Accessibility links

Болашақ дәрігерлердің ауыл квотасынан шу шықты


Медицина университетінің интернатурасын бітірген жастар. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Медицина университетінің интернатурасын бітірген жастар. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Медицина университетінің интернатурасын бітірген жастар ауыл квотасына бола резидентураға құжат өткізе алмай жатқандарын айтады. Құжат қабылдаушылар «ол мәселе қазір шешілгенін» хабарлады.

Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің интернатурасын (бес жыл оқып жалпы медициналық білім дипломын алған маманды тағы екі жыл арнайы дәрігерлік сала бойынша оқыту жүйесін) бітірген Айман Керімжанова оқуын ары қарай жалғастыруда кедергіге жолыққанын айтады.

«АУЫЛДАН ҚАШПАЙМЫЗ, ТЕК ОҚЫП АЛАЙЫҚ»

Айман Керімжанова 2007 жылы 11-сыныпты ауылдан бітірген жастарға бөлінген квота бойынша медицина университетіне оқуға түскен. Ол енді пластикалық хирургия саласын меңгеру үшін құжаттарын Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының резидентурасына (медицинаның клиникалық мамандықтарын тереңдете зерттейтін оқу жүйесіне) тапсырған. Алайда ол орталық құжаттарын алып кетуді талап еткенін айтады.

– Таңертең меңгерушісі телефон соғып: «Құжаттарыңды алып кет. Оқуға ауылдық квотамен түсіпсің. Ары қарай оқуды жалғастыруға құқығың жоқ. Үш жыл ауылға барып, өзіңнің ауылдық квотаңды ақта» деді, – дейді Айман Керімжанова.

Айман Керімжанова сияқты интернатура бітірген бір топ жас шілденің 24-і күні Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің алдына жиналды.

Әу баста оқуға ауылдық жастарға бөлінген квота бойынша қабылданғанын айтқан жастардың бәрі де «оқу бітірген соң резидентураға түсейік десек, сол квотаға бола құжаттарымызды қабылдамай жатыр» деп шағымданды.

Ол квотаның арқасында қабылданған жас оқуын бітірген соң мамандығы бойынша ауылда бірнеше жыл жұмыс істеуі шарт. «Алайда түлек оқуын резидентурада жалғастырғысы келсе, интернатурадан соң бірден ауылға баруға міндетті емес» деген уәж айтады интерндер.

Нұрсайын Мұқашев. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Нұрсайын Мұқашев. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

– Олардың (резидентураға құжат қабылдайтын комиссияның – ред.) қолында ауылдық квотамен түскендердің тізімі бар. Соған қарап отырып, кешеден бері телефон соғып жатыр. Менікін тіпті қабылдамай қойды. «Сен тапсыра алмайсың, өйткені ауыл квотасымен түскенсің» деді. Ал конкурс келесі аптада бітеді, – дейді интернатураны аяқтаған Нұрсайын Мұқашев.

Медициналық оқу орнының түлектері «ауылдан қашпаймыз, тек оқуымызды тереңдетуге мүмкіндік берсін» дейді.

«МЕМЛЕКЕТ СЕНІМІ» МЕН «АУЫЗША НҰСҚАУ»

Азаттық тілшісі жастардың «резидентураға құжаттарымызды қабылдамады» деген шағымынан соң Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына хабарласқан еді. Орталықтың диплом алғаннан кейінгі білім секторының меңгерушісі Гүлбаршын Шахметова «ауылдық квотамен бітірген интерндердің құжатын резидентурадан бір рет қайтарып отырғандарын» мойындады.

– Олардың ауылдық квота туралы шарттары бар-жоғын білу үшін интернатура бітірген оқу орнына қайтарып отырдық. Міне, қазір олар қайтып келген соң құжаттарын қабылдап жатырмыз. Бірақ олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізге сондай нұсқау берілген. Олар бұрын ауылдық квота алған. Ауыл оларды күтіп отыр. Мемлекет оларға сенген еді, – дейді Гүлбаршын Шахметова.

Бірақ резидентураға құжат қабылдау орталығының аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкері «ауыл квотасымен оқу бітіргендерді қабылдамау туралы министрліктен ауызша нұсқау» болғанын айтады.

– Денсаулық сақтау министрлігінен бізге ауыл квотасымен бітіргендердің құжаттарын мүмкіндігінше қабылдамау туралы ауызша нұсқау түскен. Оларды практикалық денсаулық сақтау саласы күтіп тұр. Оларға жұмыс істейді деген үміт артылған. Бірақ бүгін таңертең анықтап, құжаттарын қабылдаймыз деп шештік. Өйткені ресми бұйрық жоқ, – дейді қызметкер.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымен тілдесе алмады.

Профессор Айгүл Балмұханова. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Профессор Айгүл Балмұханова. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Ауыл квотасы бойынша оқып, интернатура бітірген жастардың құжаттарын резидентураға қабылдамаған жайттар бар екенін Асфендияров атындағы қазақ ұлттық университеті жоғары медициналық мектептің директоры Айгүл Балмұханова да растады.

– Түлектеріміз бізде жоқ мамандықтар бойынша өзге ғылыми зерттеу орталықтарының резидентураларына құжат тапсырып жатыр. Мәселен, кардиология институтына барған бір шәкіртімізді «ауыл квотасымен оқыпсың» деп конкурсқа қабылдамапты. Осындай түлектеріміз бізге қайтып келді. Біз оларға резидентураға құжат тапсыруға толық құқықтары бар екенін айттық, өзіміз қабылдап жатырмыз, – дейді профессор Айгүл Балмұханова.

Оның айтуынша, «интерндердің құжаттарын қабылдауда ешқандай шектеу жоқ».

Қазақстанда соңғы жылдары ауылдық жерлерде дәрігерлер тапшылығы да байқала бастаған. Өйткені тәжірибесі мол дәрігерлердің көбі жұмысы аздау, жалақысы көптеу жеке меншік клиникаларға, қалаларға кетіп қалады. Ал жаңадан оқу бітірген жастар баспана мәселесі мен тұрмыс мұқтаждықтары шешілмеген ауылдық жерлерге баруға ынталы емес.

Билік 2009 жылдың шілдесінен бері жоғары оқу орындарын бітірушілерді «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылда жұмыс істеуге шақырып, оларға көтерме жәрдемақы мен баспана алуға пайызсыз несие беруді уәде етті.

2009 жылғы ақпанның 18-інде үкіметтің 183-қаулысымен бекітілген «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну» туралы ережеге сәйкес жыл сайын бюджеттен әр маманға 1 миллион 300 мың теңгеге дейін көтерме жәрдемақы және 28 миллион теңгеден аспайтын сомада несие бөлінеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG