшесі, 13 қазан 2015 жыл. Youtube желісіндегі видеодан алынған скриншот.

Жолындағы көліктерді жапырып өтіп бара жатқан трамвай. Алматы, Мақатаев көшесі, 13 қазан 2015 жыл. Youtube желісіндегі видеодан алынған скриншот.

Әлгі оқиғалардан кейін Алматы әкімі трамвай паркіне барып, ондағы жағдайды көріп, көңілі толмай қайтқан. Трамвай депосы жұмысын арнайы комиссия да тексерген. Кейінгі кездері трамвайлардың рельстен шығып кетуі жиілеп, 2015 жылдың басынан бері мұндай 43 оқиға болған. Комиссия трамвай жолдарының мүшкіл халде екенін, яғни рельстердің әбден тозғанын, түйіскен тұстары көп ашылып, ал ағаш шпалдарының шіріп кеткенін анықтаған. Рельстерді жаңартып, қосымша вагондар сатып алу үшін миллиардтаған теңге қажет.

Алматыдағы қаңырап тұрған тармвай депосы. Алматы, 9 тамыз 2016 жыл.

Алматыдағы қаңырап тұрған тармвай депосы. Алматы, 9 тамыз 2016 жыл.

​2015 жылы қазанның 31-і күні Алматыда трамвай қозғалысы анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін «уақытша» тоқтатылды. Бірақ қаржы жоқ болғандықтан, әлгі кемшіліктердің ешбірі түзетілмеді. Биыл шілдеде трамвай желілерінің кей тұстарындағы түйіспелі сымдарды шешіп алып жатқаны байқалған.

Кейінгі 25 жыл бойы Алматы трамвайы осындай мүсәпір күйге жетті. Алматыдағы трамвай көлігі шежіресіне көз жүгіртсек, іске қосылған алғашқы жылдан бастап 1980-жылдардың аяғына дейін жыл сайын тек жаңа желі, желінің жаңа учаскесі, жаңа маршрут қана ашылғанын байқауға болады. 1993 жылдан бері маршруттарды жауып, желілер бұзылды.

1936 жылы Алматыға ленинградтықтар сыйға жіберген тармвай. Сурет "Алматы трамвайына - 70 жыл" брошюрасынан алынды.

1936 жылы Алматыға ленинградтықтар сыйға жіберген тармвай. Сурет "Алматы трамвайына - 70 жыл" брошюрасынан алынды.

1982 жылы трамвай желісі ұзындығы 68,8 километр болғаны белгілі. Оның бойымен 100-ден аса вагон жүрген. 1980 жылдардың аяғына қарай қалада 10 трамвай маршруты болған. 2015 жылдың қазанында уақытша тоқтағанға дейін жалпы ұзындығы 31,5 километр болатын екі маршрутта 17 ғана вагон болған. Бұған қоса, вагондардың бәрі – Германиядан сатып алынған ескі чех «Татрлары». Совет үкіметі жылдары Алматыға көбінесе конвейерден енді ғана шыққан жаңа вагондар (Рига, Усть-Катавадан) әкелінген.

«ТРАМВАЙЛАР ЗИРАТЫНДА»

Гоголь, Байтұрсынов және Масанчи көшелері аралығындағы қымбат бағаланатын кварталды алып жатқан Алматы трамвай паркі қала орталығында орналасқан. Гоголь және Байтұрсынов көшелері көлік көп жүретін көшелер екеніне қарамастан, трамвай паркі аумағында ауылдағы сияқты жым-жырт тыныштық. Ауласында тіпті бір қора тауық пен әтеш жүгіріп жүр. Нақтырақ айтқанда, зираттағы сияқты тым-тырыс. Парктің ортасындағы ғимаратты айналдыра тартылған тот басқан жолдарда қалқайып бірнеше вагон тұр. 12 вагон депоның ішінде - шатыр астында тұр.

Алматы депосында тұрған трамвайлар. 9 тамыз 2016 жыл.

Алматы депосында тұрған трамвайлар. 9 тамыз 2016 жыл.

Депоның ішін қалың шаң басқан. Азаттық тілшісі мұны вагондарды үстіңгі жағынан фотоға түсіру үшін ғимараттың шатыры астындағы ағаштан салынған алаңқайлардың біріне темір баспалдақпен шыққан кезде байқады. Қаптап өскен қурай мен ескі вагондардың шашылып жатқан бөлшектері парк территориясын тіпті құлазытып тұр.

