Accessibility links

«Трибунаның» соты «5 миллион теңге төлесін» деген үкіммен бітті


Журналистер мен белсенділер «Трибуна» газетіне қарсы шағымды қараған Медеу аудандық соты алдында тұр. Алматы, 11 шілде 2016 жыл.

Журналистер мен белсенділер «Трибуна» газетіне қарсы шағымды қараған Медеу аудандық соты алдында тұр. Алматы, 11 шілде 2016 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты «Алматыжарнама» директоры Сұлтанбек Сыздықовтың «Трибуна» газетіне қарсы шағымын жарым-жартылай қанағаттандырды.

«Алматыжарнама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Сұлтанбек Сыздықовтың «Трибуна» («Трибуна. Саяси қалам») газетін сотқа беруіне журналист Денис Кривошеевтің осы газетте биыл 15 сәуірде жарияланған «Коррупционер» возглавит «Алматыжарнама»?» атты мақаласы себеп болған еді. 13 мамырда шағым түсірген Сыздықов «мақала тақырыбы мен ондағы бірқатар цитаталар өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін» айтып, соттан басылымның терістеу мақала жариялауын, моральдық өтемақы ретінде 15 миллион теңге өндіріп беруді сұраған.

Бүгінгі сотта Алматының Медеу аудандық соты судьясы Дана Махметова Сұлтанбек Сыздықовтың өтінішін жарым-жартылай қанағаттандырып, ол азаматтың моральдық шығынын 5 миллион теңгеге бағалады.

– 5 миллион теңгені мақала авторы Денис Кривошеев, «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай және басылымның меншік иесі «Қалам» жеке кәсіпкері бөліп төлесін, – деді судья.

Медеу аудандық сотының судьясы Дана Махметова. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Медеу аудандық сотының судьясы Дана Махметова. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

«ӘДІЛЕТСІЗ ШЕШІМ», «ҚҰҚЫҚТЫҚ НОНСЕНС»

«Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай сот шешімімен келіспейтінін айтады.

– Іс екі-ақ күн – шілденің 7-сі мен 11-і күндері қаралып, үшінші күні – 12 шілдеде сот шешім шығарды. Судья Дана Махметова біздің 20-дан астам талап-арызымызды кері қайтарды. Біз қалалық, жоғарғы соттарға шағымданамыз, керек болса БҰҰ комитетіне дейін барамыз, – дейді ол.

5 миллион теңге айыптың өзіне тиесілі бөлігін төлемейтінін айтқан Жанболат Мамай сот үкімін «әділетсіз шешім, тәуелсіз басылымды жығып беру» деп сипаттайды.

"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

​Журналист Денис Кривошеев те судья Дана Махметованың шешіміне наразы. Ол мақаласының кейіпкері Сұлтанбек Сыздықовтың «Азиада дирекциясының басшысы болған кезінде мемлекетке 23 миллион теңге зиян шектіріп, кейін ол шығынын өтеген соң қылмыстық істен босатылғанын 2014 жылғы ондаған БАҚ жазғанын» есіне алды.

– Барлық құқықтық органдар мәлімедеме жасап, қылмыстық кодекстің бабын атап, аталған шенеунік «коррупциялық қылмыс жасады» дегені – факт. Енді Сыздықовқа мақаладағы «коррупционер» деген сөз ұнамай қалыпты, – дейді Денис Кривошеев.

Сотқа ұрындырған мақаласын қаржы полициясының Сыздықов жайлы мәліметтеріне сүйене отырып жазғанын айтқан журналист «соттың қаржы полициясының бұл жайлы ресми жауабы немесе қылмыстық ісі қолымда болмағанын маған айып етіп тағуы – құқықтық нонсенс» дейді.

Қалалық және жоғарғы сотқа шағымданатынын айтқан Денис Кривошеев «егер ол соттар да бұл соманы төлеуді міндеттесе, көпшіліктен ақша жинайтын» айтты.

Журналист Денис Кривошеев. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Журналист Денис Кривошеев. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Сотқа басылымның меншік иесі «Қаламның» атынан қатысқан азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова «шешіммен келіспейміз, қалалық сотқа шағымданамыз» деп мәлімдеді.

Бүгінгі сотта шағымданушы Сұлтанбек Сыздықовтың өзі де, оның адвокат Владимир Голофаст та болған жоқ. Адвокатпен телефон арқылы ғана сөйлесе алдық.

– Соттың шешімі қолыма шілденің 19-ы күні тиеді. Толық танысып шығайын, содан кейін қандай да бір комментарий беремін, ал бүгін еш нәрсе айта алмаймын, – деді Владимир Голофаст.

Ал бұған дейінгі сот отырыстарының ешбіріне қатыспаған Сұлтанбек Сыздықовпен бүгін де тілдесу мүмкін болмады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG