Accessibility links

Түркия-Ресей жанжалының Орталық Азияға әсері


Ресейдің Су-24 ұшағы Латакия маңындағы әскери базадан ұшып бара жатыр. Сирия, 22 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің Су-24 ұшағы Латакия маңындағы әскери базадан ұшып бара жатыр. Сирия, 22 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сарапшылар «Түркия мен Ресейдің арасы бұдан әрі ушықса, Орталық Азия елдері қолайсыз күйге тап болады» дейді. Олар аймақтағы әлдебір елдің ара ағайындыққа ұмтылуы мүмкін екенін де айтады.

Астана Түркияның F-16 жойғыш ұшағы ресейлік Су-24 ұшағын 24 қарашада Сирия-Түркия шекарасында атып түсіруіне байланысты аралары нашарлап кеткен Анкара мен Мәскеуді «ұстамды болуға, жағдайды шешу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға» шақырды. Бүгін Қазақстан сыртқы істер министрі таратқан мәлімдемеде «бұл оқиға антитеррористік кампанияның тиімділігіне әсер етуі мүмкін» деген қауіп те айтылған.

Ресей президенті Владимир Путин кешегі оқиғаны «ту сырттан соққы» деп атап, оның Ресей мен Түркияның қарым-қатынасына кесірі боларын айтқан.Анкараның «Су-24 Түркияның әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды, ескертуді елемеді» деген уәжін де жоққа шығарған Мәскеу «мұндай қылмысқа ешқашан төзбейтінін» мәлімдеген.

Су-24 ұшағын атқанға наразы ресейліктер Түркия елшілігі алдында наразылық білдіріп тұр. Олардың бірі Түркия президенті Ердоғанды кекетіп салған сурет ұстап алған. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Су-24 ұшағын атқанға наразы ресейліктер Түркия елшілігі алдында наразылық білдіріп тұр. Олардың бірі Түркия президенті Ердоғанды кекетіп салған сурет ұстап алған. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Ресей сыртқы істер министрлігі Сергей Лавров Стамбулға жоспарлаған сапарынан өзі ғана бас тартып қоймай, ресейліктерді ол елге бармауға шақырды. Ресейдегі ірі туристік операторлардың кейбірі Түркияға туристік жолдама сатуды тоқтататынын хабарлады.

«РЕСЕЙДІ АЙЫПТАЙ АЛМАЙДЫ, АЛ ТҮРКИЯ – ДОС ӘРІ ТУЫС»

Азаттық «Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы шиеленіссе, бұл екі елмен де жақын байланыстары бар Орталық Азия мемлекеттері қандай саясат ұстануы мүмкін?» деген сауалды осы аймақтағы сарапшыларға қойған еді.

Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтындағы (КИМЭП) Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова «Қазақстанның соңғы жылдары онсыз да қиындаған көпвекторлы саясаты одан әрі күрделене түсетінін» айтады.

Өртеніп бара жатқан Су-24 ұшағы. 24 қараша 2015 жыл.

Өртеніп бара жатқан Су-24 ұшағы. 24 қараша 2015 жыл.

– Қазақстан Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) серіктесі әрі әскери одақтасы Ресейді айыптай алмайды. Астана «оқиғаға түсіністікпен қарауға» шақырудан аспағаны дұрыс. Өйткені Түркия да – Қазақстанмен саяси және экономикалық қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтеріп отырған, достық әрі туыстық қатынастағы ел, – дейді Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова.

Ал қырғызстандық саяси сарапшы Эдиль Байсалов «Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев Ресейдің Сириядағы әскери операциясына ресейлік баспасөз бетінде ашық қолдау көрсеткенін» еске алды.

– Қырғыз қарулы күштерінің басшылары да Ресеймен әскери одақтастығын ескеріп, Сирияға әскер жіберуге дайын екенін аңғартты. Бұл қате ұстаным болды. Сириядағы ірі державалардың тартысына араласпаған дұрыс еді, – дейді ол.

Эдиль Байсаловтың сөзінше, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы туралы жиі айтатын постсоветтік Орталық Азия республикалары Түркиямен де ара қатынасын бұзғысы келмейді.

– Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сайлауда жеңіске жеткенде оны Алмасбек Атамбаевтың жүзбе-жүз құттықтағанын білеміз. Мына жағдайдан кейін қандай ұстанымда болары белгісіз, – дейді қырғыз сарапшысы Эдиль Байсалов.

Ол «Ресей Орталық Азия республикаларының сыртқы саясатына ықпал етуге тырысуы мүмкін» деп қауіптенеді.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕНДІ ТЕРРОРИЗМГЕ КӨП МӘН БЕРЕДІ»

Қазақстанның тұңғыш президенті қоры жанындағы әлем экономикасы мен саясаты институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков «Түркия мен Ресей арасындағы оқиғалар Қазақстанға тікелей әсер етпеуі мүмкін» деп біледі.

– Былтыр Бодрумдағы саммитте Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның ЕАЭО-ға қауымдастырылған мүше болу мүмкіндігі туралы жариялаған. Анкара да мүдделі екендігін білдірген. Енді керісінше ЕАЭО мен Түркия арасындағы сауда режимін жеңілдету туралы келіссөздер тоқтауы ықтимал, – дейді ол.

Әзірше Ресей тарабынан қатаң іс-қимыл болмағанын айтқан Жұмабек Сарабеков «қандай да бір қорытынды жасауға ерте» екенін ескертеді.

Түркияның F-16 ұшағы (үстіңгісі) мен Ресейдің Су-24 ұшағы.

Түркияның F-16 ұшағы (үстіңгісі) мен Ресейдің Су-24 ұшағы.

– Бірақ бұл оқиғадан кейін Сирия мәселесі бойынша ортақ ұстанымға келу қиындап, дағдарысты реттеу біршама ұзап кетуі ғажап емес. Бұл Сириядағы экстремистік топтарға ыңғайлы. Сондықтан Орталық Азия республикалары терроризммен байланысты қауіпсіздік мәселелеріне көбірек назар аударатын болады, – дейді ол.

Жұмабек Сарабеков сириялық оппозиция өкілдерінің қатысуымен Астанада екі рет келіссөз өткізген Қазақстан Ресей мен Түркияны мәмілеге шақыруы үшін биыл өзі төрағалық ететін түркітілдес мемлекеттер ұйымының платформасын да пайдалануы ықтимал деп болжайды.

«Анкара мен Мәскеу дауында Астана ара ағайындық жасауға ұмтылуы мүмкін» деген пікірді Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова да қостайды.

– Ресей президентімен де, Түркия президентімен де жақсы қарым-қатынастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолы да дипломатиялық мәмілегерлік шеберлігін байқап көруіне мүмкіндік бар, – дейді Қазақстанның былтыр басталған Ресей-Украина жанжалында ара ағайын болуға бірнеше рет пейіл білдіргенін еске алған сарапшы.

Ресейдің әскери ұшақтары Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымымен және оппозициялық топтармен соғысып жатқан президент Асадқа қолдау көрсету мақсатында қыркүйектің соңынан бастап ол елдегі операцияларға қатыса бастаған. Ал НАТО-ға мүше Түркия былтырдан бері АҚШ бастаған коалициямен бірге ИМ-ге қарсы операцияларға кірісіп келеді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG