Accessibility links

«Аралда тұрып жатқан сияқтымыз» дейді Наурыз ауылындағы оралмандар


Наурыз ауылының тұрғындары. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл.

Наурыз ауылының тұрғындары. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы кенті маңындағы Наурыз ауылының тұрғындары «бізге керегі – мектеп, ауыз су және жол» дегенді айтады. Ал ауыл әкімшілігі «Наурызға билігіміз жүрмейді» деп отыр.


Ресми түрде «Наурыз» бау-бақша серіктестігі деп аталатын аумаққа 2006 жылдан бері 500-ге жуық отбасы қоныс тепкен.

– Барлығымыз Қарақалпақстан мен Монғолиядан көшіп келген оралмандармыз. Арамызда бірен-саран ғана жергілікті қазақтар бар, – дейді ауыл тұрғындары.

Олардың айтуынша, серіктестіктің қожайыны – Анатолий Киселев есімді азамат.

«КИСЕЛЕВ МЕМЛЕКЕТІ»

– Бұған дейін бір рет «Түркістан» газетіне мұңымызды айтқан кезде ауыл әкімі Жұмабек Шажабаев тепсініп келіп: «Тұранға жазыпсыңдар, шеттен келген жазушысымақтар. Бірақ біз бәрібір орнына қоямыз» деп қорқытып кеткен болатын, – деп мұң шаққан ауыл тұрғындары аты-жөндерін айтудан, суретке түсуден бас тартты.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, әр отбасыдан 61 мың теңгеден жинап, электр желісін өздері тартқан.

– Ол кезде бұл жерде бар-жоғы 200 үй болатын. Мына бағандарды өз қолымызбен әкеліп орнаттық. Жарық жүргіздік. Кейін үстімізге үш жүздей үй қосылды. Серіктестіктің төрағасы олардан да сондай ақша жинап жатыр. Бірақ баяғы линия – сол линия. Бір фазада отырмыз. Кеш болса трансформатордың шамасы жетпей қалады. Май шаммен отырғандай күй кешеміз, – деген ауыл тұрғын Әлімнің сөзін жиналғандар қостап: «Бұл жердің басшылығы ешкімге бағынбайтын, Қазақстанның заңымен жүрмейтін, өз заңдары бар Киселев мемлекеті секілді» деп шулады.

Бұл аумақ «бау-бақша серіктестігі» деп аталғандықтан тұрғын үйлерге техникалық құжат жасалынбайды. Алайда ауыл тұрғындары «Біз үшін басты мәселе – бұл емес, бізге керегі – мектеп, ауыз су және жол» дейді.

АУЫЛ БАЛАСЫН АЛМАЙТЫН МЕКТЕП

Ауылдың іргесінде жаңа типпен салынған үш қабатты мектеп бар екен. Бірақ Наурыз ауылының оқушыларына бұл мектептің есігі жабық. Себебі ол – дарынды балаларға арналған мектеп. Бесінші сыныптан бастап қана қабылдайды.

– Жасым 71-де. Көрген азабым – анау үш шақырымда орналасқан №3 мектепке немеремді жаяу апарып келемін. Қайта-қайта жүруге шамам жоқ.
Наурыз аулының тұрғыны Бекмұхан Тоғызбаев. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл.

Сондықтан таңертең апарамын да, бала сабақтан шыққанша күтіп отырамын. Автобус та жүрмейді, – дейді Қарақалпақстаннан көшіп келген Бекмұхан Тоғызбаев есімді қарт.

– Кішкентай баланы ұрлап кетіп, ішкі органын алып, орнына ақша тығып кеткен оқиға да осы Қарғалыда тіркелген болатын. «Ұрып кетіпті, соғып кетіпті» дегенді жиі естиміз. Бастауыш сыныптың баласын өз бетімен жіберу мүмкін емес, – дейді ауыл тұрғындары.

Олар «Ауыл іргесіндегі мектепте тым болмаса бастауыш сыныптың оқушыларын оқытса» дегенді айтады.

Ауыл іргесіндегі мектепке де бас сұқтық. Мектеп директоры Жұлдыз Құралбаева:

– Менде қазір глобальный проблема болып тұр. Мектептің төбесінен су ағып кетіпті. Соны жөндетуге кісі шақыртып жатырмын. Екі-үш күннен кейін келсеңізші, – деп сұхбат беруден бас тартты.

Бірақ директордың ауызекі әңгімесінен білгеніміз – мектепте көршілес Ұзынағаш, Қасымбек, Мыңбаев аулының балалары оқып жүр екен. Басқа өңірлерден «дарынды» баларды жинауға әзірше мектептің шамасы жоқ көрінеді.