Ғимараттардың бірінің терезе-есіктерінің орны үңірейіп қалыпты. Екі жыл бұрын ғимараттың бұл бөлігінде өрт шығып, кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген екен. Трамвай паркінің әкімшілік ғимаратының архитектурасы 1960-1970 жылдары салынған ғимараттарға ұқсайды. Оның бүйір беті бірнеше қабаттың бойымен нақышты өрнектермен безендіріліпті. Мұндағы қалған ғимараттардың бәрі 1937 жылы салынғаннан бері тұр.

Алматыда трамвай жүрген күндерден естелік сурет. 14 қазан 2015 жыл.

Алматыда трамвай жүрген күндерден естелік сурет. 14 қазан 2015 жыл.

Қазіргі трамвай паркі – баяғы заманның өндіріс базасынан қалған жұрнақ. 1990-жылдардың басына дейін трамвай паркінің бір бөлігі Байтұрсынов көшесінің арғы бетінде орналасқан болатын. Қазір ол жерде бензин құятын, техникалық қызмет көрету станциясы жұмыс істейді. Ақсайда тағы бір депосы болған.

Вагондарды жуатын цехтың сыртқы қабырғасының іргесінде бортында RVR әріптері жазылған трамвай тұр. Бұл - Рига вагон жасау зауытының өнімі. Алматы трамвайлары тарихына оның ешқандай қатысы жоқ. Кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы туралы «Елбасы жолы» көркем киноэпопеясы серияларының бірін Теміртауда түсірген кезде 1960-жылдары шыққан трамвай қажет болған. Сондықтан оны Уфа қаласынан тауып, сатып әкелген. 2013 жылы түсірілім аяқталғаннан кейін оны Алматыдағы трамвай паркіне әкеліп қойған, әлі күнге дейін сонда тұр. 2014 жылдың 22 маусымында ол тіпті тарихи трамвайлар парадына қатысқан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Қаңыраған трамвай депосы (суретті басыңыз)

Трамвай паркіндегі вагондардың тағдыры не болатыны және қаладағы трамвай жолдарын бұзыла ма, жоқ па - мұны білу қиын шаруа болып шықты. Өзін депоның соңғы директорымын деп таныстырған кісі әлдебір комментарий беруден бас тартты. Егер депоның орнында сауда-ойын-сауық орталығы немесе элиталық тұрғын үй салына бастаса, кей скептиктердің «трамвайлар себепкер болған былтырғы жол-көлік апаттары трамвайлардың көзін құртып, трамвай паркі территориясын иемденіп алу үшін әдейі ұйымдастырылған» деген болжамы беки түседі. БАҚ пен әлеуметтік желілерде мұндай конспирологиялық болжамдар көп.

Жуырда «Алматы қаласын дамыту орталығы» компаниясы бұрынғы трамвай паркі орнына қоғамдық орындар кеңістігін құру тұжырымдамасына ашық конкурс жариялаған. Қазылар алқасы құрамына шетелдік үш сәулетші мен урбанист мамандар кірген. Бір айға созылатын конкурс қорытындысы 18 қыркүйекте шығуы тиіс.

БАТЫС ЕЛДЕРІНДЕГІ ТРАМВАЙ РЕНЕССАНСЫ

Алматыда алғашқы трамвай пайда болған кезде АҚШ пен Батыс Еуропаның көптеген елінде транспорттың «ескірген» түрі ретінде оны тіпті аз уақытқа тоқтатқан болатын. 20-ғасырдың аяғы мен 21-ғасырдың басында АҚШ пен Батыс Еуропада «трамвайдың» қайта өрлеу дәуірі болды. Кезінде трамвайдан бас тартқан қалалар оны қала көшелеріне қайта жүргізді. Ал бас тартпаған қалаларда қарқынды дамыды. Кей қалаларда жаңадан пайда болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Сан-Франциско трамвайы (суретті басыңыз)

Бірақ Батыс елдерінде трамвайды автоөндірушілер ықпалымен ығыстырса, қазір трамвай автомобильдендіруді баяулату процесінің бір бөлігі, адамдарға жайлы қоршаған орта қалыптастыру үшін қайта жаңғырды.

Трамвай Алматыдан көпке дейін жоғалады деп санауға бола ма? Қала билігі жеңіл рельсті трамвай салуға уәде еткелі кемі 10 жылдай болып қалды. 2015 жылдың желтоқсанында оның құрылысының нақты жоспары жарияланған болатын. Маршруттың ұзындығы 22,9 километр болады. Болжам бойынша, жеңіл рельсті трамвай 2020 жылы іске қосылып, күніне 62 мың жолаушы тасымалдауы тиіс. Бірақ бұл әзірше жоспар ғана.

XS
SM
MD
LG