Accessibility links

Мұхтар Жәкішевті Алматы маңындағы түрмеге ауыстырған


Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» ұлттық компаниясының президенті кезінде.

Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» ұлттық компаниясының президенті кезінде.

Бұрынғы топ-менеджер Мұхтар Жәкішевті Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінен Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеге қайта апарды. Бір ай бұрын болған бұл оқиғаны бүгінге дейін ешкім жұртқа жарияламаған.

Мамырдың 22-сі күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісінде: «Сүйінші! Мұхтар Жәкішевті Долинка кентінен (Қарағанды облысы) Алматы түбіндегі Заречныйға ауыстырыпты. Оның дімкәс денсаулығына Алматының жылы ауа райының шипасы тиетін болды. Хат жолдағысы келетіндерге мекенжайын кейінірек жазармын» деп хабарлады.

Мұхтар Жәкішевтің 25 сәуірден бастап Заречный түрмесінде отырғанын Азаттық тілшісіне оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев те растады. Адвокат өзге жайттарды хабарлаудан бас тартты.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің туыстарымен, оның бұрынғы банкир досы – қазір Францияда Ресейге экстрадициялау шешімін күтіп отырған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен хабарласудың сәті түспеді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі полковник Ғалымжан Хасенов та, Алматы қаласы мен облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ернат Ақылжанов та «қазір демалыстамыз» деген уәжбен Мұхтар Жәкішевке қатысты жайттарға комментарий бере алмайтынын айтты. Заречный кентіндегі қатаң режимдегі колония бастығының міндетін атқарушы капитан Нұрлан Қалиакбаровтан да комментарий алу мүмкін болмады.

Бірақ Мұхтар Жәкішев шынымен сәуірдің 25-інде этаппен келгенін ресми атауы ЛА-155/8 түрмесі қызметкерлерінің бірі растады. Жұртқа белгілі тұтқынды «өндірістік зонаға» жіберген. Түрме өкілі Жәкішевтің бұл «зонада» немен айналысатынын хабарлай алмады.

Бір жыл бұрын Мұхтар Жәкішевті жұрт тәртібін «ГУЛАГ-пен» теңестіретін әрі климаты қатал Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі түрмеге осы арадан этаппен жіберген. Жәкішев Долинка түрмесіне келген бетте таяққа жығылған. Тергеу барысында оны әлдебір «белгісіз жандар» ұрып кетті, бірақ табылмады деп хабарланған. Ол кезде билік Жәкішевті Долинка түрмесіне ауыстыру себебін Заречный түрмесіндегі жөндеу жұмыстарымен байланысты түсіндірген. Ал Жәкішевтің жақтастары «билік қысымды күшейтіп отыр» деген болжам жасаған.

Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты Францияда түрмеден сотқа апара жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты Францияда түрмеден сотқа апара жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Жәкішев «қаржылық ысырап жасады және пара алды» деген айыппен 2010 жылдың наурызында 14 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кесілген. Ал бұдан ертеректе оның досы әрі кезінде аса ірі және табысты банк болған БТА Банктің басшысы, кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі сыншыларының біріне айналған Мұхтар Әблязов қылмыстық кудалауға ұшыраған.

Бақылаушылар Мұхтар Жәкішевтің 2009 жылы тұтқындалуына қатысты екі болжам айтады. Біріншісі, ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысы талқандалғаннан кейін, 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовке кепілдік беріп, оны түрмеден босатуды сұраған. Екінші себебін Жәкішевтің әлемдік уран нарығында Ресей мүддесіне қарсы әрекеттерімен байланыстырады. Билік бұл болжамдармен келіспейді.

Кейбір қазақстандық құқық қорғау ұйымдары 2013 жылы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне енгізген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG