Accessibility links

Девальвация себебі жауабын БАҚ-тан іздеуді ұсынды


Адвокат Анатолий Утбанов. Астана, 1 тамы 2014 жыл.

Адвокат Анатолий Утбанов. Астана, 1 тамы 2014 жыл.

Астана соты адвокат Анатолий Утбановтың ұлттық банке қарсы талап-арызын қанағаттандырмады. Ол банктен биылғы теңге девальвациясының себептерін түсіндіруді талап еткен.

Тамыздың 4-і күні Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі Сарыарқа аудандық соты адвокат Анатолий Утбановтың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Ол девальвация себептерін түсіндіруді өтінген сауалына тиісті мерзімде жауап қайтармаған ұлттық банктің әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған. Сот шешімін жариялауға талапкер мен жауапкер де келмей, Анатолий Утбановтың көмекшісі ғана қатысты.

«ЖАУАПҚА КӨҢІЛІМ ТОЛМАДЫ»

Анатолий Утбанов «Қазақстан ұлттық банкінен жолдаған сұрақтарыма уақытында жауап алсам, сотқа жүгінбес едім» дейді. Ол сауалында ұлттық банктен биыл ақпан айында АҚШ долларының бағасы 185 теңгеге дейін қымбаттаған девальвация себептерін атап, оларды негіздеуді және бұл шешімді кімнің қабылдағанын сұраған еді.

– Бұл сұрақтардың бәрі қабылданған шешімді «кеше ғана» естіген ұлттық банк басшысы мәлімдемелерінің дәйексіздігіне байланысты туды, - дейді Анатолий Утбанов.

Алматыдағы Ұлттық банк ғимаратының төбесіндегі жазу.

Алматыдағы Ұлттық банк ғимаратының төбесіндегі жазу.

Ұлттық банктің өз сауалына жауабын ол «ресми сырғытпа жауап» деп атайды. Оның айтуынша, азаматтардың хаттарын қарауға заң бойынша 15 күн беріледі, ал ол жауапты 60 күннен аса күткен. Егер жауап әзірлеуге көбірек уақыт керек болса, шенеуніктер сауал иесін бұл жайлы ескертіп, хабарлауы тиіс.

Ұлттық банк Анатолий Утбановқа жазған хатында тиісті ақпаратты Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарынан іздеуді ұсынған. Хатта бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) атаулары берілгенімен, оларда жарияланған мақалаларға сілтеме жасалмаған. Ал адвокат девальвация себептерін ұлттық банктің өзінен естігісі келеді. Ол ұлттық банктен жан-жақты негізделген әрі мазмұнды жауап күткен.

– Жұрттың бәрі білетін ақпарат пен жалпылама сөздерден тұратын жауапта «ынтымақтасуға әрдайым әзір ұлттық банк жария әрі ашық қызмет етеді, девальвация өткізу тәртібі туралы БАҚ-қа талай мәрте ақпарат берген» деп жазылған, - дейді Анатолий Утбанов.

«ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАУАП»

Ұлттық банк адвокаттың сауалына «толық әрі жан-жақты жауап қайтардық» деп есептейді. Сотта бұл мекеменің мүддесін төрт заңгер қорғады. Баспасөзге комментарий беруден бас тартқан олардың өтініші бойынша судья журналистерге сот отырыстарында аудио және видео жазба жүргізуге тыйым салды.

Ұлттық банк заңгерлерінің бірінің айтуынша, ақпандағы девальвация алдында алты ай бойы сараптамалық жұмыс жүргізілген. Оның мәлімдеуінше, қаңтарда экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін екенін көрсететін алғышарттар пайда болған соң девальвация өткізу туралы шешімді мамандар кеңесіп қабылдаған.

Сотта ұлттық банк өкілі Әділ Мұхаметжанов «барша жұртқа бірдей қол жетімді ақпарат көздеріне сілтеме жасалып, Утбановқа толық әрі жан-жақты жауап қайтарылды» деп мәлімдеді.

– Біздегі бар ақпараттың бәрі БАҚ-та да бар, - деп мәлімдеді ол адвокат Анатолий Утбановтың талап-арызы бойынша өткен сотта.

Ұлттық банк қызметкерлері адвокат сауалына жауаптың кешіктіріліп берілуін «банкте хаттарды жөнелтуге келісім-шарт жасалған курьерлік қызмет жауапты» деп түсіндірді.

Ақша айырбастау пункті алдында тұрғандар. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Ақша айырбастау пункті алдында тұрғандар. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Ақпан айында Қазақстан ұлттық банкі теңгенің айырбас бағамын бұрынғы деңгейде ұстаудан бас тартып, 1 АҚШ доллары 185 теңгеге дейін қымбаттады. Ұлттық банк теңгені құнсыздандыру туралы шешімін әлемдік қаржы және тауар нарығындағы қиын жағдаймен, Ресей рублінің құнсыздануымен және елдегі девальвациялық алғышарттармен түсіндірген.

Адвокат Анатолий Утбанов «ақшамды шетел валютасында ұстаймын, девальвациядан зардап шеккен жоқпын» дейді. Бірақ ол девальвацияны өткізу әдісіне наразы. Кірісінің 8-15 пайызын «жеп қойған» биылғы девальвация қазақстандықтардың көбіне жайсыз жаңалық болып тиген еді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG