Accessibility links

Есімовке келген қарсыластары полицияға түсті


«Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсендісі Андрей Бузыкин. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

«Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсендісі Андрей Бузыкин. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

«Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының екі белсендісі Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің есеп беру жиынына кірудің орнына полицияға ұсталды. Әкімнің айтуынша, Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курорты жобасы қарсыластары «шетелден қаржыландырылады».

Ақпанның 19-ы күні Республика сарайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің қала тұрғындарына есеп беру жиыны өтті. Бірақ кездесуге кейбір адамдар, атап айтқанда «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысы белсенділері кіре алмады. Олар Алматы маңында – Іле Алатауы бөктерінде тау шаңғысы курортын салуға жол бермеу туралы талаптарын ресми шараны пайдаланып айтпақ болған.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНЕ ӘКЕТКЕН

Ақпанның 19-ы күні таңертең «Көкжайлауды қорғайық» экологиялық қозғалысының белсендісі Абай Ерекеновті полиция ұстап әкетті. Оны полиция бөлімшесінде үш сағаттан артық бөгеген.

Белсендінің айтуынша, полицейлер оны Алматы әкімінің халыққа есеп беру жиынына кетіп бара жатқан жолда ұстаған. Ол қала әкіміне «экология, көлік проблемасы, қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату, Көкжайлау шатқалында құрылыс жүргізуге» қатысты сұрақтар қойғысы келгенін айтады. Ерекеновтің түсіндіруінше, полицейлер оны «әлдебір ұрлыққа қатысың бар» деген күдікпен полиция бөлімшесіне әкелген, бірақ кейін ешқандай айып тақпастан әрі ештеңе түсіндірместен босатқан. Абай Ерекеновтің Азаттық тілшісіне айтуынша, оның адвокатқа телефон соғу мүмкіндігін беру, кезекші прокурорды шақыру немесе ұрлық жасалғаны туралы арызды көрсету туралы талаптары еленбеген.

Қала әкімімен кездесуге келген адамдар. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

Қала әкімімен кездесуге келген адамдар. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

Медеу ауданы полициясының кезекші бөлімі қызметкерлер Ерекеновті «жуырда босаттық» деген комментариймен шектелді.

Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің қала тұрғындарына есеп беру жиынына «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының тағы бір белсендісі Андрей Бузыкин де кіргізілмеді.

Бузыкиннің айтуынша, жиын басталғанға дейін ол басқа да азаматтармен (болжамынша, бюджеттік мекеме қызметкерлерімен) бірге залға кіріп кеткен. Бірақ белсенді өзін «тауып алып», Республика сарайының күзетшілері залға «заңсыз кірдің» деп айыптап, ғимараттан шығарып, жақын маңдағы полиция пунктіне апарған әрі түсініктеме жазуды талап еткен. Оны екі сағаттан соң босатқан.

Билік Алатау бөктерінде, Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салмақ. «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысы белсенділері «жоба экологияға зиян келтіреді» деген уәжбен билікті бұл жоспарына қарсы шыққан.

ЕСІМОВ: «БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ АҚША ШЕТЕЛДЕН КЕЛІП ЖАТЫР»

Жиында Алматы тұрғындарының бірі қала әкімі Ахметжан Есімовтен Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салудың тиімділігі туралы дауға қатысты пікірін айтуды сұрады. Талай жыл бұрын басталған дау соңғы кездері ушығып кеткен.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. Алматы, 19 ақпан 2015 жыл.

Ахметжан Есімов «Көкжайлау тау шаңғысы курорты құрылысы тек пайда әкеледі, бұл – ең әуелі қаржы-экономикалық тұрғыдан ұтымды жоба, курорт тұрақты кіріс көзіне айналады, ал оның құрылысын жүргізу мен қызмет көрсету қалалықтарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді» деп мәлімдеді.

– Экологияға ешқандай зиян келмейді. Жұмыс орындары ашылады, – дейді қала әкімі.

Ахметжан Есімов «Көкжайлау» курорты құрылысы қарсыластарының позициясы мен әрекетін де сынады.

– Ашығын айтсам, бұл мәселені саясиландырғысы келетін адамдар бар. Кейбіреулерін шетелден қаржыландырады. Бұларынан ештеңе шықпайды, – деп мәлімдеді Ахметжан Есімов.

Андрей Бузыкин әкімнің «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысы белсенділеріне таққан айыптауларын мойындамайды. Ол бұған дейін де, бүгін де өз бастамасымен әрекет еткенін, шетелден ешқандай ақша алмағанын айтады.

Ахметжан Есімовтің сөзінше, тау шаңғысы курорты жобасын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдап, жобаны жасауға жоғары деңгейдегі мамандар тартылған.

«Көкжайлау» тау шаңғысы жобасы бойынша қонақүй, мейрамханалар сияқты курортты аймаққа тән құрылыстары бар «Альпі ауылы» салынады, ұзындығы 63 километр болатын шаңғы жолы төселіп, 16 аспалы жол тартылады. Жоспар бойынша, курорт күніне 10 мың адам қабылдай алады.

ВИДЕО: Ахметжан Есімов Көкжайлау туралы да айтты

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG