Accessibility links

Астана мен Минск Мәскеуге доқ көрсете ала ма?


Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД саммитінде отыр. Мәскеу, 20 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД саммитінде отыр. Мәскеу, 20 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Беларусь саясаттанушылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко бір-біріне сенбесе де, өктемдігі күшейе бастаған Ресей президентіне қарсы альянс құруы мүмкін деп санайды.

Қазан айының басында Қазақстанға Беларусь президенті Александр Лукашенко ресми сапармен келіп кеткен соң осы екі елдің саяси сарапшылары «пост-советтік кеңістікте интегратор рөлін атқарып жүрген екі президент жеме-жемге келгенде тартынып қалды» деген пікір айтты.

«ДЕЛДАЛСЫЗ КЕЛІСІМ»

Қазақстан мен Беларусь арасында сауда-экономикалық өзара тиімді ынтымақтастық жобалары жеткілікті. Логистика мен машина жасау саласында бірқатар келісімдер жүзеге асып жатыр. БелАЗ бен МТЗ негізінде бірлескен кәсіпорындар бір жылдан бері жұмыс істеп тұр. Кеден Одағы аясында онсыз да жиі кездесетін Қазақстан мен Беларусь президенттерінің Астанада арнайы кездесіп, оңаша әңгімелесуіне не себеп?

Жергілікті сарапшылардың кейбірі Назарбаев пен Лукашенко Кеден Одағында сөзсіз басымдық көрсетіп, кейінгі кездері үстемдігі мен өктемдігі айқын біліне бастаған Ресей президенті Владимир Путинге қарсы қоятын аргументтерді өзара келісіп алуға тырысқан деп ойлайды.
Кеден одағына арналған карикатура. Авторы: Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл.

Кеден одағына арналған карикатура. Авторы: Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл.

Азаттыққа пікір білдірген Қазақстандық саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева президент Назарбаевтың Қазақстан Ресеймен арадағы түрлі келісімдердің барлығы тек экономикалық тұрғыдан жасалатынын, саяси одақ туралы сөз болуы мүмкін еместігін соңғы жылдары бірнеше рет мәлімдегенін еске салады. Оның ойынша, дипломатиялық сақтықпен мейлінше сыпайы айтылса да, бұл сөз Қазақстанның позициясын аңғартқан.

- Бірішіден, Қазақстан бұл жолы Беларусьтің жәрдемімен Ресейге «жұмсақ» қарсылық көрсетуге тырысты. Екіншіден, бұрын Қазақстан мен Беларусь Кеден Одағы аясында Ресей арқылы араласатын еді. Енді екі ортадағы делдалсыз тікелей келісуге талпыныс байқалады, - дейді ол.

Бұл пікірді Беларусь ғылым академиясы философия институтының ғылыми қызметкері Арсений Сивицкий де қолдайды. Оның ойынша, Беларусь пен Қазақстан Кеден Одағындағы үшінші одақтасы Ресейге қарсы әлдебір альянс құруға бастапқы кезде-ақ ұмтылған. Ал бұл жолғы кездесу – соның жалғасы.

«ЕКІ ИНТЕГРАТОРДЫҢ ОБРАЗЫ»

Сарапшылардың ойынша, Назарбаев пен Лукашенконың Ресейге қарсы әлдебір альянс құруы мүмкін болса да, бұл екі мемлекет басшысы бір-біріне толық сенбейді.

БелаПАН компаниясының сараптамалық жобалар жетекшісі Александр Класковский «пост-советтік кеңістікте интегратор образын қалыптастырып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев та, Александр Лукашенко да Кеден Одағына Армения мен Қырғызстанның қосылуына ықыласты болмай қалды» деп санайды.
Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин.

Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин.

​- Осыған дейін шынайы интегратор образын қалыптастыруға ұмтылып келген Назарбаев пен Лукашенко «Армения мен Қырғызстан Кеден Одағына қосылмасын» деп ашық айта алмаса да, екеуара бұл жөнінде қалай да ашық сөйлеседі. Ресей ұсынатын еуразиялық интеграция перспективасы Лукашенконы да, Назарбаевты да тіксінтеді. Сондықтан альянс құратындай жағдайлары бар, бірақ екеуі бір-біріне соңына дейін сенбейді, - дейді Класковский Азаттыққа.

Арсений Сивицкийдің пікіріне қарағанда бір кездері ортақ валюта шығару, Еуразиялық ассамблея құру жөнінде бірнеше рет бастама көтерген Нұрсұлтан Назарбаев та іс жүзіне келгенде құлықты болмай қалған.

Сивицкийдің Aзаттыққа білдірген жорамалы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық ассамблея құру туралы ұсынысын Ресей Думасының жетекшісі Сергей Нарышкин Еуразиялық парламент құру ретінде құбылтқан соң Қазақстан президенті ол ойынан айнып шыға келген.

Сарапшылардың пікірінше, әзірге Кеден Одағы аясында Ресейге қарсы альянстың алғышарттары ғана көрінеді. Яғни өзара аңыс аңду байқалады.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның сөзіне қарағанда Ресеймен қарым-қатынаста Қазақстан көп жағдайда өзіне тиімсіз шарттарға көніп келеді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Беларусь президенті Александр Лукашенкомен ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында амандасып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Беларусь президенті Александр Лукашенкомен ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында амандасып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

- Қазір әуел баста көзделген теңқұқықтық жайына қалып, Қазақстан саяси тәуелсіздігінен айрылып қалуы мүмкін жағдайға жетті. Оның үстіне Ресейдің пост-советтік кеңістіктегі агрессиялық ұстанымы да үркітеді. Сол себепті Қазақстан Ресеймен қандай да бір ашық қақтығысқа барудан тартынып, оған қарсылық ретінде Беларусьпен әлдеқандай альянс құрғысы келеді, - дейді ол.

Сарапшы Қазақстанның саяси элитасы Ресейдің қолдауына өте қатты мүдделі, өйткені саяси элитаға ел ішінде сенімсіздік бар деп санайды.

- Сол себепті Мәскеумен қарым-қатынаста Астана ең сенімді одақтасымен ашық кикілжіңге бармайды, - дейді Үмбетәлиева.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG