Accessibility links

Америкалық ғалымды кітапхана директоры қуып шықты


Джоржтаун университетінің имамы Яхья Хенди шағын кездесуде отыр. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.

Джоржтаун университетінің имамы Яхья Хенди шағын кездесуде отыр. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.

Маусымның 18-і күні Ақтөбеге Джорджтаун университетінің оқытушысы, АҚШ президентіне діни конфессиялар жөнінде кеңес беруші Яхья Хенди келді. Бірақ ақтөбеліктермен кездеспек болған америкалық имамды облыстық кітапхананың директоры ғимараттан қуып шыққан.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мамандары «Қызметкерлеріміздің көбі демалыста, жоспарланған өзге де шараларымыз көп» деп, АҚШ-тан келген қонақты маңайлатпай қойған.

14 жылдан бері Азия, Африка және шығыс Еуропа елдерін аралап, дін тақырыбында дәріс оқып жүрген Яхья Хенди - АҚШ-тың Джорджтаун университетіне қызметке алынған ең алғашқы имам. «Ислам және әйелдер» тақырыбындағы зерттеу еңбектерімен танылған академиктің ұлты - араб.

«ҚУЫП ШЫҚҚАНЫМ РАС»

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәліметі бойынша, Яхья Хендимен АҚШ президенті Барак Обама діни конфессиялар мәселесі жөнінде жиі кеңесіп отырады.

Ғалымның айтуынша, ол Қазақстанға АҚШ елшілігінің шақыруымен келген.

АҚШ елшілігінің тәжірибе алмасу және мәдени бағдарламалар жөніндегі үйлестірушісі Тамилла Дәулетбаеваның сөзіне қарағанда, Яхья Хендидің бұл сапарынан жергілікті билік те, облыстың өкіл имамы да хабардар.
Джоржтаун университетінің имамы Яхья Хенди. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.

Джоржтаун университетінің имамы Яхья Хенди. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.


- Біз облыс әкімінің орынбасарына, ішкі саясат басқармасы мен орталық мешітке хат жазып, алдын ала хабарлағанбыз. Бірақ ешкім кездесуге құлық танытпады. Ішкі саясат басқармасындағылар «Қызметкерлеріміздің көбі демалыста, жоспарланған өзге де шараларымыз көп» деп маңайлатпай қойды. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын, - дейді Қазақстандағы АҚШ елшілігінің үйлестірушісі Тамилла Дәулетбаева.

«Ақтөбеге америкалық имамның келетінін біз алдын ала білдік» дейді Ақтөбедегі «Нұрғасыр» орталық мешітінің баспасөз хатшысы Нұрсәуле Құрбанайс. Бірақ өкіл имам Әбдімүтәліп Дәуренбеков «уағыз-насихат жұмыстарымен аяқ астынан жолға шығып кеткендіктен» кездесу болмай қалған.

АҚШ елшілігінің үйлестірушісі Тамилла Дәулетбаева «облыстық кітапхана басшылары Яхья Хендиді елшілік өкілдерімен бірге ғимараттан қуып шыққанын» айтады.

- Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Америка бұрышы бар. Түс ауа сол жерге бір топ адам сау етіп кіріп келді. Оқырмандармен дін тақырыбында әңгімелеспекші екен. Мен ештеңеден хабарсызбын. Сосын қуып шыққаным рас, - дейді кітапхана директоры Несібелі Қауымбаева телефонмен.

Маусымның 18-і күні осы мәселе бойынша кітапханаға барған Азаттық тілшісін кіреберістен әрі өткізбеуді бұйырған кітапхана басшысы да, күзетші де қатты ашулы, абыржулы көрінді.

«БІР-БІРІМІЗДІ ТЫҢДАЙ БІЛУІМІЗ КЕРЕК»

- Қазақстандағы діни ахуалмен жете таныс емеспін. Бірақ мұнда жарылыстардың болғанынан хабардармын, - дейді Джорджтаун университетінде «Дінаралық қақтығыстар» курсынан дәріс беретін, Қазақстанға алғаш келген ғалым.

Облыстық кітапхана. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.

Облыстық кітапхана. Ақтөбе, 18 маусым 2012 жыл.

Оның сөзіне қарағанда, АҚШ-тағы жоғарғы оқу орындарының бәрінде құдайға құлшылық ететін бөлмелер бар. «Дінге бет бұрған қазақстандық жастардың радикалды исламның жетегінде кетпеуі үшін мемлекеттік бағдарлама қажет» дейді америкалық имам.

- Мен исламдағы бағыттарға қатысты біржақты пікір айта алмаймын. Мән бере қарасаңыз, қай-қайсының да көңілге қонымсыз және ұнамды жақтары бар. Мысалы, «Таблиғи жамағатты» алайықшы. Бұл қолыңызды қойып барып мүше болатын бағыт емес. Сопылық немесе салафизм де сондай. Бұлар қозғалыс емес, ойлау жүйесі.

Мен әлдебір бағытты қолдаймын деп ешбір құжатқа қол қойған емеспін. Маған бұл топтардың кез-келгенінің ойлау амалы ұнауы мүмкін. Мысалы, маған «Таблиғи жамағаттың» сабырлылығы ұнауы мүмкін. Бірақ олардың дүниені тану амалымен келіспеймін. Олар кейде адамдарды исламға консервативті әдіспен тартпақ болады. Ислам туралы танымдары терең емес.

Салафиттер жұрттың бәріне Құран мен Суннаны өздері сияқты дәстүрлі амалмен танытуға тырысады. Бірақ олар Құранды терең талдамай, әріпке шұқшиып кетті. Оларды сарапқа салмайтыны үшін сынаймын.

Ал «Хизбут тахрирді» зорлық-зомбылыққа бейімдігі үшін құптамаймын. Олар әскери күшке сенеді. Ислам дініне көп адамды тарту үшін әскерше қимылдауға құмар. Мен оған қарсымын.

Ең соңында сопылық туралы айтайын. Өйткені мен көп адамнан гөрі сопымын. Сопылық - жанның ой елегі, жүрек пен мидың көпірі, махаббаттың үні. Бұл - исламдағы тамаша ағым. Бірақ мен сопылардың кейбір амалдарын - зікір салуын сынаймын. Ислам тұрғысынан күдік тудыруы мүмкін жиындарын айтамын. Олар кейде пірлерін ұлықтап, оны пайғамбар деңгейіне дейін көтереді. Онымен келіспеймін, - дейді Яхья Хенди.

Ақтөбедегі сапарының сәтсіз болғанын америкалық имам «Алланың маған жіберген сынағы» деп бағалады.

- Бұдан сабақ аламын да, сапарымды жалғастыра беремін, - дейді ол.

АҚШ президенті Барак Обамаға діни конфессиялар жөнінде кеңес беруші Яхья Хенди маусымның 19-ы күні Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітінде дұға қылған соң Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларына бармақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG