Accessibility links

Алматының киностудиялы болған мектебі


Алматыдағы 96-мектепте ашылған киностудияда өнер көрсетуші балалар. 29 қыркүйек 2014 жыл
Алматыдағы 96-мектепте ашылған киностудияда өнер көрсетуші балалар. 29 қыркүйек 2014 жыл

Алматы қаласындағы орта мектептердің бірінде оқушылардың кино және театр мамандықтары туралы сауатын ашатын студия ашылды.

Алматыдағы жалпы білім беретін қарапайым №96 мектебінде (бұл элиталық немесе интеллектуалдық мектеп емес) балалардың бос уақытын өткізуге арналған «Балаша» орталығы жұмыс істейді. Қыркүйектің 29-ы күні орталықта балалар киностудиясы салтанатты түрде ашылды. Бірақ мектеп оқушыларымен бұл бағыттағы жұмыс биыл маусым айынан бастап жүргізілген. Ал осы кезеңде атқарылған істердің презентациясы, әрі өзіндік байқауы ретінде киностудияның салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.

Балалар киностудиясы актер, әрі режиссер Эдуард Табишевтің идеясымен әрі бастамасымен ашылған. Оның идеясын қолдаған әкімдіктің білім департаменті киностудияны Тастақ ықшам ауданындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде ашуды ұсынған. Эдуардтың айтуынша, балалар киностудиясына қаладағы басқа мектептердің оқушылары да қатыса алады. Ол мұндай студиялар Қазақстанның өзге қалаларында да ашылса деп армандайды.

Эдуард Табишев, актер, режиссер. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл
Эдуард Табишев, актер, режиссер. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл

Эдуард Табишевтің киностудиясына келетін балалар сценарий жазуды үйреніп, актерлік шеберлік, режиссерлік және операторлық өнер туралы дәріс алады. Алмалы ауданы әкімдігі презентацияны өткізуге көмектескенімен, қазір бұл жобаны қаржыландыру ісі әлі қаралмаған.

Қазір киностудия негізінен сценарий жазуды үйрететін, актерлік, режиссерлік, сценаристік және операторлық өнерге баулитын үйірмелер түрінде жұмыс істейді. Эдуард Табишевтің шығармашылық жоспарлары көп. Ол оқушылардың күшімен 40 мюзикл қоймақ. Қазір театр қойылымдарына әзірлік жүріп жатыр.

Студия презентациясы өткен күні мәжіліс залында осындай қойылымдардың бірі көрсетілді. Бұл - Дима деген сотқар әрі салдыр-салақ бала туралы көңілді мюзикл. Сахнада бар пейілдерімен ән салып, би билеген балалардың бірі саксофонда ойнады. Балалар орталығында киномен шұғылданатын оқушылар сахнадағы көріністерді камераға түсіріп алды.

Киностудия үйірмесіне қатысушы оқушылар мюзикл түсіріп тұр. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл
Киностудия үйірмесіне қатысушы оқушылар мюзикл түсіріп тұр. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл

Балалар киностудиясының алғашқы қойылымы көрермендерге ұнады. Оны оқушылардың мюзиклді тамашалау кезіндегі жүздерінен және қойылымнан кейін білдірген пікірлерінен де байқауға болады.

Эдуард Табишевтің айтуынша, орталықты қаржыландыру мәселесі әлі сөз болмаған. Әзірше барлық жұмыс энтузиаст жандардың ақшасына жасалып жатыр. Эдуардтың кинематография және театр саласында араласатын достары көп көмектескен. Олар киностудияға келіп, шеберлік сыныптарын тегін өткізеді. Екінші қабаттағы фойеде кәсіби актер пластика қимылдары бойынша шеберлік сабағын өткізді. Балалармен жұмыс істеуге Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы жоғарғы курс студенттерін де тарту жоспарланған.

Киностудияның ашылуына жиналғандар. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл
Киностудияның ашылуына жиналғандар. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл

Салтанатты ашылу рәсіміне танымал актерлер Мұрат Бисембин, Дәулет Әбдіғапаров, Айсұлу Әзімбаева, ақын Хәкім Бөлекбаев сияқты кино және мәдениет саласының қайраткерлері көп келді.

Жаңадан ашылған балалар киностудиясы театр немесе кино саласы мамандарын даярлайтын орынға айнала қоймауы да мүмкін. Ең бастысы, бұл орталық оқушылардың шығармашылық қабілетін ашып, дамытуға, балалардың қызықты іспен айналысуына жәрдем береді әрі мектепті балалар қуана баратын орындардың біріне айналады.

Оқушылар киностудиясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

XS
SM
MD
LG