Аты-жөндерін айтудан бас тартқан мектеп мұғалімдері «Мектеп 800 балаға арналған. Өткен оқу жылында мектепте 380 оқушы білім алды» дейді. Ауыл тұрғындары да мектептің бір жақ бөлігінің бос тұрғанын айтып отыр.

Ал Қарғалы ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенжемұрат Хасенов:

– Мектеп облыстық оқу бөліміне қарайды. Бесінші сыныптан бастап дарынды балаларды қабылдайтыны да рас. Біздің оған ешқандай билігіміз жүрмейді. Ауылда төрт мектеп бар. Соған орналастырамыз, – дейді.

Аудандық білім беру бөліміне хабарласып көрген едік, телефон тұтқасын көтерген бас маман Алмас Даниров бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтты.

ӨЗ АУЛАСЫНАН ҚҰДЫҚ ҚАЗА АЛМАЙТЫН ТҰРҒЫНДАР

Ауыл әкімшілігіне кіріп, жай-жапсарды сұрамақ болдық. Таңертең Ұзынағашқа кеткен әкім Жұмабек Шажабаев түстен кейін де оралмады. Ал оның орынбасары Кенжемұрат Хасенов:

– Сіздің бағытыңыз өзгеріп кеткен секілді. Олардың ісіне араласуға біздің ешқандай қақымыз жоқ. Серіктестіктің төрағасы етіп Киселевті өздері тағайындады. Бұл мәселенің барлығын сол шешуі керек, – деп шығарып салды.

Наурыз ауылы «бау-бақша серіктестігі» деп аталғандықтан су тек жазда ғана келеді. Ал қыс бойы тұрғындар суды Қарғалының орталығынан жаяу тасиды. Наурыз бен Қарғалының арасы – үш шақырым.

– Мен қаладан көшіп келдім. Шалымыз екеуміз осы жерден жер сатып алып, үй салған едік. Өткен жылы шалым қайтыс болды. Қазір кішкентай немереммен тұрып жатырмын. Өз ауламнан құдық қаздырайын десем,
Наурыз аулының тұрғыны Алтыншаш апа. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл.

Киселев «Бұл – менің жерім. Жерімді бүлдірмеңдер» деп рұқсат бермейді. Сонда маңдай терімізбен тапқан ақшамызға сатып алған меншікті жерімізге неге өз билігіміздің жүрмейтінін түсінбеймін. Қудалануға жасым келіп қалған кәрі адаммын. Шамам жоқ, – дейді Алтыншаш есімді қарт ана.

Тұрғындардың айтуынша, Киселев «Мен бұл жерді 49 жылға жалға алғанмын» дейді.

Бір қызығы Наурыз аулының айналасын қоршай жатқан аумаққа да түгел дерлік тұрғын үй салуға рұқсат етілген.

– Біз дәл қазіргі сәтте айдаладағы аралда тұрып жатқандаймыз, – деген ауыл тұрғындары ауыл әкімінің «бес жылға дейін ИЖС-ке (жеке тұрғын үй құрылысы) өтуді армандамаңдар» дегенін айтты.

«ИЖС»

Азаттық радиосының тілшілері Киселевті орнынан таппағанымен, орынбасары Бауыржан Мұсабаевпен телефон арқылы тілдесті. Оның айтуынша, халықтан жиналған 2 миллион теңге серіктестіктің қорында тұр.

– Жақында «Наурыз» бау-бақша серіктестігінің жерін ИЖС-ке өткізуге талпыныс жасап, аудан әкіміне өтініш берген болатынбыз. Арнайы комиссия да шығып, тексеріп кетті. Жаңа талап бойынша, ауыл арасына түсетін көшенің ені 12 метрден кем болмауға тиіс екен. Сондықтан біз жиналыс ашып, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізгелі жатырмыз, – дейді серіктестік төрағасының орынбасары.

Таза судың 120 метр тереңдіктен шығатынын, оған тұрғындардың шамасы жетпейтіндігін айтқан Бауыржан Мұсабаев:

– Бізде ауыз су түсірейік деп есептеп едік, 25 миллион теңге шықты. Оған шамамыз келмей отыр. Сондықтанда міндетті түрде ИЖС-ке өту керек, – дегенді айтады.

– Қосымша электр желілерін тартайық деп едік, бағаналар табылмай жатыр. Бір бағананың өзі 18 мың тұрады. Бізге әлі де жиырма бағана керек, – деп сөзін аяқтады 73 гектар жері бар «Наурыз» бау-бақша серіктестігі төрағасының орынбасары Бауыржан Мұсабаев.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG