Accessibility links

Алматы зоопаркі 20 ғасыр деңгейінде қалған


Алматы зоопаркінің қызметкері Руслан Яковенко. 5 қараша 2013 жыл.
Алматы зоопаркінің қызметкері Руслан Яковенко. 5 қараша 2013 жыл.

Қарашада Алматы зоопаркі жұмыс істей бастағанына 76 жыл болды. Бірақ, зоопарк басшыларының айтуынша, ашылған күннен бері мұнда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмеген.

ҚАЛАНЫҢ «МАЙЛЫ» ЖЕРІНДЕГІ ЗООПАРК

Алматы зоопаркі орналасқан жер – қазір Қазақстанның оңтүстік астанасындағы «майлы» жерлердің біріне айналды. Кезінде баспасөзде «әлдебір олигархтар қайта жаңартамыз деген желеумен зоопаркті Алматының шетіне көшіріп, орнына элиталық тұрғын үй кешенін салмақшы екен» деген сөз шыққан. Зопарк Алматы қаласының тарихи көрнекті орны – орталық мәдениет және демалыс паркінің іргесінде орналасқаны оны аман алып қалған сияқты.

Қауесет әзірше қауесет күйінде қалды, ал зоопарк қазір энтузиаст жандардың арқасында ғана жұмыс істеп тұр. Олардың бірі – 42 жастағы Руслан Яковенко. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітірген.

Руслан бала кезінде Алматыдағы пионерлер мен оқушылар сарайындағы жас натуралистер үйірмесіне қатысқан. Бүкіл Орталық Азияны аралап, аймақтағы жануарлар әлемін зерттеген. Алматы хайуанаттар бағында 1987 жылдан бері істейді. Осында айдаһар жылан мен питон өсірумен алғаш айналысқандардың бірі.

Жыртқыш құс - тазқара. Алматы зоопаркі, 5 қараша 2013 жыл.
Жыртқыш құс - тазқара. Алматы зоопаркі, 5 қараша 2013 жыл.
– Жалақымыз мардымсыз, мен 40 мың теңге аламын. Бір проблема осы. Бірақ ең негізгі проблема – маман тапшылығы. Қазақстан оқу орындарында жабайы жануарлар мамандарын даярламайды. Бізде үй және ауыл шаруашылық жануарларымен жұмыс істейтін мамандарды ғана оқытады. Шетелде түрлі тренингтер өтеді. Волонтерлер жұмыс істейді. Бізде мұның бірі жоқ, - дейді Руслан Яковенко.

Оны зоопаркке жұрттың көп келмейтіні мен заманға сай емес келбеті қынжылтады. Қазір зоопарк халықаралық стандарттарға сай емес. Алғаш ашылған 1937 жылдан бері зоопарк модернизация тұрғалы, жөні түзу жөндеу көрмеген.

Зоопарк директорының орынбасары Ерболат Мұқашевтің айтуынша, қазір мұнда ғылыми жұмысқа көп мән беріледі. Зоопарк – жануарларды сақтап қалу мен тіршілігін қамтамасыз ететін зертхана, мұнда ағарту оқу-жұмыстары жүргізіледі.

– Бұл үшін стендтер жасап, фильмдер көрсетеміз, жас натуралистердің үйірмелерін ашамыз, - дейді Ерболат Мұқашев.

Қазір зоопаркте аң мен құстың 341 түрі мекендейді. Биыл Калининград зоопаркінен тапира, Мәскеу циркінен екі пума әкелініпті. Тұяқтылар жыл сайын төлдейді. Қазір жануарлар зоопаркте бейберекет орналастырылған.

– Әлем зоопарктерінде әр жануардың өз орны болады. Келешекте торды алып тастап, вольера қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Жануарлардың экожүйесіне сәйкес ландшафт орта жасаймыз, - дейді Ерболат Мұқашев.

Алматы зоопаркіндегі ақ арыстан. 5 қараша 2013 жыл.
Алматы зоопаркіндегі ақ арыстан. 5 қараша 2013 жыл.
Зоопаркте барыс, сақалтай, құзғын және ителгі сияқты бағалы аң-құстар бар. Ақ арыстан қаншырын аялап, етті өзі жемей, соған береді екен. Бұл мәрттігі үшін оны қызметкерлер "Джентельмен" деп атайды.

Зоопарк территориясының 19 пайызы - игерілмеген жер. Мұнда 200 қызметкер жұмыс істейді. Бір жануарға айына 200 мың теңгедей жұмсалады. Бұл ақша жануарлардың тамағы мен медициналық күтіміне кетеді. Алдын ала дәрі егудің арқасында зоопарктегі жануарлар жабайы табиғатқа қарағанда ұзағырақ өмір сүреді.

– Зоопаркке кіру билетінің бағасы өспегеніне 10 жыл болды. Ал электроэнергия бағасы қымбаттап кетті. Ересектердің билеті – 500 теңге, балалар билеті 100 теңге тұрады. Жаз мезгілінде күніне шамамен бір жарым мыңнан үш мың адамға дейін келеді, - дейді Ерболат Мұқашев.

Директордың орынбасары Алматы зоопаркін Оңтүстік Қазақстанда тіршілік ететін жұмақ шыбыншы, Жоңғар Алатауын мекендейтін Жетісу бақасы сияқты Қазақстанда ғана кездесетін сирек жануарлармен толықтыру қажет деп есептейді. Ерболат Мұқашев «қазір халықты жолбарыс, пілдермен таңдандыра алмайсың» дейді.

ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖОСПАРЫ

Алматы зоопаркінің аймақта алатын орны ерекше. Мұндағы жыртқыш құстардың түрі бай. Әлемнің көптеген зоопарктері жыртқыш құстарды 15-20 жыл бұрын осы жерден алған. Бірақ зоопарк тарихында қайта жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүрмеген. Оның инфрақұрылымы 20 ғасырдың орта шеніндегі деңгейде қалған.

Алматы зоопаркіндегі аққу. 4 наурыз 2012 жыл.
Алматы зоопаркіндегі аққу. 4 наурыз 2012 жыл.
Зоопарк директоры орынбасары Ерболат Мақашевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, 1980 жылдары зоопаркті қайта жаңарту жоспары қабылданғанымен, іске аспай қалған.

– Алматы зоопаркі деңгейі халықаралық стандарттарға сай емес. Оны толық жаңартатын уақыт жетті. Биыл қала әкімдігі бұл шаруаны келесі жылға жоспарлау туралы шешім қабылдады. Зоопаркті қазіргі заманға сай талаптарға сай жаңартамыз. Бүкіл әлемнен үздік архитекторлар мен дизайнерлерді тартуды жоспарлап отырмыз, - дейді Ерболат Мұқашев.

Алматы қаласы әкімдігі мәдениет басқармасы мамандары Азаттық тілшісіне айтуынша, жаңарту жұмыстарын жобалау тобы құрылған. Жобалау және сметалық шығындарды есептеу бағдарламасы бар. Бұл шаруа барысын қадағалайтын қоғамдық кеңес те құрылыпты. Кеңеске қоғам қайраткерлері, бизнесмендер мен зоологиядан хабары бар адамдар кірген. Қазір жаңарту жоспары талқыланып, бекіту кезеңінде көрінеді. Бірақ зоопаркті қайта жаңарту жұмыстары нақты қашан басталатынын мәдениет басқармасы қызметкерлері айта алмады.

Алматы зоопаркі туралы Азаттықтың видеосы:

Алматы зоопаркі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:05:40 0:00
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG